Астары көп «Ақымақта» айтар ой телегей. Тіпті кинодағы басты кейіпкер, жас сантехник Дмитрий Никитиннің қызыл күртешесінің өзі назар аудартпай қоймайды. Бақандай сегіз жүз (800) тұрғыны бар ескі жатақхана ғимаратының әне-міне құлайын деп тұрған апатты жағдайын көріп қалған байғұс Дима жан ұшырып биікте отырған билік өкілдеріне барады. Әлбетте шырылдаған шаруаның жанайқайын шенеуніктер шыбын шаққан құрлы көріп пе? Олардан қайыр болмаған соң үйді-үйдің есігін қағып, елді қырғыннан құтқарғысы келіп жанталасады. Бір қарағанда қызыл күртешелі Никитин қоғамның қызыл жолағы сияқты. Қайнау шегіне жетіп қопарылғалы тұрған қазандықтардың қақпағы сияқты қып-қызыл.
Оқиға Ресейдің жұпыны бір қаласында өтеді. Жаңа үйленген Дмитрий Никитинді көршілері кешкілік су құбырлары жарылып, соны жөндеп беруін өтінеді. Ақауды анықтап жүріп жас сантехник өздері тұрып жатқан ескі жатақхананың құлауға шақ қалғанын, тіпті осы түннен қалмай сегіз жүз тұрғыны бар көне ғимараттың шаңырағы ортасына түскелі тұрғанын көреді. Қабырға көз алдында жарылып, жағдай шынымен дабыл қағарлық деңгейде болатын. Ал бұл қауіптен әлгі сегіз жүз тағдырдың ешқайсысы әлбетте, бейхабар.
Никитин апаттың алдын алмаққа қаланың әкіміне жөнеледі. Әкім болса өзінің елу жас мерейтойын қымбат бір ресторанда дүркіретіп тойлап жатады. Сантехник шырылдап жүріп, даңғырлаған музыканы әйтеуір дегенде тоқтаттырып, жағдайды хабарлайды. Жағдайдан толық хабардар болған шенеуніктер өздерінің жаттанды қимыл-қозғалыстарына көшкендей болады. Шараптың буы бар, тойдың бұзылған шырқына деген ашу бар, қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты әртүрлі сала басшылары бір-бірін кінәлап, кімнің қай ақшаны не үшін жегенін «ақымақ» Диманың алдында ақтарып салады. Дегенмен әкім әйел Галаганова сегіз жүз тұрғынды эвакуациялауға ниет танытады. Алайда құрылыс компаниясының басшысы бар, басқасы бар, апат болған жағдайда кінәні басқа жаққа аудара салуды ұйғарады. Біздің тілмен айтқанда бір-екі департамент басшысына барлық жаланы іліп қоя береді. Қоя бере салмай, қашып кетті деп аулаққа апарып бұл дүниемен қош айтыстырады. Никитинге де қарасын батыру керек-тұғын...
Алайда ол қашып кетуді өзіне ар санап, бүкіл тұрғынды түнімен жүріп далаға шығарады. Тіпті ашу үстінде, жиналып ішіп отырған бірер жігітке қатты-қатты сөздер де айтып қалады. Небір көріністерге тап болады: әйелін тепкілеп жатқан маскүнемдер, инеге отырып жатқан нашақорлар, түсініксіз әндер тыңдап жатқан жастар, қысқасы Ресейдің кішігірім макеті құлағалы тұрған ескі ғимарат. Иә, шынымен де жатақхана – Ресей. Жатақхана тұрғындары – әбден азап шеккен халық, қала шенеуніктері – біз бәріміз таңдаған үкімет.
Не керек, қылдың ұшында тұрған тағдырлар аман-есен таңға ілігеді. Бәрі шу-шу етіп есік алдында тұрады. Қара терге түсіп Никитин де соңғы тұрғындарды шығарып бітеді. Әрі қарай не болды деп ойлайсыз? Адамзатты апаттан аман алып қалған Никитин бе? Қаһарман Никитин бе? Елдің қамын ойлап қара басын қатерге тіккен Никитин бе? Жоқ, тіпті де олай емес!.. Ол елдің бәрін дүрліктіріп, тып-тыныш жатқан үйдің берекесін алған бүлікшіл оңбағанның нағыз өзі болатын!..
Араққа қызып алған бір жігіт осылай деп Никитинді ішке тепкілей бастайды. Қалған топ қарап қалсын ба, олар да бейшара сантехникті төмпештеуге кірісіп кетеді. Есік алдында өлімші болып Дима соңында жалғыз қалады. Тұрғындар болса бәрі улап-шулап жатақханаларына қайта кіріп бара жатады...
Жарылған қабырға – екіге жарылған пікірлер. Жарылған қабырға қарапайым халық пен биліктің арасы құсап ашылған үстіне ашылып барады. Алайда осы олқылықты көрсеткісі келген Никитиннің жағдайы әлгіндегідей. Жалпы қайтпек керек? Ресейлік режиссер осы мәселеге «ақымақ» Никитин болып барғысы келеді.
Никитин кім? Федор Достоевскийдің «Нақұрысындағы» князь Мышкин ба, өртеніп жатқан Мәскеуіне қолынан келер қайран жоқ, көзі жасаурай қарап тұратын Толстой кейіпкері граф Безухов па? Біздіңше, бұл тіпті жаңа кейіпкер сияқты.
Фильмде ғажап бір эпизод бар. Әйелі мен баласын шыңғыртып сабап жатқан маскүнем еркекті алып кетуге келген тәртіп сақшыларына әйелі: «Әкетпеңдер, ертең жұмысына баруы керек», деп алып қалады. Өз қолыңды өзің қалай кесесің? Быковтың басқа Ресейі, басқа Мәскеуі, басқа Петербургі жоқ. Осы тар маңдайға нені жазды, соны көреді. Өз Отаныңды түрмеге тоғытқанмен саған басқа Отан бақыт жолын ұсына қоя ма? Бүгінгі жастардың көзімен қарасақ, бұл жатақхана үй ме, жоқ әлдеқашан үйіндіге айналған ескі көзқарас па? Мәселеге осы ракурстан да қарау керек.
Екі түрлі тап, екі түрлі қоғам. Быков картиналарының кез келгені алып Титаниктің жоғарғы қабатындағы ақсүйектердің балы мен төменгі қабатындағы қара шаруалардың шулы кабагы сияқты екі желі қатар өріледі.
Бір қарағанда Быковтың бұл жатақханасы қабырғалары қаусаған кәрі ғимарат емес, жып-жылтыр айна сияқты. Орыс қоғамының дәл қазіргі бет-бейнесін боямасыз бедерлеп беретін кәдуілгі ақиқаттың алып айнасы.
Айтпақшы Ю.Быков аталған картинасын белгілі режиссер Алексей Балабановқа арнайды. Оның түпкі мәнін де түсінетіндейміз. Быковтың кейіпкерлері де Балабановтың кейіпкерлеріндей мүлгіген орыс қоғамының ішіндегі шыңғырған шындықты бүркемелемей шынайы сомдайды. Бұл режиссер де сонау тоқсаныншы жылдардың тоқыраған топанын «Аға» бәлкім «Бауыр» («Брат») фильмінде алдымызға төгіп салғаны есімізде. Орыстардың боямасыз болмысы осынау қос суреткердің қойылымдарында қойыртпақтанбай нақты көрініс табады.
Осылармен қатар орыс қоғамының іріп-шіріп, құлап, қирап, бүлініп бара жатқанын Петр Бусловтың «Бумерінен» де анық байқауға болады. Ю.Быковтың штативінде шаңырағы ортасына түсейін деп ескі жатақхана шайқалып тұрса, П.Бусловтың объективіндегі оқиға қымбат шетелдік автокөліктің маңайында өрбиді. Жалпы BMW автокөлігін бүгінгі қоғам бұзақылықпен байланысты қабылдайды. Орыстар да қылмыс әлемінің серкелерін сомдағанда міндетті түрде осынау көлікке мінгізеді. Аталған фильмде де қаншама кикілжіңдер, бопсалаулар, әлімжеттіктер, жемқорлық, достық, сатқындық бәрі-бәрі Бусловтың «Бумеріне» тығылады. Әлдебір байдың есік алдынан қолды болған көлік әуелде су жаңа болатын. Уақытпен бірге тозып, адамдардың бір-біріне деген қастығы, әртүрлі қоғамдық көзқарастардың соғысы «Бумердің» быт-шытын шығарады. Кейде біздің де қоғам сол Бусловтың «Бумерінде» кетіп бара жатқандай көрінеді. Жә, бұл тақырып өз алдына жеке әңгіме.
Быковтың басқа фильмдерін де қарауға болады. Жап-жас режиссер жараға тұз себудің кәнігі шебері. Ұлт мінезін ұғынықты тілмен шебер жеткізеді. Әртістерді де таңдауда көп әуреге түспейтін сияқты.
Бірақ бұл картинадан бір нәрсені ұққанымыз дұрыс: Быковтың «Ақымағында» басты кейіпкер жоқ.
Бәрі басты кейіпкер.
Жатақхана да басты кейіпкер. Жаны бар, айтары бар, қылмысы бар, ғұмыр-тарихы бар, ұяты да бар.