Дүйсенбі күні Ресейдің Екатеринбург қаласында Ресей, Қазақстан, Беларусь елдерінің Х мемлекетаралық аймақтық форумы белгілі. Міне, осы маңызды оқиғадан бір күн бұрын Өскеменде еліміздегі ең ірі жобалардың бірі – толық циклді жылына 120 мың көлік шығаратын «Азия Авто Қазақстан» автомобиль зауытының құрылысы басталды. Еліміздегі серпінді жобалар қатарына енетін ірі құрылысқа Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ресей Өнеркәсіп және сауда министрінің бірінші орынбасары Глеб Никитин, Қазақстан Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау, Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов, бірқатар басқарма және департамент басшылары қатысты.
Дүйсенбі күні Ресейдің Екатеринбург қаласында Ресей, Қазақстан, Беларусь елдерінің Х мемлекетаралық аймақтық форумы белгілі. Міне, осы маңызды оқиғадан бір күн бұрын Өскеменде еліміздегі ең ірі жобалардың бірі – толық циклді жылына 120 мың көлік шығаратын «Азия Авто Қазақстан» автомобиль зауытының құрылысы басталды. Еліміздегі серпінді жобалар қатарына енетін ірі құрылысқа Шығыс Қазақстан облысының әкімі
Бердібек Сапарбаев, Ресей Өнеркәсіп және сауда министрінің бірінші орынбасары Глеб Никитин, Қазақстан Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау, Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов, бірқатар басқарма және департамент басшылары қатысты.
Бұған дейін елімізде толық циклді автомобиль өндірісі болмағанын ашып айтқан жөн. Құрылғанына 10 жыл толған «Азия Авто» зауыты бүгінге дейін көліктердің 20 мыңға жуығын шығарса, жаңадан құрылған «Азия Авто Қазақстан» компаниясы 2017 жылы кәсіпорын толық қуатына енгенде жыл сайын 120 мың темір тұлпарды пайдалануға береді екен. Жаңадан 12 мың жұмыс орны ашылады. Міне, сондықтан болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зауыт құрылысын күнделікті назарға алып, қадағалап отыр. Таяудағы үш жылда мемлекет тарапынан құрылысқа 6 миллиард теңге бөлінбек. Қалған қаржыны Ресейдің «АвтоВаз» корпорациясы мен инвесторлар құймақ.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев жиналғандар алдында құлашын кеңге сермейтін жаңа зауыттың болашағынан хабардар етті.
– Шығыс Қазақстан облысында машина жасау кластерін құру бағыты мақсатты түрде қолға алынуда. Өскеменде жеңіл көліктер, Семейде «Беларусь» тракторлары, Шығыс Қазақстан машина жасау зауытында жер асты мен шахталарда өздігінен жүретін қуатты қондырғылар шығарылуда. Кенді Алтай – елімізде машина жасауда ерекше орын алмақ. Елбасы Жолдауында осы мәселелерге ерекше назар аударылған болатын. Тек облыс халқы емес, республикада аса маңызды көлік зауытының құрылысына Елбасы үнемі қамқорлық жасап келеді. Кәсіпорын өткен жылы 50 миллиард, ал биыл 100 миллиард теңгенің өнімдерін шығарды. Бюджетке 7 миллиард теңге қаржы аударды. Кәсіпорын құрылысына 514 гектар жер телімі бөлінген. Бұл жерде жаңа шағын аудан бой көтеріп, мектеп, аурухана, балабақша, емдеу мекемелері салынады. Машина жасаушылардың көрікті қаласы әлі талайлардың таңдайын қақтыратын болады, – деді өңір басшысы.
Бұдан кейін Ресей Өнеркәсіп және сауда министрінің бірінші орынбасары Г.Никитин, «АвтоВаз» компаниясы президентінің бірінші орынбасары О.Лобанов сөз алып, екі мемлекет арасындағы экономикалық қарым-қатынастың жыл сайын дамып келе жатқанын, бірлескен жобаға қаржының төрттен бірін қосып отырғанын айта кетті. «АвтоВаз» компаниясының жаңа «Лада-Калина», «Лада-Гранта» көліктеріне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Өскеменде де осы және заман талабына сай жанармайды аз жағатын, сапалы темір тұлпарлар шығарылып, тұрғындардың сұранысын қанағаттандырмақ. Қазақстанмен ынтымақтастық екі ел арасында сауда-саттықты нығайтып қана қоймай, алдағы уақытта да тың серпілістерге жағдай жасамақ, – деді ресейлік серіктестер.
Құрылысты «Бипекстрой» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Олар бүгінге дейін 1 миллиард теңгеге Франция мен Финляндияның, Ресейдің және Қазақстанның техникасын сатып алған. Қазір жол салу, жаңадан бой көтеретін ғимараттардың тағанын құю жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Бұдан кейін «Азия Авто Қазақстан» зауытының президенті Ержан Мандиев пен Ресейден келген іскер адамдар бірқатар келісімдерге қол қойды. Содан кейін жаңа құрылыстың ашылу салтанатына орай құты-капсулаға бетон құйылды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.
Суретте: әріптестер кездесуі.