14 Қараша, 2013

Бас білетін өгізге «өк» дегеннің өзі артық

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында 11 миллиард 20,2 миллион теңге игерілмей қалды

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев бюджеттік қаражатты игеруде орын алған кемшіліктер мен оны игеруде туындаған кейбір мәселелер бойынша кеңес өткізді. Өңір бюджетінің қаржы-қаражаты жоспар бойынша 159 миллиард 324,7 миллион теңге болса, 2013 жылдың 1 қарашасына дейін оның 148 миллиард 304,4 миллион теңгесі (93,1%) игеріліпті. Игерілмеген қаржы көлемі – 11 миллиард 20,2 миллион теңге. Оның ішінде, жергілікті бюджет есебінен игерілмеген ақша 3 миллиард 520,7 миллион теңгені құрайды.

*Президент тапсырмасы қалай орындалуда?

Облыс бюджеті қаражаттары­ның игерілмеген сомаларының 66,9%-ы даму бюджеттік бағдар­ла­малары бойынша жинақталған. Демек, даму бағдарламалары бойынша есепті мерзімге арналған жоспар 78,5%-ға орындалып, 7 миллиард 362,7 миллион теңге сомасындағы қаражат игерілмей қалған. Оның 61,1%-ы немесе 4 миллиард 494,1 миллион теңгесі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бойынша, 9,7%-ы немесе 707,6 миллион теңгесі Тараз қаласы бойынша, 6,2%-ы немесе 454,5 миллион теңгесі Қордай ауданы бойынша, 5,7%-ы немесе 414,2 миллион теңгесі Жамбыл ауданы бойынша, 5,1%-ы немесе 371,5 миллион теңгесі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бойынша қордаланған.

Тақырып ауаны талап пен тәртіп тұрғысында өткен кеңес қорытындысында елдің әлеуметтік жағдайын көтеріп, қала мен даланың ажарын ашу үшін берілген қаржыны уақтылы игере алмаған басшыларға облыс әкімі сөгіс жариялап, ескерту берді. Мысалы, облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Р.Байтелиевке және ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы А.Нұралиевке сөгіс жарияласа, Талас (Д.Рымтаев), Жамбыл (Р.Рысбай) аудандары мен Тараз қаласының (Б.Орынбеков) әкімдеріне ескерту берді. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Ж.Тұяқов пен Қордай ауданының әкімі Н.Календеровтің жауапкершіліктері еңбек демалысынан оралған соң қаралатын болды.

«Бас білетін өгізге «өк» дегеннің өзі артық». Әкімдер мен басшыларға да сөгіс алып, ескерту ести берген жақсы емес. Сондықтан ең абзалы – бөлінген ақшаны дер кезінде игеру. Өйткені, таяқ еттен өтсе, сөз сүйекке жетеді.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

Соңғы жаңалықтар