Руханият • 14 Қазан, 2020

Арманы асқақ Асылбек

251 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тағдыр тәлкегіне қасқая тұрып, жігері мұқалмаған қаскелеңдік Асылбек Жалдыбаевтың басынан кешкендері көптің көкейіне өмірдің қаншалықты қымбат екенін ұқтыратындай. Неге дейсіздер ғой? Өйткені ол мүмкіндігі шектеулі бола тұра, «мүмкін» болатын талай игілікті істерді ілгерілетіп жүрген қайсар жігіттердің бірі.

Арманы асқақ Асылбек

Суретті түсірген Ерлан Әлиасқаров

Арбаға танылғанын ар сана­майтын Асылбектің бү­гін­гі таңда жүзеге асырып жат­қан бастамасы кейбір қала­да жоқ десек те болады. Ал Алматы облысына қа­рас­ты Қарасай ауданында алғаш­қылардың бірі болып, 2017 жылы ашқан «Күш-қуат» оңалту орталығының жұ­­­мысы жанданғаннан бері өзі­­­мен тағдырлас талай адам­­дардың өмірге деген құш­тар­лық сезімін оятып, жан жа­ра­сының жазылуына себеп­ші болып келеді.

Орталықты басқарып отыр­ған Асылбектің бұл ба­ғыт­та жұмыс істеуіне өзі­нің басынан кешкені мен жеке жаттығуларының нәти­же­сінде жағдайының көңіл қуан­тарлықтай қалыпқа жет­кені басты негізге айнал­ды. Осылайша, басқа да мүм­кін­дігі шектеулі жандарға үміт сәулесін сыйлайын деген ниетпен ол аталған ор­та­­лықты ашуға бел буған. Асыл­бектің жоспарлы жұ­мы­­сын жүзеге асыруына Алматы облысы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Қарасай аудандық филиалы қолғабыс еткенін де айта кеткен жөн. Осы орталықтан алдымен бизнестің қыр-сырын үйренетіндей білімін жетілдіріп, арнайы курс­ты оқып шықты. Кейін оған аудандық әкімдік Қаскелеңдегі «Алтын ауыл» ықшам ауданынан жертөлені тиімді бағамен жалға алуына қолдау білдірді.

Ашылғанына үш жыл болса да «Күш-қуат» оңалту орта­лы­ғынан осы уақытқа де­йін жағдайы жақсарып, Асылбек Жалдыбаевқа алғы­сын жеткізгендер де жетерлік. Келушілердің барлығы мұн­да­ғы түрлі құрал-жаб­дық­тарға толы кең бөл­ме­­лерде жаттығуларын жа­сап, білікті мамандардың ақыл-кеңесіне жүгіне алады. Бір айта кетерлігі, осы жерге Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты алыс шалғай аймақ­тар­дан да адамдар ем-домын қабылдауға келіп тұ­ра­ды. Олар үшін жатар орын да қарастырылған. Ал жоғарыда біз айтқан жаттығуға арналған құрал-жаб­дықтардың барлығы орта­лық басшысының жеке қолдауымен арнайы жасал­ған. Өйткені оның осы ба­ғыт­­­та жұмыс істейтін арна­йы шағын өндіріс орны бар екенін де ерекше айтуға бо­ла­­ды. Сол арқылы кәсіпке жаны жақын Асылбек түрлі оңалту орталықтарынан арнайы тапсырыспен жаттығу құралдарын да өндіріп шы­ға­руда.

Тағдырлас жандардың өмірге деген құштарлығын арт­тырсам деп жүрген Асыл­бек­тің арқасынан қағып, игі ісін құптайтын жандар да бар. Әңгіме барысында А.Жалдыбаев әсіресе, Қас­ке­лең қаласының әкімі Асқар Мұқашевтің жомарт­ты­ғына ерекше тоқталды.

– Арбадағы адамдар үшін біз­дің орталыққа бас­пал­дақ­пен кіріп-шығу, расымен де қиынға түсті. Бірде осыны байқаған қала басшысы Асқар Өкенұлы өз қаражаты есебінен азаматтығын танытып, жоғары-төмен автоматты түрде жылжитын пандусты сыйға тартты. Осы қолдауы үшін ризашылығымды біл­ді­ремін, – дейді «Күш-қуат» оңалту орталығының директоры.

Асылбек Жалдыбаев бі­лік­­ті заңгер болуды армандап, жоғары оқу орнын да тәмамдаған. Алайда айтып келмейтін автокөлік апаты оның бола­ша­ғын бұлыңғыр етті... Ке­йіп­ке­ріміз сонда да келешегіне күлімдеп қарауды мақсат етіп, өн бойы­­­на дарыған спорттық қабі­летін мүмкіндігі шек­теу­лі болса да дамыта түсе­ді. Соның нәтижесінде осы уақытқа дейін түрлі пара­лим­пиадалық ойындарда қол күресі, жүзу сияқты спорт түрлерінен жеңіспен оралып жүр. Тіпті, ауданның абыройын облыстық жарыс­тар­да да қорғап, 1-2 орындарды қанжығаға байлауды әдетке айналдырған. Осындай жемісті жетістіктерін мақтана еске алған жігерлі Асылбек былай дейді: «Адам қандай жағдайға түссе де өзін еш­қашан төмен санамауы керек. Қайғы-мұңға берілмей, онымен күресе білу – нағыз ерліктің ісі. Бізге өмір бір-ақ рет беріледі. Оны тамаша сүру өз қолымызда. Уақыты өтіп кеткендер қаншама. Сондықтан ғибратты ғұмыр кеше білген дұрыс».

Біз таныған Асылбек, міне, осындай. Оның ендігі мақ­саты – өзі басшылық етіп отырған оңалту орталығының көкжиегін кеңейтіп, мүге­дек­тігі бар жандарды жан-жақты қолдап, қолдан келгенше оларды аяқтарынан тік тұрғызу. Ол осы идеясын жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау күтетінін айтты. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, Асылбектің межелі мақсаты орындалуына біз де тілекшіміз.

 

Дидар МӘЛІКҰЛЫ,

журналист

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы,

Қаскелең қаласы