«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерттің айтуынша, HoReCа секторында айтарлықтай қиын жағдай орын алған.
«Рестораторлардың деректері бойынша мейрамханалардың 20%-ы қызметкерлердің 30-40%-ын қысқартуға мәжбүр. Ашық кеңістікте жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласында мейрамханалар мен дәмханалардың жалпы көлемінен 5%-ына жұмыс істеуге мүмкіндік жасалды. Қалғандары жұмысты тоқтатып, еріксіз персоналды қысқартып жатыр», деді Е.Больгерт.
Ұлттық палатаның мүшесі кинотеатрларға байланысты жағдайға жекелей тоқталып, олардың қызметті қайта бастай алмай жатқанын жеткізді. Кездесуде кинотеатрлар, сауда және ойын-сауық орталықтарының, әсіресе демалыс күндері жұмыс істеу мәселесі бірнеше рет көтерілді.
Кәсіпкерлер, жалға берушілер және жалға алушылар сауда орталықтары аумағында жұмысты қайта бастауға, соның ішінде демалыс күндері қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға күш салуға дайын екендерін айтты.
Сол секілді салық салу – кәсіпкерліктегі маңызды мәселелердің бірі. Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексін қайта қарау, сондай-ақ барынша түсінікті заңнама құруды тапсырған еді. Кәсіпкерлер кез келген іскер азаматқа түсінікті, шағын және орта бизнеске арналған жекелеген Салық кодексін әзірлеуді ұсынды.
«Біздің ұстанымымыз – қарапайым микроқаржыландыру жүйесін дамыту. Алаңдаудың қажеті жоқ. Жұмыссыздар мен ауыл тұрғындарына серпін беріп, кәсіп жүргізуге үйрету керек. 3-5 жылдан кейін олар банк клиенттеріне айналып, бизнес-жоспарлар жасайды. Бизнес жүргізудің, нормаларды сақтаудың талаптарына қанығады», деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
Жиын барысында несиелеу мәселесі де көтерілді. Қазір бизнес өкілдерінде қаражат айналымы жеткіліксіз. Әсіресе бұл мәселе сауда, қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану салаларында анық байқалып жатыр. Себебі кәсіпкерлердің басым бөлігі карантин мен локдаун кезінде жұмысын тоқтатты.