Табиғат ананы аяусыз ластағанымызбен қоймай, қоқыстың шашылып жатқанын айтып, басшылық тарапты кінәлайтынымыз тағы бар. Бір жағынан қоқыс контейнерін қоймағандықтан кінәлі де шығар, алайда Жапониядағыдай әркім өз қоқысын өзі алып кетсе ешқандай мәселе туындамайтын еді. Иә, баршамызға алдымен жоғары деңгейдегі мәдениет пен сана керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халықына Жолдауында «Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн» деген болатын.
Жуықта ғана экологиялық қауіпсіздік орталығының өкілдері, облыстық қоғамдық кеңестің сараптамалық жұмыс топтары, еріктілер қозғалысының мүшелері Дұбығалы көлінің жағасын қоқыстан тазартты. Жаздай шашылған қалдықтарды қапқа қаптап, тиісті орынға жеткізді. Еріктілер бір күнде 200 қаптай қоқыс шығарған екен. Тазаланбағаны қаншама?!
Табиғат жанашырлары қолдау білдірген акцияның басты мақсаты – табиғатқа деген адамзаттың махаббатын ояту, қоршаған ортаны, өзен-көлдерді ластамауға үндеу еді. Рас, дөңгеленген дүние бүгінмен тоқтап қалмайды. Келе жатқан келешек ұрпақ бар. Бүгін шашылған қоқыстан ертең солар зиян шегіп жатпасына кім кепіл?!
– Біріншіден, табиғатқа обал. Екіншіден, адамдардың сана-сезіміне таңғаламын. Олар биыл келіп демалса, келесі жылы тағы келеді. Әрқайсысының астында бір-бір көлік. Сонда қаптарын ала келіп, қоқыстарын салып ала кету қиын ба?! Жағалаудың тап-таза болып тұрғаны өздеріне жақсы емес пе?! Ал олар ертеңін ойламайды, – дейді акцияға қатысушы Дмитрий Корешков.
Сондай-ақ тазалық акциясын ұйымдастырушылардың пікірінше, заңды түрде әр ұжым, студенттер мен мектеп оқушылары жылына бір рет белгіленген орындарды тазалап отырса қоршаған орта мұншалықты ластанбас еді. Ал олар өз қолдарымен тазалаған жерге екінші рет қоқыс тастай қоймайды. Сонымен қатар жағалауды ластаған азаматтарға айыппұл мөлшерін көбейтіп, қадағалауды күшейту керек деседі.
Енді ойлап қарайық, бір күнде жағалаудан 200 қаптай қоқыс шығарылды. Ал көл түбіне қанша қалдық кеткені бізге белгісіз.
Шығыс Қазақстан облысы