Аймақтар • 14 Қазан, 2020

Кәсіпкерлер құқығын қорғайтын жоба

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «Protecting Business and Investments» жобасы аясында инвестициялық бизнес жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бизнес алдында әкімшілік кедергілерді болдырмай, кәсіпкерлердің заңды құқығын қорғауды көздейтін жоба шеңберінде  қазір облыс бойынша отандық және шетелдік инвесторлардың жалпы құны 554,3 млрд теңге болатын 21 жобасына қолдау жасалуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кәсіпкерлер құқығын қорғайтын жоба

Осы жылдың тамыз айында департамент пен «Сүйініш» ЖК және «Айғасар» ЖШС арасында кәсіп иелерінің заңды құқықтарын қорғау жөнінде келісімге қол қойылды. Олардың бірі студенттер үшін жатақхана құрылысын салса, енді бірі қымыз өндіріп, айрықша қажеттілігі бар балалар үшін иппотерапия клубын ашу жобасын қолға алып отыр.  

«Protecting Business and Investments» жобасы жүзеге аса бастағалы бері департамент пен облыстық кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, бизнес өкілдерінің 60-тан аса өтініштерін қараған. Осылардың арасынан 32 кәсіпкерлік субъектісінің мәселесі оң шешіліп, қалғандарына құқықтық көмек көрсетілді Жер қатынастарына қатысты 10, мемлекеттік сатып алуға байланысты 5, архитектура мен қала құрылысы мәселесіне орай 4, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласындағы 5, миграция мен кәсіпкерлікті қолдау, басқа да мәселелер шешімін тапты.  

Мысалы, өткен айда Электронды үкімет порталында «Нұржан М» шаруа қожалығының басшысы Н. Мирмановтың  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасына үндеуі жарияланған болатын. «Aнтикор орталығында" жергілікті атқарушы органдар тарапынан рұқсат құжаттарын тіркеуге байланысты мәселе туындаған кәсіпкермен, қалалық әкімдіктің тиісті мамандарымен кездесу өткізіліп, шаруа қожалығы басшысының құқығы қорғалды. Ол бұл туралы агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың жеке блогына жазып, алғысын жеткізді

 

Өз жобасын жүзеге асыру барысында әкімшілік кедергіге ұшыраған кәсіпкерлер ашық диалог алаңдары арқылы құқықтарын қорғай алады. Мемлекеттік органдар жұмысын жетілдіруге де ұсыныс беруге мүмкіндік бар. Бұл біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға септігін тигізеді.

Агенттік пен департамент өз кезегінде инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін ыңғайлы бизнес-климат қалыптастыру үшін жағдай жасайды.