14 Қараша, 2013

Лаула, Зайсан алауы!

372 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жандары жайсаң, қой­науы қазынаға толы, табиғаты тамылжыған Зайсан өңірінде тарихи оқиға орын алды. Бұдан ширек ғасырдай бұрын «Сайханның» сапалы көмірін оңтүстік аудандар тұрғындары пайдаланып келсе, енді «Сарыбұлақтағы» көгілдір отын ел игілігіне жаратылатын болды. Зайсанның газын ұзақ жылдар зерттеген мамандар бұл өңірде 5 миллиард 200 миллион текше метр газ қоры бар екенін анықтап, құжаттармен бекітіп берген. Ал мұнайдың қоры әзірше 12,4 миллион тонна, ол әлі толық зерттеліп болған жоқ. Жоспар бойынша аудандағы 24 елді мекен газбен қамтылатын болса, оның 9-ы алғашқы кезекте газды тұтына бастамақ.

Жандары жайсаң, қой­науы қазынаға толы, табиғаты тамылжыған Зайсан өңірінде тарихи оқиға орын алды. Бұдан ширек ғасырдай бұрын «Сайханның» сапалы көмірін оңтүстік аудандар тұрғындары пайдаланып келсе, енді «Сарыбұлақтағы» көгілдір отын ел игілігіне жаратылатын болды. Зайсанның газын ұзақ жылдар зерттеген мамандар бұл өңірде 5 миллиард 200 миллион текше метр газ қоры бар екенін анықтап, құжаттармен бекітіп берген. Ал мұнайдың қоры әзірше 12,4 миллион тонна, ол әлі толық зерттеліп болған жоқ. Жоспар бойынша аудандағы 24 елді мекен газбен қамтылатын болса, оның 9-ы алғашқы кезекте газды тұтына бастамақ.

«Тарбағатай мұнай» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі 2007 жылы құрылып, Зайсанның мұнайы мен газын игеруге алты жылда инвесторлар 39 миллиард 327,2 миллион теңге қаржы құйды. Серіктестіктің бас директоры Болат Еламановтың айтуынша, «Сарыбұлақ – Майқапшағай» газ құбыры магистралын тартуға 27,5 миллиард теңге жұмсалған.Оның ұзындығы – 92,5 шақырым. Құбыр арқылы жылына 0,6 миллиард текше метр көгілдір отын тұтынушыларға жетеді екен.

Жұма күні Зайсанға облыс әкімі Б.Сапарбаев келіп, ең алдымен газды автоматты түрде бөліп тұратын станса жұмысымен танысты. Бұдан кейін орталық алаңда мемлекеттік рәміздер композициясының ашылуы мен «Алауды жағу» рәсімі болып өтті. Оған ауданның ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

«ҚазТрансГаз Аймақ» жүр­гізген бірінші кезең жұмыс­тары­ның сәтті аяқталуы нәти­жесінде Зайсан және Тарба­ға­тай аудандарының елді мекен­дерін газдандыруға қажет тех­нологиялық база жасақ­тал­ға­нын сенімді түрде айтуға болады. Бұл Шығыс Қазақстан облысының 2 ауданының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көгілдір отынның келуі аймақтағы жұмыс істеп тұрған және алдағы уақытта ашылатын өндірістік кәсіпорындардың дамуына тың серпіліс береді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы Зайсанды газдандыру жұмыстарын іске асырумен қатар Шығыс Қазақстан өн­дірістік филиалын құрып, осы өңірде жаңа база құрды. Бұл «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы – тұрғындарды және кәсіпорындарды тауарлық газбен қамтамасыз ету бойынша өз қызметін жүзеге асыра бастаған еліміздің тоғызыншы газдандырылған аймағы.

– Зайсан ауданының тұрғында­рын бүгінгі тарихи оқиғамен және келе жатқан ел Тәуелсіздігінің 22 жылдығымен құттықтаймын! Бұдан бұрын зайсандықтар «Сайханның» көмірін ширек ғасыр бойы тұтынып келсе, енді көгілдір газдың рахатын көрмек. Бүгінгі күні Зайсан қаласында газ құбырлары тартылып, нақтылы жұмыстардың жүргізілгенін көріп тұрмын, биыл қаланың 473 үйі газбен қамтылмақ. Оның ар жағында 24 елді мекен тұрғындары осы отын түрімен қамтылатын болады. Аудан жұртшылығын осы бір жарқын іспен құттықтаймын, игіліктеріңізге жаратыңыздар. Өмірлеріңіз гүлденіп, еліміздің даңқы арта берсін, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бұдан кейін Мұнай және газ вице-министрі Мағзұм Мырза­ға­лиев, Зайсан ауданының құр­мет­ті азаматы, жазушы Қалибек Алтыбаев сөз алып, тұрғындарды көгілдір отынның келуімен құт­тықтады. Айта кету керек, биыл­ғы жазда көрші Қытайға да газ құбыры тартылған, елі­міз­дің газын көрші мемле­кет те тұтынбақ. Мердігер ұйым басшысы «Транс-Азия-кон­трак­тшейн» ЖШС-інің бас дирек­то­ры Сүлеймен Атаниязов Зай­сан газының болашағының зор екенін, аманшылық болса, мұ­най бұлағы ағатын күннің де алыс емес екенін тілге тиек етті. Бұ­дан кейін орталық алаңдағы арнайы жабдықталған жерде алау жағылды.

Керімбаев көшесінде тұра­тын Күләш Файзрахма­нова деген 87 жастағы батыр ананың қуанышында шек жоқ. Келген қо­нақтар үйге кірген кезде кө­гіл­дір газ жанып, пеште ет пісіп жатыр. Қария елімізге тыныштық пен татулық сыйлаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ал­ғы­­сын білдірді. Ерекше тол­қы­ныс үстіндегі кейуана көгіл­дір отынды халыққа жет­кізіп берген кәсіпорын – «Қаз­ТрансГазАймақ» ЖШС басшысы Қайрат Шәріпбаевқа да рахметін жаудырды. Өңір басшысы Зайсандағы алғашқы газды тұтынған анаға ұзақ ғұмыр тіледі.

Күні кеше аудандағы байырғы білім ордасы – бір ғасырлық мерейтойын атап өткен М.Әуезов атындағы мектепке көгілдір газ келген кезде ұстаздардың қуанышында шек болмады. Мұнда газ құбырын орнату қыркүйекте басталып, 10 қазанда аяқталыпты. Мектеп директоры Нұрзада Жикенова ұстаздар атынан өңір басшысына алғысын білдірді.

Сонымен, Зайсанның алауы лаулады. Әлі ауданның барлық елді мекендерін газ құбырына қосу үшін аудан әкімі Алмас Оңдақановтың командасына көп ізденіс пен іскерлік танытулары керек.

Бұдан кейін өңір басшысы ауданның бірнеше мекемелерін, Қ.Рысқұлбеков атындағы сая­бақ­ты және батыр ұлға бой көтерген ескерткішті ашты. Бұдан кейін жаңадан ашылған жас натуралистер орталығын ара­лап көріп, Зайсан ауданы активінің кеңейтілген мәжілісіне қатысты. Сол күні түстен кейін Күршім ауданының Қазына өт­келінде күрделі жөндеуден өткен қуатты «Күршім» паромы­ның ашылуына қатысты. Ауа райының қолайсыз кезінде де аудан тұрғындары енді жол қиын­шылығынан құтылатын болды.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы

Соңғы жаңалықтар

Алматыда қойма өртенді

Оқиға • Бүгін, 09:03