Қоғам • 14 Қазан, 2020

Өтемақы қалай беріледі?

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада қауіпті індетті жұқтырған №1 емхана қызметкерлері өтемақы алмағанына байла­нысты алаңдаушылығын білдірген еді. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетінде (№194, 12 қазан) жазылған болатын. Емхана қызметкерлерінің жанайқайы Денсаулық сақ­тау министрлігіне жетті.

Өтемақы қалай беріледі?

Министрлік таратқан мәліметке сүйенсек, аймақтық комиссияның шешімімен Атырау қа­ласындағы коронавируспен ауырған №1 ем­хананың 11 медицина қызметкеріне әлеумет­тік тө­лем төленетін болып отыр. Бұдан бұрын атал­ған ем­хана қызметкерлері облыстық ден­саулық сақтау басқармасына әлеуметтік төлем­дер тағайындау туралы өтініштерін қараудан бас тартқанына байланысты шағым айтқан-ды. Жұрт ауырып жатқанда кәсіби міндетін орындаудан бас тартпаған емхана қызметкерлерінің көпшілігі коронавирус­пен ауырған. Ал облыстық комиссияның қарауына №1 емхананың әкімшілігі 33 медицина қызметкерінің құжатын ұсыныпты. Оның ішінде тек 10 өтініш қана мақұлданған. 

Енді міне, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы 10 қазандағы №129 бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізіліп отыр. Бұл науқас және қайтыс болған медицина қызметкерлеріне өтемақыларды қарау және тағайындау процедураларын едәуір жеңілдетті. Осыдан кейін облыстық комиссия мүшелері 23 адамның құжаттарын қайта қарады. Алайда 22 өтінішке дәлелді себеппен бас тартылып отыр. Ал бір құжатқа қатысты оң шешім қабылданды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхан Байдуәлиевтің мәліметіне сүйенсек, мұнайлы өңірде қауіпті індетпен ауырған 1 105 медицина қызметкері тіркеліпті. Осыған байланысты 955 қызметкер өтемақы алу үшін өтініш берді. Оның ішінде коронавирусты жұқтырған 501, вирус­тық пневмониямен ауырған 454 қызметкер бар.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбектің мәліметіне сүйенсек, қыркүйектің қорытындысымен 828 медицина қызметкеріне 160,476 млн теңге көлемінде үстемеақы төлеу жоспарланып отыр.

– Атырау облысында наурыз айында 857 медицина қызметкеріне 66,1 млн теңгеге үстемеақы берілді. Сәуірде 1 080 медицина қызметкері 158,1 млн теңге, мамырда саланың 1 429 қызметкері 255,35 млн теңге, маусымда 2019 медицина қызметкері 390,59 млн теңге көлемінде үстемеақы алды. Ал шілдеде 2 475 ақ халаттыға 796,1 млн теңге, тамызда 2 205 медицина қызметкеріне 476,0 млн теңге үстемеақы төленді, – дейді С.Құралбек.

 

Атырау облысы