14 Қараша, 2013

Жұмбаққа толы Жапония

552 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Үйрене алсақ үлгісі көп

Жезқазған қаласындағы №8 қазақ гимназиясынан түлеп ұшқаннан соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін таңдадым. Іргелі білім ордасында Жапония елінің тарихы, саясаты, мәдениеті мен тілін екі жыл оқыдым. Одан әрі қарай білімімді Жапонияда жалғастыру мүмкіндігін қарастырдым. Жапонияны өз көзімен көру әрбір жапонтанушының арма­ны ғой. Екінші курсты бітіргеннен соң, бағымды, бабымды сынайын деп Халықаралық бағдарламалар орталығына тиісті құжаттарымды өткізіп, емтихан тапсырдым. Нәтижесінде Президенттің «Болашақ» стипендиясының иегері атандым.

Қазір Токио қаласындағы Токай универ­ситетінде оқимын. 3-ші курс студентімін. Оқу үрдісінің барлығы жапон тілінде өтеді. Ма­ман­дығым қоршаған ортаны қорғау деп аталады. Осы салада жапон халқынан үйренеріміз көп.

Себебі, Жапонияда табиғатты ерекше аялайды. Озық технология елі табиғатпен үндестікті таба білген. Токио әлемдегі ең үлкен мегаполистің бірі.

Үйрене алсақ үлгісі көп

Жезқазған қаласындағы №8 қазақ гимназиясынан түлеп ұшқаннан соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін таңдадым. Іргелі білім ордасында Жапония елінің тарихы, саясаты, мәдениеті мен тілін екі жыл оқыдым. Одан әрі қарай білімімді Жапонияда жалғастыру мүмкіндігін қарастырдым. Жапонияны өз көзімен көру әрбір жапонтанушының арма­ны ғой. Екінші курсты бітіргеннен соң, бағымды, бабымды сынайын деп Халықаралық бағдарламалар орталығына тиісті құжаттарымды өткізіп, емтихан тапсырдым. Нәтижесінде Президенттің «Болашақ» стипендиясының иегері атандым.

Қазір Токио қаласындағы Токай универ­ситетінде оқимын. 3-ші курс студентімін. Оқу үрдісінің барлығы жапон тілінде өтеді. Ма­ман­дығым қоршаған ортаны қорғау деп аталады. Осы салада жапон халқынан үйренеріміз көп.

Себебі, Жапонияда табиғатты ерекше аялайды. Озық технология елі табиғатпен үндестікті таба білген. Токио әлемдегі ең үлкен мегаполистің бірі. Қазақстан халқының санымен бірдей халқы бар бұл қаланың ауасы таза, көшелері де келісті. Екі миллиондай халқы бар Алматыны көк түтін мен улы газ көмкеріп тұрғаны мені ойға қалдыра береді.

Жапонияға барысымен алдымен тілдік курс­та оқыдым. Менде тілдік база бар еді. Бірақ техникалық мамандықты таңдағандықтан, терминология, т.с.с игеріп, жоғары оқу орнына түсу үшін емтиханға дайындады. Университеттегі алғашқы екі жыл, жалпы білім беру негізінде өтті. Қоршаған орта, оның қазіргі проблемалары, Жапония және басқа елдердегі жағдай туралы ақпарат берілді. Экология өте кең ұғым болғандықтан, біздің кафедрада бірнеше зертхана бар. Онда климаттың өзгеруі, жалпы, жаһандық жылу үрдісі, өсімдіктер мен жануарлар, ауа, су, жер ластануы, агрономия, генетика, биохимия; экологиялық тәрбие сияқты сан түрлі сала зерттеледі. Мен Қазақстанда қолданысқа ие бола алатындай бағытты таңдағым келді. Сөйтіп, қазір баламалы энергия түрлері мен қалдықтарды өңдеу саласына қызығушылық танытып жүрмін. Мысалы, Жапонияда тұрғын үйлердің шатырында күн сәулесін энергия көзіне айналдыратын панельдер орнатылған. Әр отбасы өзіне қажетті энергияның көзін өндіріп, қалғанын үкіметке сату мүмкіндігі бар. Осыдан екі жыл бұрын онда үлкен табиғи апат болды. Елде энергия тапшылығы проблемаға айналды. Сондықтан баламалы энергия ең дұрыс жол болып санала бастады. Бұл тәсіл бойынша көмірқышқыл газы бөлінбейді. Жаһандық жылу үрдісіне жол берілмейді, ауа ластанбайды.

Сонымен қатар, маған ерекше әсер еткен нәрсе тұрмыстық қалдықты сұрыптау және қайта өңдеу жүйесі. Әр отбасы күнделікті тұрмыста шыққан қалдық, қоқысты өздері сұрыптайды. Ол жанатын, жанбайтын, қайта өңдеуге келетін, тағы басқа түрлерге бөлініп, әр қоқыс белгіленген күні сыртқа шығарылады. Мысалы, дүйсенбі – жанбайтын қоқыс тас­тайтын күн. Бұл күні сіз үйіңізден тек плас­тиктен жасалған заттарды тастай аласыз. Ал, басқа қағаз, тағам қалдықтарын сыртқа шығара алмайсыз. Қоқыс бірыңғай пластик болғандықтан, оны бірден өңдеуге болады деген сөз. Ең маңыздысы, қарапайым халық осыған бейімделген. Азаматтар қоқысты сұрыптап тастау керек екендігін біледі әрі талапты бұлжытпай орындайды. Ал бізде, өкінішке қарай, сұрыптау түгілі, қоқысты жәшігіне тастау былай тұрсын, қаға беріске лақтыра салуға бейім тұрамыз.

Жапонияда білім беру жүйесі де ерекше. Жапондар теориядан гөрі тәжірибеге көп көңіл бөледі. Барлығын іс жүзінде істеп, өз көзіңмен көргенің жадыңда жақсы сақталады. Қабылдауға оңай, түсінікті. Түрлі эксперименттер болады. Сабақ деп аудиторияда қамалып отырмайсың. Тауға да шығасың, теңіз жағалауына да барасың. Сөйтіп, сондағы тіршілікпен жақынырақ танысасың. Мысалы, Хоккайдо деген солтүстік аралға апарды. Барлығын университет ұйымдастырды. Сол аймақтың ерекшелігімен, табиғатымен танысып, аймақта қандай экологиялық проблема бар, оны шешу үшін не істеу керек екені туралы жобалар дайындадық. Оқу үрдісі әрі қызықты, әрі пайдалы.

Жапония дамыған ел. Біз дамушы елміз. Экономикадан бастап, әлеуметтік, ғылым, технология салаларында баяулап қалғанымыз көзге бірден түседі. Жапонияда барлығы адам үшін жасалған. «Тіршіліктің бәрі – адамның өмір сүруіне ыңғайлы болу керек» дейді. Бұл керемет емес пе?!

Барлығы қарапайым заттардан бастала­тындықтан, сол күнделікті ұғымдарға тоқталғым келеді. Көпшілік жерде кезекте тұрғанда ешкім «кім соңы, алдыңда, артыңда кім бар, мен оны көрдім, көрмедім» деген артық сөз, айқай-шу шығарып, бірін-бірі итермелемейді. Үндемей ғана келіп, соңына тұра салады. Қызмет көрсету ісі өте жоғары деңгейде. Барлығы сыпайы, тәртіпті. Тұтынушының көңілінен шығу үшін барын салады. Риза болмай қайту мүмкін емес. Ал бізде өкінішке орай, бізде «үй» деген түсінік жоқ. Ең алдымен, жапондарша айтсақ, Қазақ елі ол біздің үй. Сіз үйде кез келген жерге түкіріп, қоқысты тастап, маңайыңыздағылармен ұрысып жүрмейсіз ғой?!

Жапонтанушы боламын деп, жапондар туралы білемін деп ойлайтынмын. Жапонияға келгенде, басқа ғаламшарға келгендей болдым.

Олардың ойлауы да басқаша. Топтық, ұжымдық ойлауға негізделген. Олар әрдайым өзінен гөрі елдің мүддесін жоғары қояды. «Мен» деп өзін басты рөлге қоймайды. Көзбояушылық та жоқ. Мысалы, сабақ барысында топтық жұмыс болады. Кім топ басшысы деп профессор сұраса, ешкім мен деп қол көтермейді. Ешкім лидер МЕН боламын деп талпынбайды. Барлығы бірдей болу керек деп есептейді.

Жапондар еңбекқор халық. Әрбір істі басынан аяғына дейін ұсақ-түйегін ескеріп жасайды. Алдын ала барлығын жоспармен жасайды. Күн тәртіптері өте қарбалас өтеді. Бір тыным таппайды. Үнемі қозғалыс үстінде. Сабаққа барады, одан кейін қосымша үйірмесі бар, тағы да жұмыс істейді. Жапон студенттері арасында қосымша жұмыс істеу кең тараған. Оларда барлық оқу ақылы түрде. Сондықтан өзінің жеке мұқтаждарына қаржыны өздері табуға тырысады. Қашан сұрасаң да, қолдары бос емес. Жапондық достарыңмен бір жерге жиналу үшін бір ай бұрын жоспар кітапшасына жазылуың керек. Мұғалім қандай да бір хабарлама айтатын болса, барлығы сөмкелерінен бір-бір жазба кітапшасын алып, соған жазып қояды.

Бізге олардан еңбекқорлық, әрбір іске жауапкершілікпен қарауды, тәртіп деген қасиеттерді үйренуге болатын шығар. Тәртіп демекші, Жапония әлемдегі ең қауіпсіз елдің бірі. Мұнда сіз метрода ұйықтап қалсаңыз да болады. Ешкім сіздің ұялы телефоныңызды, әмияныңызды ұрлап алып кетпейді. Керісінше, жоғалған затыңыз өзі-ақ сізді «тауып алады». Әрбір қоғамдық жерде жоғалған заттар орталығы болады. Сіз байқамай түсіріп алсаңыз, оны бір жапондық кісі тауып алса, сол жерге өткізеді. Өзім бір рет ұялы телефонымды жоғалтып алдым. Әкеліп берді. Досым әмиянын жоғалтқан. Ол да қайтарып алды. Ішіндегі ақшасы да, құжаттары да орнында. Ал бізде қалтаңнан қағып кетеді.

Әр елге тән ерекшелік, оның геогра­фиялық орналасқан жерімен тығыз байланысты екен. Қазақстан ұлан-байтақ. Сон­дықтан халқымыздың бойында кең даланың дархандығы бар. Біз – қонақжай, ашық, көңіліміз кең халықпыз. Ал жапондар оқшауланған аралдың халқы. Сондықтан тұйық, ашық емес. Өзгелермен тіл табысуы да қиын. Өзің барып танысып, білісіп, сұрастырмасаң, олар саған жақындай бермейді.

Жапонияға келіп алғаш кездескен проблема адамдардың қарым-қатынасына қатысты болады. Техникалық прогресс ортасында өскен адамдар бір-бірімен тек ұялы телефон хабарламалары, интернет арқылы ғана араласады. Танымайтын адамдар көшеде бір-бірімен сөйлеспейді.

Басымнан бір оқиға өткен болатын. Бір рет қала ішінен байланыс бөлімшесін іздедім. Токиода әрбір көшеде карта, нұсқаулар болады. Бірақ мен адасып кетіппін. Жапонияда сіз біреуден бір нәрсе сұрасаңыз, ол адамның уақытын алып, кедергі жасайсыз делінеді. Себебі, сұраған адамға көмектесу міндет, ол жауапкершілік. Сондықтан қолы бос деп саналатын үлкен ата-әжелерден сұрағаның жөн. Бір ападан «Байланыс бөлімшесі қайда, екен?» деп сұрап едім, ол кісі қуанып кетті де, мені ертіп апарамын дейді. Ал мен жоқ, айтсаңыз болды, өзім тауып аламын дегеніме қарамастан көш жерге менімен бірге еріп барды. Жол бойы әңгіме де қозғады. «Қазіргі жастар ешкіммен сөйлеспейді», деп мұңын да шағып, сыр ақтарды. Үлкен кісінің сөйлесер серігі де жоқ па деп қалдым.

Жапон жастары дамыған елде туып-өскен соң ба, өздерінің қолындағы алтынның қадірін білмейтін сияқты. Олар дайын асқа тік қасық болып туған ұрпақтай көрінеді. Керісінше, алдыңғы толқыны қазіргі Жапонияны жаса­ғандар. Қазіргі жастардың бойындағы немқұрайлылықты түсіне алмадым. Бір жақсылықтың бір кемшілігі осы болар. Олар ештеңеге қызықпайды. Тіпті, шетелге шығуға ұмтылмайды. Жапониядан басқа әлемде қауіпті, қорқынышты дейді.

Керісінше, біздің жастар үнемі ізденіс, ұмтылыс үстінде деп ойлаймын. Өз ортама байланысты айтсам, достарым ел, жер көргісі келеді. Жан-жақты болғысы келеді. Мен оқығысы келетін, талабы мен таланты бар адам шетелде білім алғысы келсе, өз мақсатына жете алатынына сенемін. Себебі, ондай мүмкіндік мемлекет тарапынан қарастырылған. Соның дәлелі «Болашақ» стипендиясы. Жиырма жыл аралығында бұл бағдарлама ұлы ақын Мағжан Жұмабаев айтқан «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастардың армандарына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Тек, ең бастысы, оқып-тоқығаныңды ел игілігіне қолдануың керек.

Шетелдің аты шетел. Ол жақтағы адам­дардың ойлауы, түсінігі басқаша. Сен үшін жаны ашып, ешкім ішкен асын жерге қоймайды. Сен қаншалықты олардың тілін, ділін меңгерсең де, олар сені өзім деп қабылдамайды. Сондықтан шетелге шығып, ол елді идеялдап алу да қажет емес.

Біздің ел бізден басқа ешкімге керек емес. Біздің елімізге шетелдіктер келіп өз үлестерін қосып жатқанымен, олар біздің Отанымыздың дамуын бәрі бірдей қалайды деп ойламаймын. Бұл Жапонияда оқып жүріп, тайға таңба басқандай анық түсінгенім, нақ түйгенім. Жапонияда алған білімім, алған тәжірибем еліміздегі экологиялық мәсе­ле­лерін шешуге, мемлекетіміздің әлемнің төрт бұрышымен терезесі тең дәрежеде даму жолына ертең пайдасы тисе деген бір арман бар көкейімде.

Сәуле ЖОЛДАЯҚОВА,

Жапониядағы Токай университетінің студенті.

Соңғы жаңалықтар