Әлем • 14 Қазан, 2020

Еуропаның сыртқы саясаттағы ұстанымы

751 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.

Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына екі мақала ұсынып отырмыз. Принстон университетінің биотехника профессоры Питер Сингер өзінің мақаласында Жер-жаһанды әбігерге салған коронавирус пандемиясымен күресу үшін локдаун енгізу қажет пе, жоқ па деген мәселеге назар аударады. Автордың айтуынша, локдаунның әсерінен індетті біршама ауыздықтауға мүмкіндік туды. Алайда табысы төмен отбасылар бірқатар қиындыққа тап келді. Питер Сингер пандемиямен күресті әлі де жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталады.

Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңестің директоры Марк Леонард халықаралық саясат туралы ой қозғайды. Автордың пайымдауынша, қазіргі таңда Еуропалық одақ үлкен таңдаудың алдында тұр. Бір жағынан, Трансатланттық келісімді сақтап қалу мақсатында АҚШ билігінің ығына жығылуды немесе өңірлік қауіпсіздікті сақтау үшін өз мүддесіне беріктік танытуды таңдауы тиіс. М.Леонард қазіргі таңда әлем еуроцентристік көзқарастан бас тартқанын айтады. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуроцентристік көзқарасты сынағаны, оның қазіргі заманғы қажеттіліктерге жауап бермейтінін айтқаны еске түседі. Мұны мақала авторы да мойындайды.

 

Еуропаның сыртқы саясаттағы ұстанымы

БЕРЛИН. COVID-19 індеті әлемнің алпауыт елдерін келемеждегендей болды. АҚШ президенті «Американың ұлылығын қайтарамын» деп уәде етсе де, оның әкімшілігі пандемиямен күрес кезінде ұлылыққа тән ештеңе істей алған жоқ. Қытай президенті Си Цзинпинь «қытайлық арман» туралы жиі айтады. Бірақ оның дағдарысқа қарсы күресу тәсілі авторитарлық жүйеге иек артқандығын көрсетті. Ал көпжақтылық туралы әрдайым сөз қозғайтын еуропалықтар індетпен күресте жаһандық көшбасшыға айналудың орнына шекарасын жауып, мемлекетішілік шешім іздеуге кірісті. 

Негізінде, Еуропадағы ахуал сәл өзгеше, тереңірек үңілу­­ді қа­жет етеді. Әсіресе «қырғиқабақ соғыстан» кейінгі халық­аралық тәртіп жөніндегі, Еуропа­ны темірқазық ретінде көру жос­парының күл-талқаны шықты. Бүгінде Еуропалық одақты фило­­со­­фиялық және геогра­фия­­лық күйзеліс кезіп жүр. Фило­со­фия­­лық тұрғыда қарасақ, еуропа­лық­тар қазіргі дағдарысқа қарсы күре­стегі тиімді тәсіл ереже емес, дөрекі күш екенімен бетпе-бет келіп отыр. Кейінгі үш жылда еуро­­па­лықтар өздерінің негізгі екі сау­да әріптесінің жаһандану көш­­бас­­шысынан бөлінудің қоз­ғау­шы күшіне айналғанын бақылады.

АҚШ та, Қытай да кәдуілгі қару­ды қолданып соғысуды қала­май­­тындықтан, екеуі де жаһан­дық және жергілікті институт­тарды бір-біріне айдап салады. АҚШ кезінде қоғамның игілігі саналып келген қаржылық жүйе, банкаралық ақша аударымы, Дү­­­ние­­­жүзілік сауда ұйымы, Ха­лық­­­аралық қаржы қоры мен ин­тер­­­нет­ке саясатты араластырса, Қытай нарыққа манипуля­ция жа­­­сап, Ба­тыстың басты сала­ла­рын тұн­­­шықтыру мақсатын­да мем­ле­­кет­­тік көмек пен страте­гиялық ин­­вес­­тицияны қолдануға кірісіп кетті.

Географиялық күйзеліс мынада. Қазір жаһандық саясат Еуропа емес, Азияның айналасы­на шо­­ғ­ыр­ланған. «Қырғиқабақ соғыс» кезінде және одан кейін Еу­ро­­па­ның өңірлік тәртібі мен Батыс бастаған жаһандық тәр­тіп бір-бірін толықтырып тұрған­­дай көрінетін. Сондай-ақ Тран­сат­ланттық қоғам мен ортақ құн­ды­лықтар жөнінде нақты сенім болды. Еуропа АҚШ пен Кеңес өкіметінің жарысында алғы шепте тұрды. Еуропаның маңы­зы зор еді. Бірінен кейін бірі ауыс­қан АҚШ-тың президенттері Еуропаның мәселелеріне ұқып­ты­лықпен қарады.

Бірақ Қытай мен АҚШ-тың бәсекелестігі еуропалық пробле­ма­лардан назарды басқаға аударды. Американың Таяу Шығыс­тағы, Шығыс Еуропадағы және Балқан түбегіндегі шиеленіс­терге енжар араласуы бос қалған орынды толтыруға Түркия мен Ресей­дің ұмтылуына әкеліп соқ­ты. Еуропалықтар 1990 жылдары басқа да әлемдік күштер Еуропа­дағы өңірлік қауіпсіздік тәртібін қамтамасыз етуге көмектесіп, НАТО мен ЕО негізгі тірекке ай­на­лады деп пайымдады. Әйтсе де, әсіресе кейінгі он жылда, күшті бір жерге шоғырландыру жөніндегі еуропалықтардың арманы оның жан-жаққа таралып кетуіне қарсы келе алған жоқ.

Осы қос дағдарыс, ережеден күшке көшу және Еуропадан Азияға басымдық берудегі жедел өзгеріс Еуропаның тәр­тіп жөніндегі түсінігін де шай­қап кетті. Бұдан былай еуро­па­лық­тардың өңірлік және жаһан­дық келісімдері өзара бір-бірін толық­тыра алмайды. Керісінше, Батыс­тың қауіпсіздігін қамтама­сыз етуі тиіс еуропалық құқықтық тәртіп қанатын жаюдың орнына, осы екі мәселе бір-біріне қарсы келді.

Сондықтан еуропалықтар үшін «былай тартса арба сынып, былай тартса өгіз өліп тұр». Бір жағынан, олар жаһан­дық қауіпсіздік тәртібін сақтап қалу үшін әлі де АҚШ-тың көме­гіне мұқтаж. Сонымен қатар осы келісімді сақтап қалу үшін еуро­­палықтар өңірлік қорға­ныс­қа өздері жауапты екенін сезініп, Қытаймен бәсеке бары­сында АҚШ-тың қызу қолдауын қажет етеді. Қысқа мерзімде Қытай Трансатланттық әріптес­тік­ті сақ­тап қалуда басты рөл ойнауы мүмкін. Өйткені америка­лық­тардың да, еуропалықтардың да аталған елдегі билік басқа­ратын экономикалық модель мен адам құқығы тапталуына қатысты көз­қарасы өте ұқсас.

Екінші жағынан, Қытай мен АҚШ-тың бәсекелестігі Еуро­паның өңірлік тәртібіне қысым түсі­реді. АҚШ тарапының гео­сая­саттың сахнасына жиі шық­пауы Еуропаға үлкен қауіп төнді­реді. Трамп басшылық жасайтын қазіргі Америка сыртқы сая­сат мәселесінде, тіпті Ирак секіл­ді еуропалық сарбаздар борышын өтеп жүрген мемлекеттер жөнінде де бұрынғыдай Еуропа елдерімен кеңеспейді. Өкініштісі, АҚШ еуроцентристік әлемді не­гіз­ге алып құрылған көптеген инс­ти­туттар мен ережелерді Қытаймен бәсекелесудегі басты кедергі көреді.

Мәселен, Трамп әкімшілігі АҚШ-тың қарулануына кедергі жасайды деген желеумен көптен бері келе жатқан қару-жарақты бақылау жөніндегі көпжақты келісімді бұзып, Қытайдың қалағанын жасауына мүмкіндік беріп отыр. Алдағы айларда Еуропа басшылары осындай келісімдерді сақтап қалу мен АҚШ-пен арадағы қауіпсіздік (қарулануды бақылау), экономика (сауда ережелері), технология (5G, шалаөткізгіш) және климат келіссөздері секілді қарым-қатынасты бұзбаудың біреуін таңдауына тура келуі мүмкін.

АҚШ-та 3 қарашада өтетін пре­зиденттік сайлау Трансат­ланттық қатынаста үлкен маңызға ие. Трамптың жеңісі Еуропаны өз мәселесімен жалғыз қалдырады. Дегенмен Трамп Джо Байденге жеңіліп, Трансатланттық байланыс қалпына келген күннің өзінде, жаңа әкімшіліктің жұмыс­қа кірісуі АҚШ-тың ұзақмерзімді басымдықтарын өзгертіп, Амери­ка қоғамының ұлттық егемендік жөніндегі көзқарасын жеңілдетуі неғайбыл.

Былтыр Франция президенті Эммануэль Макрон НАТО-ның «миы өлгені» туралы даулы пікірін айтқанда, еуропалық көпте­ген басшылар тіс жара қой­майтын қорқынышты – бір­поляр­лы, еуроцентристік, ережеге бағын­ған тәртіптің Қытай, Ресей, Түркия және Трамптың Америкасы атанған төртжақты хаосқа ауысқанын білдірген-тұғын. Мұндай ахуалға бейімделу үшін Еуропаның басшылары геосаясаты тұрақты одақтас пен инс­титуттар басымдық ететін мекен туралы пікірін өзгертуі тиіс. Еуропалық одақ құндылықтары мен мүдделерін қорғап қалу үшін олар өңірлік қауіпсіздікті қорғау мақсатында дипломатиялық жауапкершілікке көбірек ден қойып, Ресеймен, Түркиямен арадағы келіссөздерге абай болуы керек.

Жаңа стратегияны қабылдау барысында Еуропалық одақ әс­кери жоспарлауды естен шығар­мауы тиіс. Тіпті сыртқы саясат­тағы күш негізінен сауда, тех­нология және тәртіпті қол­дануға басымдық берілсе де. Мәсе­лен, Германияның қорға­ныс­қа бөлетін қаражатын ішкі жал­пы өнімнің 2 пайызынан арттырудың орнына, Еуропалық одақ неміс­терден экономиканың қалған 98 пайызын сауда мен басқа са­ла­лардағы еуропалық мүд­дені сақ­тауға ар­науын сұрағаны жөн.

 

Марк ЛЕОНАРД,

Халықаралық қатынастар жөніндегі еуропалық кеңестің директоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org