Құс тұмауына қатысты бұл келеңсіз жағдайдың жай-жапсарын Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов кеңінен айтып берді. Оның айтуынша, 11 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында жеке аулаларда 22 бас құс өлімі тіркелді. Еліміздің өзге өңірлерінде құс өлімі тіркелмеген.
Қыркүйек айының ортасынан бастап еліміздің 7 облысының 78 елді мекенінде карантин енгізілген. Бұл ретте Ақтөбе және Түркістан облыстарында, Шымкентте, сондай-ақ Ақмола облысының үш ауданында, Жамбыл облысының екі ауданында, Қызылорда облысының бір ауданында және Солтүстік Қазақстан облысының екі ауданында құс тұмауы расталмады. Жалпы, өткен айдан бастап жеке қосалқы шаруашылықтарда жоғары патогенді құс тұмауын жұқтырудың салдарынан 25 мыңға жуық құс өлімі тіркелді. Сонымен қатар инфекция ошақтарынан 20 177 бас құс тәркіленді. Осылайша қазіргі уақытта барлығы жеке қосалқы шаруашылықтағы 45 110 бас құсқа, оның ішінде 27 393 бас тауық, 777 күркетауық, 10 141 қаз, 6 799 бас үйрек үшін өтемақы беріледі.
Қазақстанда жоғарғы патогенді құс тұмауының одан әрі таралуына қарсы тиімді шаралардың бірі – зардап шеккен аймақтарда және жабайы құстардың ұшу бағыты бойынша құстарды жедел әрі жаппай вакциналау. 2020 жылғы жоспар бойынша ақпан айында құс тұмауына қарсы вакциналауға шамамен 3,4 млн доза бөлінді. Қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облысында құстардың жаппай қырылуы басталған кезде індет табылған ошақтарды оқшаулау үшін қосымша 2,3 млн доза, содан кейін тағы 2 млн доза бөлінген болатын. Осылайша мәжбүрлі вакциналау аясында еліміздің 3 261 елді мекенінде 2,8 млн-нан аса құс басы құс тұмауына қарсы егілді. Бүгінде вакциналау Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында толығымен аяқталды.
Сондай-ақ ведомство өкілі әлемдегі құс тұмауы бойынша эпидемиялық жағдай шиеленісе түскенін айтты. 2020 жылдың қыркүйегінде әлемнің 26 елінде жоғары патогенді құс тұмауы анықталды. Мысалы, көрші Ресей Федерациясында бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтарда және бір құс фабрикасында 1,5 млн-нан аса құстың қырылуы тіркелген.
«Құс фабрикаларындағы құс өлімі толығымен тоқтады. «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС-інде бір айда құс тұмауынан 184 621 құс қырылды. Барлық залал үшін өтемақы беріледі. «Агроинтерптица» ЖШС-інде 391 мыңнан аса бас өлді. Оның ішінде желдетудің болмауы салдарынан асфиксиядан 256 040 құс қырылды, оның өтемі болмайды. Құс тұмауынан 135 384 бас құс қырылды. Тағы 41 642 бас тәркіленіп, жойылды. Осылайша, екі құс фабрикасына 361 647 бас құс үшін өтемақы беріледі», деді Т.Қабдолданов.
Бұл ретте мамандар өтемақы алу үшін құсты қасақана жою туралы күдікті жоққа шығарды. Желдету вирустың одан әрі таралуына жол бермеу үшін өшірілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық, фитосанитарлық және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Гүлжан Нұртазинаның айтуынша, 64 құс фабрикасының тек екеуінде құс тұмауы мен құс өлімі тіркелді. Олардың жұмыртқа өндірісінің жалпы көлеміне қосқан үлесі шамамен 5%-ды құрайды.
«Егер Ресей Федерациясында шығын 1,5 млн аса бас құсты құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 2,5 есеге аз. Біз құс саны туралы айтып отырмыз, жұмыртқа өнімдері есепке алынбайды. Тұрақтандыру қорларының мәліметі бойынша 1 айлық құс шаруашылығы өнімінің қоры бар. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан баға белгілеудің шекті рұқсат етілген көлеміне бақылау жүргізілуде. Сондықтан бұл тұрғыдан алып қарағанда бізде Ресейдегіден шығын аз», деді маман.