14 Қараша, 2013

Біз араласпайтын сала жоқ

372 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елдің еңселі, тәуелсіз мемлекеттің тұғырлы болуы азаматтық белсенділікке, өзара ынтымақ пен іскерлік қарым-қатынасқа байланыс­ты. Тәуелсіздікпен ере келген еркіндік үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуына ықпал етіп қана қоймай, олардың даму белестерінен өтуіне алғышарт жасады. Қазір Азаматтық альянс құрылымы еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істеп, еліміздің әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына енуіне үлестерін қосуда.

Бүгін Астанада өтетін VІ Азаматтық форум қарсаңында біз «Ақтөбе облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Татьяна ТАЛАЕВАҒА жолығып, азаматтық қоғамды дамытуға байланыс­ты ой-пікірлерімен бөлісуін сұраған едік.

* Бүгін Астанада VІ Азаматтық форум өтеді

Елдің еңселі, тәуелсіз мемлекеттің тұғырлы болуы азаматтық белсенділікке, өзара ынтымақ пен іскерлік қарым-қатынасқа байланыс­ты. Тәуелсіздікпен ере келген еркіндік үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуына ықпал етіп қана қоймай, олардың даму белестерінен өтуіне алғышарт жасады. Қазір Азаматтық альянс құрылымы еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істеп, еліміздің әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына енуіне үлестерін қосуда.

Бүгін Астанада өтетін VІ Азаматтық форум қарсаңында біз «Ақтөбе облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Татьяна ТАЛАЕВАҒА жолығып, азаматтық қоғамды дамытуға байланыс­ты ой-пікірлерімен бөлісуін сұраған едік.

– Сізге жолығуымыздың себебі, өзіңіз білетіндей, Астанада VІ Азаматтық форум өтеді. Осы орайда бір кезек өткенге көз жүгіртіп, үкіметтік емес ұйым­дардың қалыптасуындағы өтпелі кезеңдерді еске алсаңыз.

– Үкіметтік емес ұйымдар секторын Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері дамып келе жатқан азаматтық қоғам институтының негізгі құрылымы деу орынды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында дүниеге келген үкіметтік емес ұйымдардың буыны бірден бекіп кете қойды десек, артық айтқандық болар. Біреулер мұндай іске елдің ертеңі үшін үлес қосудың жолы ретінде қарады, ал, енді біреулер көп дүрмекпен үлкен көшке ілескісі келді. Не болғанда да алғаш құрылған үкіметтік емес ұйымдар үлкен іске із салды, азаматтық қоғамның қарлығаштары іспетті болды.

Әрине, қашанда жаңа істің өзіндік қиындықтары болады. Мұндай қиындықтарды үкіметтік емес ұйымдар да бастан өткерді. Алайда, мұндай азаматтық істерді бастаушылар бастамашыл, өз елінің патриоттары болатын. Облыста алғашқы құрылған үкіметтік емес ұйымдардың арасынан өз көшін тез түзеп кеткен «Ақтөбе қаласы сал ауруларына шалдыққан азаматтардың құқын қорғау» қоғамы, «Ауған соғысы ардагерлерінің» қоғамы және басқаларын атап өтуге болады.

Қазақстан Үкіметі 2000-жылдары үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына бұрынғыдан гөрі көбірек көңіл бөле бастады, оларды қоғамдағы өзекті проблемаларды шешуге қауқарлы құрылым ретінде бағалады. 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен тұңғыш Азаматтық форум өткізілді. Әлеуметтік тапсырыс заңы қабылданды, Ата Заңымызға қоғамдық ұйымдарды қаржыландыруға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілуі де бұл бағыттағы ілгерілеушілік болғаны рас. Қазір барлық өңірлердегі сияқты біздің облыста да Азаматтық альянс өз жұмысын бастап кетті.

– Жалпы, осы кезге дейін үкіметтік емес ұйымдар қандай мәселелермен айналысты? Бұл бағытта билікпен өзара ортақ тіл табысылды ма?

– Азаматтық бастаманы қолдау, жастарға патриоттық тәрбие беру, ауған соғысы ардагерлерінің және мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына­ қолдау көрсету, экология, ден­сау­лық сақтау, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды діни сауаттылыққа тәрбиелеу, діни-құқықтық және саяси түсінік жұмыстарын жүргізу сияқты көптеген мәселелер қамтылды. Шыны керек, үкіметтік емес ұйымдар араласпайтын сала болмауы тиіс. Тек оның жұмысы заңдылықты сақтай отырып жүргізілуі керек.

– Қол жеткен табыстардан мысал келтіре кетсеңіз.

– Өзекті мәселені билікке жеткізудің арқасында ауған соғысы ардагерлері коммуналдық төлемдерден босатылды. «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау» қоғамы да өзіндік іс-әректтері арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздерін қоғамның тең дәрежелі азаматы сезінуіне жетісіп келеді. Олар үшін арнаулы тұрғын үй салынып берілді. Арнаулы такси жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қаншасы өз ісін ашуға талпынып жатыр. Бизнесін дөңгелетіп кеткендері қаншама?

Тиісті орындардың шешім қабылдауына қатысуға ұмтылу, жергілікті билік пен құзырлы органдарға ұсыныстар беру, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне белсенді қатысу, жастар арасындағы қылмысты болдырмауға атсалысу, аз қамтылғандарға көмек беру ешқашан да үкіметтік емес ұйымдар назарынан тыс қалған емес.Тәуелсіздіктің жиырма екі жылында үкіметтік емес ұйымдар егемен елімізбен бірге есейіп, бүгінде азаматтық қоғамның белсенді бөлігіне айналды.

– Облыс бойынша қанша үкіметтік емес ұйым бар? Олар­дың жұмыстары қаншалықты қа­лыптасып отыр?

– Менің білуімше, облыс­та тіркелген үкіметтік емес ұйым­дар­дың барлығы толық қуатында өздері ұстанған бағытта жұмыс жасап жатпағаны жасырын емес. Дегенмен, жыл өткен сайын­ белсенді жұмыс істейтіндер қа­тары көбейе түсуде. Қазір 100-ден астам үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс істейді. Үкіметтік емес сектордың өкілдері түрлі деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың барлық кеңес беруші-консультативтік органдар құрамына еніп, жоғарыда аталған проблемаларды шешуге белсенді үлес қосуда. Бұған дейін үшінші сектордың өзекті мәселесі үкіметтік емес ұйымдардың ауылдық жерлерде дамымауы болатын. Өткен жылдың аяғына таман ауылдық жерлерде жастар мәселесімен айналысатын 12 үкіметтік емес ұйым құрылып, биыл олар мемлекеттік тапсырыс бойынша біраз шаруа жасады.

– Жергілікті билікпен қарым-қатынастың бірден-бір көрсеткіші – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Облыста бұл мәселе қалай шешілуде?

– Шыны керек, үкіметтік емес ұйымдардың дамуы мемлекеттік қолдауға тәуелді. Бұл бағытта мем­лекеттік әлеуметтік тапсырыстың маңызы зор. Соңғы екі жылда облыстың үкіметтік емес ұйымдары жалпы сомасы 500 миллион теңге болатын 162 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Тек үстіміздегі жылы ғана жас мамандарды қолдау бойынша 60 миллион теңгенің әлеуметтік жобалары діттеген жеріне жеткізілді. Облыстық жас­тар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бір жыл ішінде әлеуметтік тапсырыс арқылы жастардың 12 үкіметтік емес ұйымдары 111,0 миллион теңге болатын жобаларды орындады. Биыл бірінші рет үкіметтік емес ұйымдарды мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетуге тартуға 16,5 миллион теңге қаралды.

Соңғы жылдары мемлекеттік тапсырысты салалық қағидат бо­йынша орналастыру байқалғанына қарамастан, бұл жұмыс облыста дамып кете қойған жоқ. Облыстағы жеті басқарма ғана ҮЕҰ-мен тұрақты түрде өзара іс-әрекет етеді, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырады. Қалғандары туралы олай айтуға әлі ерте. Сондай-ақ, облыстық ішкі саясат бөлімінің біздің өңір үшін маңызды екі өзекті жобаны қаржыландырғанын айту орынды болмақ. Оның бірі – еңбек қатынастарын реттеу, медиацияны дамыту саласы болса, екіншісі – ипотекалық несиелерін өтей алмай отырған азаматтарға көмек көрсету болып табылады. Бір қуаныштысы, биыл бірінші рет мемлекеттік тапсырыс аудандық деңгейде енгізілді.

– Қай жұмыстың да нәтижелі болғаны жақсы. Осы ретте, қоғамдық дамуымыз үшін осындай іргелі істер атқарып жүргендерді ынталандыру жолдары қандай?

– Үкіметтік емес ұйымдар – билік пен бизнестен кейінгі үшінші сектор. Бұл – бір идея жолындағы адамдар бірлестігі. Олар ұйымды күнкөріс көзі, пайда табу жолы деп қарамайды, бірлесіп жалпы әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмылады. Олардың басты мақсаты біз бен сіздің өміріңізді анағұрлым жақсырақ және сапалы ету болып табылады.Үшінші сектор әр адамға жетуге, көмектесуге тырысады, қажет еткендерге көмек қолын созуға дайын. Өздерінің уақытын, қуатын ештеңе дәметпестен басқаларға ұсынады. Мұны олар жоғарының нұсқауымен емес, өз жүрегінің қалауымен жасайды. Сондықтан олардың еңбегі қандай ынталандыруға да лайық.

Елімізде бірінші рет біздің облыста 2011 жылы «Үздік үкіметтік емес ұйым» конкурсы өткізілді. Бес номинация бойынша өткізілген конкурсқа үкіметтік емес ұйым өкіл­дері үлкен шығармашылық байқау ретінде қарап, өз шығар­ма­шылығын көрсетті. Бұл өзге өңірлерге үлгі болды десем, артық айтқандық емес, сірә. Күні кеше өткен үкіметтік емес ұйымдардың облыстық форумында 10 үкіметтік емес ұйым төрағаларына өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысқаны, қоғамдық және саяси белсенділігі үшін облыс әкімінің Алғыс хаты мен 50 мың теңге ақшалай сыйлығы тапсырылды. Мұның өзі билік пен үшінші сектордың арасындағы байланыстың бұрынғыдан да нығая түскенін көрсетеді.

– Татьяна Жақсыбайқызы, үшінші сектордың бұдан гөрі де белсенді әрекет етуі, дамуы үшін қандай проблемалар шешілсе деген ойыңыз бар?

– Жастар ұйымдарына волон­терлік қозғалысты дамытуға ұйытқы болу керек дер едім. Екінші бір өзекті мәселе, нөлдік мөлшерлеме бойынша мемлекеттік тапсырыс бөлу болып табылады. Елбасының осыдан бірнеше жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарының атқарған жұмыстарының бағасын қаржылай тұрғыда нөл пайыздық мөлшерлемемен қабылдау тапсырысы болған еді. Сол уақытта көптеген аймақтық БАҚ белсенді қызмет жасап, еңбектері алға басқан еді. Алайда, өкінішке қарай қазіргі таңда бұл мөлшерлеменің пайыздық деңгейі өсуіне байланыс­ты көптеген өңірлік БАҚ-тарға аз-маз қиындықтар туғызып отыр.

Үкіметтік емес ұйым мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыруға келісім-шарт жасасқаннан кейін жобаны өз есебінен орындауы қажет. Қаржылай және сараптамалық талдау есептері қабылданғаннан кейін барып олар төлемдерін алады. Мұндай көзқарас үкіметтік емес ұйымдардың өмір сүру қағидатын түбегейлі өзгертеді. Біз ақша таппаймыз, өз миссиямызды орындаймыз. Сондай-ақ, соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік маңызы бар тапсырыс байқауы кеш жарияланып жүргені де қиындық келтіруде. Сол себепті ҮЕҰ жылдың ортасы ауғанда барып қаржыға қол жеткізеді. Осының салдарынан ұйымдастырылатын шаралар асығыс жасалады, атүстілікке жол беріледі. Бұл, сайып келгенде, ҮЕҰ беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан 2014 жылғы әлеуметтік тапсырыс жылдың басында жасалып, әрі қарай дәстүрге айналса құба-құп болар еді деп ойлаймын. Жалпы, бұл бағытта ортақ ойласар мәселелер баршылық. Аталған мәселелер VІ Азаматтық форумда жан-жақты сөз болатынына сенімдімін.

– Сөз соңында облыстық мәслихаттың депутаты ретінде тындырған істеріңіз туралы айта кетсеңіз?

– Облыста көп шаруалар тындырылуда, өңір экономикасында ілгерілеу бар. Жыл сайын жаңа жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік мәселелер оң шешімін табуда. Біз, депутаттар да өз хал-қадерімізше облыстың дамуына үлесімізді қосып келеміз. Жеке өз басыма келсем, облыс орталығында балаларды бейімдеу орталығын салуға көмектестім. Мұнда тәрбие алып жатқан балалар тәуелсіз еліміздің ертеңі. Іштерінде болашақ депутаттар, министрлер бар шығар. Жерде жатқан бала жоқ. Мен әрқашан оларға көмектесуге дайынмын.

Сонымен бірге, жуырда меди­циналық колледждің жатақ­ха­­на­сының қайта жарақтан­ды­рылып, пайдалануға берілуіне ұйытқы болдым. Осы жұмыстың арқасында 280 студент тұратын жер тауып, қуанышқа кенелді. Жалпы, күнделікті көмек сұрап, жұмыс сұрап адамдар көп ке­ле­ді. Араларында ипотекалық мә­се­лелерін шеше алмай келетін тұрғындар да бар. Ешкімнің кө­ңі­лін жықпай, шама келгенше мә­селелерін шешіп жатырмыз. Қыс­қасы, депутаттар үкі­меттік емес ұйымдармен тығыз бай­ланыста жұмыс істейді. Бұл іл­герілеу үшін қажет қағида деп ой­лаймын. Алда да бұл бағытта бір­ле­се іс-қимыл жасайтын боламыз.

Әңгімелескен

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар