Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде денсаулық саласы бойынша жоғары оқу орындары басшыларының баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Жиынды Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов жүргізді.
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде денсаулық саласы бойынша жоғары оқу орындары басшыларының баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Жиынды Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов жүргізді.
11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы денсаулық сақтау саласын сынға алған болатын. Сонда саладағы өзекті мәселелердің бірі ретінде мамандардың жетіспеушілігі аталған-ды. Кешегі жиында негізінен медицина мамандарын даярлау мәселесі тақырыпқа арқау болды. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, маман жетіспеушілігі дүниежүзі бойынша өзекті мәселелердің қатарында. Әлемде 4,5 миллиондай медициналық қызметкер жетіспейді. Біздің еліміз дәрігерлермен қамтылу бойынша әлемде 10-орында тұр. Яғни, 10 мың тұрғынға шаққанда 39 дәрігерден келеді», – деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, мамандар жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін медициналық жоғары оқу орындарына студенттер қабылдау көлемі арттырылуда. Айталық, 2007 жылы медициналық жоғары оқу орындарына 4 мың студент, 2008 жылы 4500 студент, 2009 жылы 5 мың студент қабылданған. 2007 жылдан бастап мемлекеттік білім беру гранты шеңберінде ауыл жастары үшін 30 пайыз квота қарастырылған. Олар оқуларын тәмамдаған соң (2014 жылдан бастап) міндетті түрде ауылда 3 жыл жұмыс істеулері керек. 2011 жылы «Білім туралы» Заңға мемлекеттік тапсырыспен оқыған түлектер 2019 жылдан бастап ЖОО-дан кейін 3 жыл міндетті түрде денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеу керектігі туралы өзгеріс енгізілген.
Е.Байжүнісов оған қоса саладағы маман тапшылығы мәселесін медициналық қызметкерлердің айлық жалақыларын арттыру арқылы шешуге болатынын, бұл үшін мүдделі органдармен бірлесіп жұмыс істейтіндіктерін мәлімдеді.
Жиында сөз алған Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры Айқан Ақанов өзі басқаратын білім ордасында соңғы 5-7 жылдан бері өзгерістер болып жатқанын, нәтижесінде 2014 жылы оқу бітіретін түлектер халықаралық стандартқа сәйкес мамандар болып шығатынын баяндады. Ол медициналық білім берудің сапасын қамтамасыз ететін негізгі факторлар ретінде білім беру бағдарламаларын, оқытушы-профессорлар әлеуетін, материалдық-техникалық базаны, үздік студенттерді таңдай білу мен білім-дағдыны тәуелсіз бағалауды атады. Жаңа жүйе бойынша студенттер болашақта кім болатынын (хирург, гинеколог, эндокринолог, т.б) 1-курста анықтайды. Сондай-ақ, студенттердің шет мемлекеттерде тәжірибе алуы жолға қойылған. «Соңғы 4 жылдың ішінде әлемнің 40 шақты мемлекетінен 400-ге жуық профессорлар шақырдық. Олар біздің студенттерге дәріс оқыды. Сәйкесінше, өз оқытушыларымызға да әлемнің бірқатар елдерінен сұраныс түсті. Біздің мамандар да өзге елдерде дәріс оқу мүмкіндіктерін иеленді. Біз мүмкіндігінше замана талабына жауап бере алатындай дәрігерлерді даярлауға тырысып жатырмыз», – деді ректор.
Семейдегі Мемлекеттік медицина университетінің ректоры Төлебай Рақыпбеков келешекте дәрігер болатын студенттердің университет қабырғасында жүріп қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жақсы меңгерулері керектігін алға тартты. «Өйткені, Қазақстан көпэтносты мемлекет. Халықтың басым бөлігі қазақ және орыс тілдерінде сөйлейді. Көптеген медициналық әдебиеттер мен заманауи техникалар Еуропа елдерінде шығарылатындықтан, ағылшын тілін білу де өте маңызды. Медицинада күн сайын жаңалық ашылады. Олардың басым көпшілігі ағылшын тілінде жарияланады. Дәрігер боламын дейтін жас сол жаңалықтардан хабардар болып отыруы тиіс. Өздеріңіз білесіздер, науқасты емдеу үшін дәрігердің жаны да, ары да таза болуы керек. Науқастармен тіл табыса білулері қажет. Сондықтан дәрігер даярлау өте жауапты міндет», – деді Төлебай Рақыпбеков.
Науқастардың 80 пайызы алғашқы медициналық санитарлық көмекке жүгінеді. 20 пайызы ғана ауруханаға жатқызылады. Сондықтан да алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласын дамытуға айрықша маңыз берілуі керек, осы саладағы мамандарды көбейту керек. Ректордың айтуынша, АМСК-ны қаржыландыру үлесі осы кезде 14 пайыз. Ал, 2020 жылға қарай бұл саланы қаржыландыру 40 пайызға дейін жетеді.
Айта кетейік, медициналық жоғары оқу орындарына түсетін абитуриенттерге қойылатын талап жылдан-жылға күшейіп келеді. Қазір медициналық жоғары оқу орнына түсудің шекті балы – 55. Алдағы уақытта оны 60 балға дейін көтеру жоспарлануда.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».