Кеңейтілген Үкімет отырысында Елбасы «жасыл экономика» туралы айтпас бұрын энергия үнемдеудің базалық мәселелерін шешу қажеттігін атап көрсеткен еді. Қазақстанда жылу желілеріндегі шығын 22,1 пайыз, ал Еуроодақта орташа 10 пайызды құрайды. Қазақстандық электр желілерінде шығын 14 пайыз болса, Қытай, Корея, Жапонияда ол небәрі 5 пайыз.
«Мемлекеттік органдар тарапынан энергия үнемдеу мен энергия есептеу мәселелеріне жеткіліксіз деңгейде көңіл бөлінеді. Мәселен, жалпы үйдің жылу есептегіштерімен қамтамасыз етілуі Қарағанды облысында 25,8 пайызды, Батыс Қазақстан облысында 16 пайызды ғана құрайды. Тұрғындар арасында электр энергиясын, жылу мен газды үнемдеу жөнінде пәрменді насихат жүргізілмейді», деген еді Мемлекет басшысы.
Осындай кемшіліктердің Орал қаласындағы коммуналдық шаруашылық қызметтеріне тән екендігін айтқымыз келеді.
*Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
Кеңейтілген Үкімет отырысында Елбасы «жасыл экономика» туралы айтпас бұрын энергия үнемдеудің базалық мәселелерін шешу қажеттігін атап көрсеткен еді. Қазақстанда жылу желілеріндегі шығын 22,1 пайыз, ал Еуроодақта орташа 10 пайызды құрайды. Қазақстандық электр желілерінде шығын 14 пайыз болса, Қытай, Корея, Жапонияда ол небәрі 5 пайыз.
«Мемлекеттік органдар тарапынан энергия үнемдеу мен энергия есептеу мәселелеріне жеткіліксіз деңгейде көңіл бөлінеді. Мәселен, жалпы үйдің жылу есептегіштерімен қамтамасыз етілуі Қарағанды облысында 25,8 пайызды, Батыс Қазақстан облысында 16 пайызды ғана құрайды. Тұрғындар арасында электр энергиясын, жылу мен газды үнемдеу жөнінде пәрменді насихат жүргізілмейді», деген еді Мемлекет басшысы.
Осындай кемшіліктердің Орал қаласындағы коммуналдық шаруашылық қызметтеріне тән екендігін айтқымыз келеді.
Коммуналдық шаруашылық меншіктегі жергілікті және республикалық деңгейдегі кәсіпорындарды бәсекелестік ортаға тарту – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Бұл жөнінде республика Үкіметінің арнайы қаулысы да бар. Әрине, мұндай қадамдар ең алдымен инвесторлық қаражаттардың есебінен белгілі бір кәсіпорынның жай-күйін жақсарту, оның жұмысына жаңаша серпін беру үшін жасалатыны айтпаса да белгілі. Бәсекелестікті реттеу агенттігінің келісіміне сәйкес Орал қалалық әкімдігінің 2012 жылғы 14 маусымы мен 12 шілдедегі қаулылары дәл осындай мақсатта алынған десек, шындықтан алшақ кетпейміз.
Соған сәйкес Орал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, тасымалдап жоюмен айналысып келген арнайы автокәсіпорын таратылып, орнына «ОралТазаСервис» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылды. Бұл жаңа өндірістік құрылым 2012 жылдың 3 қазанында Батыс Қазақстан облыстық әділет департаментінде тіркеуден өткізілген. Мұнда мемлекеттің үлесі 30 пайызды құраса, жеке тұлғаның үлесіне оның негізгі бөлігі, яғни 70 пайызы жатады. Бұл арада жеке тұлға, жеке капитал деп үкілеп, ерекшелеп айтып отырған адамымыз германиялық инвестор Грегори Вайзер мырза болып отыр.
Содан не болды дейсіз ғой? Түйіп айтқанда, шетелдік инвестор қалалық кәсіпорынның қызметін жақсартуға көк тиын қаражат салмаған. Сондай-ақ, жаңа техникалар сатып алып, ескірген автопаркті жаңартуға да басын онша қатыра қоймапты. Мұндайда есіл текке кеткен уақыт-ай демеске лажың жоқ. Мұндай көзқарастың салқыны қала тазалығына кері әсерін тигізді. Тұрмыстық қалдық та жиналмай, тау-тау болып үйіліп қалатын көңілсіз көріністер орын ала бастады. Сөйтіп, жеке инвестор сенімді ақтамаған соң, тағы да сол бәсекелестікті реттеу агенттігінің рұқсатымен «ОралТазаСервисті» биылғы қазан айының басында қайтадан коммуналдық меншік құзырына алуға тура келгенін қайтерсіз.
Әрине, кеткен кісінің артынан тас ату әділеттілікке де, адамгершілікке де жатпайды. Г.Вайзер арнаулы кәсіпорын қызметін жүйелі жүргізу ісінің негізгі жауапкершілігін өзіне ала отырып, неліктен іс-әрекетсіз, қимыл-қарекетсіз қалды? Сонда оның көздегені не? Қазіргі жағдайда шетелдік инвестормен бұл сауалдар төңірегінде үн қатысу мүмкіндігі болмағандықтан, бұл сауалдарға толыққанды жауап қайтару қиын-ақ. Дегенмен, қазақы қара ақыл мен қазіргі қисынға сай тереңірек ой жүгіртіп көрсек, бар қимыл-қозғалысы мен іс-әрекетін таза еуропалық стандарттармен өлшеуге әрекеттенген капитал иесі біздегі көрсетілген қызметке ақы төлеуді қажет деп таба бермейтін, оны сағызша созатын жауапсыздықтан ішін тартып қалған сияқты көрінеді. Тұрғындар мен заңды тұлғалардан жиналмай қалған 71 миллион 210 мың теңге көлеміндегі шығынды жеке капитал өз есебінен жабуға құлықты болмайтыны белгілі емес пе?
Жә, сонымен, болар іс болып, бояуы сіңіп қалған екен. Бұдан әрі арнаулы кәсіпорын қызметін жақсартудың басты жолы қандай болмақ? Біз бұл сауалды Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновке қойған едік. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан құрылған жаңа құрылымға жарғылық капитал көлемі, яғни, мүліктік үлес ретінде анықталған 41 бірлік техника тапсырылған. Өкінішке қарай, бүгінгі күні қоқыстар мен қалдықтар жинайтын он үш бірлік техника пайдалануға жарамсыз болып отыр. Тіпті, ұзақ уақыттан бері жөндеу көрмеген, жүріп келе жатып орта жолда сынып тұрып қалатын ескі техникалар бар екеніне қала тұрғындары куә болып жүр.
Қала басшысының бізге баяндап берген дерегімен тағы бір көңілге түйген жайт – облыс орталығында тұратын 300 мыңға тарта тұрғынның 162 мыңы жарғылық қорын мемлекеттің 100 пайыз үлесі құрайтын серіктестікпен келісімшартқа отырған. Соңғы айлар мен күндерде осы көрсеткішті тағы да он пайызға өсіруге мүмкіндік туып тұр. Бұл осыншама адам, яғни, шамамен алғанда қала тұрғындарының жетпіс пайызға жуығы контейнерге түскен тұрмыстық қалдықтардың жиналып, тасымалданғаны үшін тиісті төлемақысын төлеуге шешім қабылдады деген сөз. Сонда қалғандары ше? Қазіргі кезде істің кедергіге тап болуының, оң жолға түсіп кете алмауының бір сыры осында деуге болады.
Бүгінгі таңда ЖШС-нің қызметі үшін төлем көлемі жеке тұлғалар үшін, яғни, бір айға бір адамға 115 теңге, ал, заңды тұлғалар үшін бір шаршы метр шығарылған қоқысқа шаққанда 1100 теңгені құрайды. Бұл сөз жоқ, өте ыңғайлы, тиімді, қолжетімді баға. Оны бұдан әрі төмендету еш мүмкін емес. Келісімшарт бойынша жеке кәсіпкерлер, базарлар мен мейрамханалар иелері қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтап тасымалдайтын өздерінің контейнерлерін орнатуға міндетті. Солай бола тұрса да олардың дені бұл тәртіпті белден басып, тұрғын үй секторының контейнерлерін толтырып тастап жүр. Бұған жеке тұрғындардың үйлері мен пәтерлерінен шыққан күл-қоқыстар қосылғанда оның бәрі тау-төбе болмағанда қайтеді?
Осындай көріністің бірі Орал қаласының жөндеу зауыты ауданында орналасқан «Өнім» базарында анықталып, мұндай бей-берекетсіздікті дұрыс жолға қою шаралары белгіленген. Әрі оның қайталанбауы үшін меншік нысандары жанына бейнекамералар қою қолға алынған.
Сондай-ақ, бүгінде қала аумағында ескі үлгідегі контейнерлерге қосымша еуростандарттағы су жаңа контейнерлер де пайдаланыла бастады. Оның сыйымдылығы бұрынғыға қарағанда едәуір артық. Сонымен бірге, жаңа үлгідегі контейнерлер қолдануға ыңғайлы. Қоқыс таситын қондырғыларды жауып тұратын қақпағы мен айналып жүретін шағын дөңгелектері де бар.
– Біздің бұл ісіміз бір жағынан отандық өндіріс пен бизнесті қолдауға бағытталған. Айталық, тамыз айында қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы сатылып алынған еуростандарттағы мың дана контейнердің бәрі – отандық өнім. Мұны Орал қаласындағы «Агрореммаш» АҚ ұжымы конструкторлары мен инженер-техник қызметкерлері және бесаспап жұмысшылар шығарған, – деді газет тілшісіне Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Әрине, жоғарыда айтылған бірқатар оң жайттарға қарап, «ОралТазаСервис» ЖШС-нің қызметі төрт аяғынан тік тұрып кеткен екен деп есептеуге мүлдем болмайды. Оның кредиторлық бережағының өзі 88 миллион 694 мың теңгені құрайтыны да алдыңғы тұжырымның айқын айғағы. Соңғы кезде өңірде инфляциялық үдерістердің пайда болып отырғаны да жасырын емес. Мұндай жағдайда кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысын бұрынғы күйінде тұсаулап ұстау – әлеуметтік тұрғыдан кейбір түсініспеушіліктерге әкеліп соқтыруы ғажап емес.
Бүгінгі күндері серіктестікте жеке инвестор Грегори Вайзердің құрылтайшылар құрамынан шығуына байланысты оның жарғылық қорын мемлекеттің жүз пайыздық үлесімен қайта тіркеу жұмыстары аяқталып келеді. Бәсекелестікті реттеу инспекциясының 2013 жылғы 9 қазандағы шешіміне сәйкес «ОралТазаСервис» ЖШС-іне 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау қызметімен айналысуға рұқсат берілген.
Түйіп айтқанда, Орал қаласында орын алған жағдайдан тиісті сабақ пен қорытынды алынуы қажет деп білеміз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.