Қазақстан • 13 Қазан, 2020

Нұр-Сұлтанда интернет алаяқтық фактілері көбейген

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Полиция қызметкерлері интернеттегі алаяқтық фактілерінің 35% ашады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Талғат Бөлегенов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Нұр-Сұлтанда интернет алаяқтық фактілері көбейген

"Интернет алаяқтықтыққа қатысты қылмысты ашу оңай емес. Қылмыскер әлемнің кез келген нүктесінде отырып, интернет алаяқтық жасай алады. Қылмысты ашудың қиындығы да осында. Қазіргі уақытта мұндай қылмыс түрін ашу 35%-дан жоғары. Биыл 9 ай ішінде 1300 тұрғын полиция департаментіне интернет-алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы арыз түсірді", дейді Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Талғат Бөлегенов. Оның айтуынша, коронавирус індеті басталған наурыз айынан бері интернеттегі алаяқтық фактілері көбейген.

"Интернет алаяқтық былтырғы жылмен салыстырғанда 15% артып отыр. Елордалық тұрғындардың көбі интернет арқылы сауда жасайды, бұл қылмыс түрінің артуы осыған байланысты болуы мүмкін", дейді ол.

Интернет-алаяқтығына қатысты әр фактіде ақша шетелдік банктердің сәйкестендірілмеген электрондық әмияндарына немесе карта шотына кетеді.

"Біз екінші деңгейлі банктердің бәрімен жұмыс істейміз. Олар бізге банк туралы ақпарат алуға көмектеседі, содан кейін интернет-ресурстардың әкімшілігімен тығыз байланыстамыз", дейді Талғат Бөлегенов.

Кибер қылмыспен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі Саят Дүйсенбаев шетелде отырып интернет алаяқтықпен айналысқан 12-ге жуық жағдай анықталғанын айтты.

"Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде отыратын интернет-алаяқтар өте көп. Шетелде отырып интернет-алаяқтықпен айналысқан 12-ге жуық алаяқты анықтады. Атап айтар болсақ, олар Украина мемлекетінде анықталды. Қазіргі уақытта біз бұл істі ҚР Бас прокуратурасына жолдадық. Одан кейін алаяқтың кім екенін, қай жерде жүргенін анықтау үшін халықаралық жеке тапсырманы Украина мемлекетіне жолдаймыз. Халықаралық жеке тапсырмаларға сүйене отырып қылмыстық істің тергеу амалдары жүргізілуде", дейді ол.