Суретші шығармашылығындағы ұлы даланың жұмбаққа толы сәулелі шақтары жалғасқан оқиғалар тізбегінде жеткізіліп жатады. Қонақтарды қарсы алу алдындағы абыр-сабыр жүгіріс, домбыраның шанағынан төгілген қоңыр шаттық, тыныштық құшағында бесігін тербеткен ана, тепкіден шыққан киізді білекпен жентектеуге кіріскен әйелдер бейнесі күнделікті өмір жайында нәзік сыр шертеді. Көне тарих қойнауына сілтей отырып жазылған тақырыптық топтамалар бір сәтте жалықтырған емес, керісінше қонақжай кеңпейіл құшағына тарта түседі.
Нелли Бубэ шығармашылығындағы маңызды кезең – Ұлы Жібек жолының тарихы. Дала жұртының тұрмыс-тіршілігін көңіл пернесімен зерделеген суретшінің бай қиялы мен көркемдік танымы қат қабат өріліп, «Ұлы Жібек жолы» атты үлкен панорамада көрініс тапты. Оның бұл тақырыпты індете зерттеп, үндеуі әсте кездейсоқтық емес. Өйткені дәл осы Ұлы Жібек жолы адамзат өркениеті өрістеген алып сілем болды. Ішкі қуат тегеурінін жарқыратып көрсеткен суретші кескіндемені, графиканы, коллаж әдісін араластыра отырып, өзіне ғана тән жаңа техника жасап шығарды. Аңызақ дала, құмдауыт шөл, күн шапағы, әр алуан жер бедері Неллидің қабылдауында алтын түске ие, сондықтан да болар шұғылалы сипат оның жұмыстарының басым гаммасына айалды.
– Бәлкім, дала, скиф тақырыбы бәз біреулер үшін тым жаттанды да болып көрінер. Бірақ әлемдегі керемет музыкалардың бәрі тек жеті нота төңірегінде ғана дүниеге келмей ме? Көшпенділердің әрбір нотасында тарих шежіресі тұнып тұр. Қарапайым ғана балбалдарды алыңыз. Мен қазақ даласындағы балбал тастарға тек қана Мысыр пирамидалары ғана балама болады деп айтар едім. Тарихтың терең қалтарысында қалған дала жырына XX-XXI ғасыр көзімен қарауға тырыстым. Коллаж техникасын пайдалана отырып, өзіміз өмір сүріп отырған дәуір тілімен сөйлеткім келді. Батыстың, оның ішінде Еуропаның ішкі жан дүниесі, рухани байлығы сарқыла бастағандай, – дейді суретші басылымға берген ертеректегі сұхбатында (Егемен Қазақстан, 2007, 27 маусым). «Ұлы Жібек жолы» панорамалық композициялары болсын, өзге де «Қазақ қолөнершілері», «Көшпенділер әлемі», «Дала Мадонналары» сынды қайталанбас картиналарында ою-өрнек маңызды рөл атқарады. Белгілі бір заңдылыққа сүйене отырып салынған ою-өрнек кез келген сәндік мотивтерде жақсы хабар жеткізуші мазмұнға ие.
Нелли Бубэнің соңғы жылдары салынған «Қазақстан петроглифтері» атты шағын сериялы жұмыстары жан жылуы сіңген туындылар деуге болғандай. Жартастағы суреттерге жан бітірген автор уақытты кері бұрып, ақыл-ой елегі арқылы ғасырлар түнегіне жарық түсіреді. Дүние жүзінде теңдесі жоқ тасқа қашалған Тамғалы петроглифтерінің табиғатын шебер бейнелей отырып, символикалық үйлесімді кеңістік жасайды. Мифтік танымдағы қасиетті жан-жануар бейнесі қиюы келіскен өрнектер арқылы өтеді. Мәңгіліктің, шексіздіктің, үздіксіз қозғалыстың өрнегін автор жан-жүрегімен сезінеді.
«Қазіргі кезде дәстүрді сақтау жайында көп айтылып жүр. Мен үшін дәстүр деген жүз жыл бұрынғы заңдардың жиынтығы емес, яғни көліктен түйеге міну немесе киіз үйге оралу емес. Бұл адамдарға және табиғатқа деген қарым-қатынас қағидаларында жатыр, мұны ауылдың да, қаланың да өмірінен байқауға болады», деген суретшінің авторлық ұстанымынан бейбіт теңдік ұғымы анық көрінеді. Суреткердің белгілі бір аймаққа, дінге бұра тартпаған, жалпы адамзаттық мәнге ие көзқарастары жарқын бояуларға толы кенеп бетінде еркін сырғиды.
Нелли Бубэ шығармаларының бірсыпырасы АҚШ, Кипр, Германия, Аустралия,Чилидегі көрме залдарында, жеке коллекцияда сақталған. Ал «Қазақтың киіз үйі» атты картинасы Парижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінің төрінде тұр. Қазір Алматыда тұратын суретші қазақ мәдениеті мен тарихын зерттеуді жалғастыра отырып, жаңа тұжырымдарын іске асыруда.