Бір патент 8 елде қолдануға жарайды
Құжат қарыздық еңбек саласында еңбек етуші азаматтарды әлеуметтік қорғауға, сондай-ақ жұмыс берушілер тарапынан олардың еңбек үшін сыйақы алу құқығы сақталуын, еңбек жағдайларын қауіпсіздік және гигиена талаптарына сәйкес қамтамасыз етуге бағытталған.
Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы қарыздық еңбек саласын құқықтық реттелмеуіне байланысты азаматтардың Конституцияның 24-бабында кепілдік берілген құқықтарын бұзушылықты жою және алдын алу мақсатында әзірленді.
Аталған құжатқа қатысты баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Қанат Мусиннің айтуынша, заң жобасының нормалары қарыздық еңбек саласында еңбек етуші азаматтарды әлеуметтік қорғауға, сондай-ақ жұмыс берушілер тарапынан олардың еңбегі үшін сыйақы алу құқығы сақталуын, еңбек жағдайларын қауіпсіздік және гигиена талаптарына сәйкес қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң жобасында Еңбек кодексіне еңбек қатынастары жүйесіндегі қарыздық еңбек саласының объектілері мен субъектілерін айқындау бөлігінде жаңа ұғымдар енгізу ұсынылады. Персоналды беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар, оның ішінде жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері – «жіберуші тарап», қарыздық еңбекті пайдаланатын заңды және жеке тұлғалар «қабылдаушы тарап» ретінде айқындалған.
Сондай-ақ «қабылдаушы тараптың жұмысшылары», «персоналды беру» деген жаңа анықтамалар, «еңбек міндеттері», «еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға» ұғымдары нақтыланған өзгеріс енгізіледі.
Бұдан басқа, Еңбек кодексінде қабылдаушы және жіберуші тараптар жұмысшысының құқықтары мен міндеттері ескерілмек. Мәселен, қабылдаушы тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысынан төмен емес жалақы мөлшерін реттейтін нормалармен толықтыру ұсынылған. Бұдан бөлек, тараптардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі, қарыздық жұмыскердің еңбек қызметі уақытындағы жазатайым оқиғалар кезіндегі тергеп-тексеру тәртібін және персоналды беру жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормалар қарастырылған.
Заң жобасында Кәсіпкерлік кодекске және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.
Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин құжатқа қатысты өз пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, бұл қадам жұмысшылардың құқығын қорғауға септігін тигізеді.
«Қай кезеңде де еңбек мәселесі өте маңызды. Сондықтан бұл саланы әрқашанда заң деңгейінде қорғау үшін дер кезінде нақты қадамдар жасалып келеді. Соның бірі – бүгінгі мақұлдаған заң жобасы. Құжатта қарыздық еңбекті реттеу нормалары енгізілді. Бұл азаматтарды жұмыспен қамту және олардың әлеуметтік жағдайын сақтауға бағытталған тағы бір мүмкіндік», деді Н.Нығматулин.
Жалпы отырыста депутаттар Еуразиялық патент конвенциясына өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасына қатысты баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, Хаттаманың мақсаты – өнертабысқа арналған еуразиялық патенттерді тіркеудің қолданыстағы жүйесіне ұқсас өнеркәсіптік үлгілерге қатысты құқықтарды алудың өңірлік жүйесін құру.
«Хаттамада өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттердің құқықтық қорғау ерекшеліктері, әрекет ету қағидаттары, өтініш берушілердің, құқық иеленушілердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ Еуразиялық патент ведомствосы жүзеге асыратын міндеттемелер мен уәкілеттіктер көзделген. Аталған заң жобасы өңірлік патент жүйесін жетілдіру мақсатында енгізіліп отыр», деді ведомства басшысы.
Министрдің айтуынша, халықаралық патенттеу кезінде әр мемлекетте жеке өтінім беру және жеке төлемдерді төлеу айтарлықтай әкімшілік кедергі келтіреді. Депутаттар назарына ұсынылған құжатты қабылдаған жағдайда бір патент арқылы 8 елде құқықтық қорғауға мүмкіндік тумақ.
«Қазақстандық өтінім берушілер үшін өңірлік жүйенің артықшылығы – объектіні сегіз мемлекетте бір уақытта қорғау үшін Еуразиялық патент ведомствосына жүгіну. Бұл жүйе еуразиялық аумақта сауда жасау барысында өнеркәсіптік үлгілерді қорғаудың деңгейін арттыруға және осы жүйенің мүше мемлекеттерінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Өңірлік патент Еуразиялық нарыққа бағытталған отандық тауар өңдірушілерінің мүмкіндіктерін арттырады», деді М.Бекетаев.
Хаттаманы ратификациялау нәтижесінде отандық тауар өндірушілердің өнеркәсіптік үлгісіне алған патенті Еуразиялық патенттеу жүйесіне қатысушы 8 мемлекетте – Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Түрікменстан және Тәжікстанда қолданылуға мүмкіндік бар.
Осы жүйені құру республикадан тыс жерлерде өнеркәсіптік үлгілерге қорғау алу рәсімдерін жеңілдетуге және Еуразиялық патент ұйымының Еуразиялық патент ведомствосына бір өтінім беру жолымен әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.
Ұрлық азаймай тұр
Жалпы отырыс барысында Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы кодекске түзетулер енгізу, сондай-ақ Ұлттық қордан 2020 – 2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт және республикалық бюджет пен бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобалары.
Сонымен қатар жұмысқа алған заң жобаларының қатарында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы және энергия үнемдеу мен тиімділігін арттыру және аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелеріне қатысты түзетулер енгізетін заң жобалары бар.
Сондай-ақ Палатаның бейінді комитеттері қорытынды әзірлеу мерзімдерін шығару үшін бірқатар ратификациялық заң жобаларын жұмысқа алды. Олар ЕАЭО тауар мен қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы азаматтардың өзара визасыз жол жүрулері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) және Қазақстан мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) ратификациялау туралы заң жобалары бар.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов еліміздегі автокөлік ұрлығына алаңдаушылық білдірді.
«Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметіне сәйкес, кейінгі 2 жыл және 2020 жылдың 8 айы ішінде 5 132 көлік ұрланып, соның тек 1 922 көлік иелеріне қайтарылды. Жалпы, автокөлігінің жоғалуы және оның табылмай кетуі жәбірленген көлік иесіне ауыр тиетіні белгілі. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы 1 490 автокөлік ұрланып, оның 671-і ғана табылған. Ал биылғы 8 айда 1 733 автокөлік ұрланып, 233-і ғана табылып отыр», деді депутат.
Е.Бектұрғановтың айтуынша, мұның басты себептерініңі бірі – автокөлік құралдарын екінші реттік есепке алу немесе шешу кезінде автокөліктің шанағы мен қозғалтқышының нөмірлік белгілерін визуалды тексеру жүргізуді алып тастау. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, кейінгі 2 жылда және 2020 жылдың 8 айында екі реттік санаққа қойылған көліктердің саны 2 325 820 құраған. Е.Бектұрғанов осыған байланысты шанақтың және қозғалтқыштың нөмірлік белгілерінің түпнұсқалығы бөлігінде және көлікті екінші реттік қайта тіркеу кезінде сәйкестігін тексеруді қайта іске асыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Мәжіліс депутаты Альберт Рау Бас прокурорға сауал жолдап, заңсыз алтын іздеушілерді қылмыстық жазаға тартуды талап етті. Оның сөзіне сүйенсек, елімізде алтын кендерінен шикізат ұрлағандар азаяр емес.
«Бірқатар аймақта ұзақ жылдан бері алтын шикізатын ұрлау әрекеттері тыйылмай келеді. Әсіресе Ақмола облысындағы «Қазақалтын» тау-кен концернінің жағдайы ушығып кеткен. Ол жерде 2015-2020 жылдары аралығында кәсіпорынға қарасты нысандарда 32 мыңнан астам заңсыз алтын іздеушілер ұсталған», деді депутат.
Бұған дейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға өзерістер енгізілген-ді. Аталған құжатқа сәйкес, қорғалатын нысанға заңсыз кіргені үшін 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (1 айлық есптік көрсеткіш – 2 778 теңге) айыппұл қарастырылған. Немесе күдікті екі аптаға қамауға алынады. А.Раудың сөзіне сенсек, мұндай шаралар жағдайды түзетпеді, тәртіп бұзушылар әлі де азайған жоқ.
«Мәселен, 2019 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың тамыз айы аралығында 5 700 заңсыз алтын іздеушілер ұсталып, полицияға тапсырылды. Олардың басым бөлігі – 4 400 адам тәртіп бұзушылықты екінші рет жасаған. 3697 адам жауапқа тартылды», деді А.Рау.
Депутаттың айтуынша, заңсыз алтын іздеушілер жарылғыш заттарды жиі пайдаланады. Бұған қатысты қылмыстық істер де қозғалған. Алайда алтын іздеушілер мен сатып алушыларды Қылмыстық кодекстің 196-бабы бойынша жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі алтын шикізаты «қылмыстық жолмен табылған мүлiк» болып саналмайды.
«Осылайша, заңсыз алтын айналымы өндіруші компаниялардың жұмысын қиындатып отыр. Экономикаға да айтарлықтай шығын келтіреді. Өйткені бюджетке тиісті салықтар мен төлемдер түспейді. Осыған байланысты бақылауды күшейтіп, асыл металдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жазаны енгізуді сұраймыз», деді дептутат.
Кейбір ауылдарда ауыз су жоқ
Депутат Жамбыл Ахметбеков Премьер-Министр Асқар Маминнің атына ресми сауал жолдап, ауыл тұрғындарын мазалап отырған ауыз су мәселесін көтерді. Оның айтуынша, осы салаға бөлінген миллиардтаған теңгеге қарамастан, әлі күнге «тіршілік нәріне» қол жеткізе алмай отырған ауылдар жетерлік.
«Мәжіліске Ақмола облысының Қорғалжын ауданы, Қызылсай ауылдық округінің Шалқар ауылынан «Ақсақалдар алқасы және ауыл тұрғындары атынан 51 адам қол қойған ұжымдық хат-үндеу келіп түсті. Халықтың сұрауы біреу ғана. Ол – ауыз су. Ауыз су – ауамен қатар адам өмірі үшін ең қажетті мәселе екендігіне ешкім таласпайды және осы маңызды мәселе үшін «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында миллиардтаған қаражат бөлінді. Өкінішке қарай, мемлекет ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қаншама млрд қаражат бөлсе де, халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге әлі күнге дейін толық қол жеткізе алмай келеміз», деді депутат.
Ж.Ахметбековтің келтірген деректеріне сай, 2014 жылы Қорғалжын-Шалқар бағытындағы ұзындығы 29,5 шақырым су құбыры магистралының 95 пайызға тозғандығы расталды. Құбыр жүйесі 1970 жылы салынған. Осыған байланысты 2015 жылдан бастап ауыз су ауылға автокөлікпен тасымалданады. Шалқар ауылының ішкі су тарту құбыры 2010 жылы салынып, 2014 жылға дейін қолданылған. Алайда кейіннен қараусыз қалғандықтан, қазір қайта жөндеуді қажет етеді.
«Күздің жауын-шашыны кезінде, қыстың боранында жол жабылған кездерде ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуде көптеген қиындықтар туындайды. Былтыр қаңтардың қарлы бораны кезінде автомобиль жолы жарты айға жуық жабылып, Қорғалжын тұрғындары қар ерітіп, мұз ойып ішуге мәжбүр болды. Бұл жағдай республикалық Қазақстан-1 телеарнасынан көрсетілді. Осы жағдай әлі сол күйінде, өкініштісі бұл үйреншікті жағдайға айналып барады. Жағдай өте күрделі, біздегі нақтыланбаған деректер бойынша Қорғалжын, Біртабан, Шалқар ауылдарында 6 мыңнан астам адам тұрады. Осы ауылдарда 5 мыңға тарта ірі қара, 3 мың жылқы, 6 мың қой-ешкі, 15 мыңға тарта үй құсы өсіріледі. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, республикалық бюджеттен аталған елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажетті қаражатты бөлу мүмкіндігін қарауыңызды сұраймыз», деді Ж.Ахметбеков.
Депутат Василий Олейник Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүддесін қылмыстық-құқықтық тұрғыда қорғау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер құқық қорғау және бақылаушы органдар тарапынан жасалатын түрлі қысымға тап келеді.
«Сотқа дейінгі тексеру органдары кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалауға ұшыратқаны жиі тіркеледі. Мәселен, кейінгі 4 жылда Қаржы министрлігіне қарасты Экономикалық тексеру қызметі жүргізген экономика саласындағы тексерулерінің 17,3 пайызы немесе 2069 іс тоқтатылған. Оған қоса, кәсіпкерлердің құқығы түсіндірілмейді және келтірілген шығын қайтарылмайды», деді депутат.
Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдаған Юрий Тимощенконың айтуынша, зейнетақы қорынан берілген ақша алимент пен кредит бойынша қарыз үшін өндіріліп алынуы мүмкін.
Қазіргі таңда Үкімет тиісті құжаттарды әзірлеп, зейнетақы жинақтарын пайдалануды заң жүзінде бекітуді жоспарлап отыр. Алайда кейбір салымшылар бірқатар қиыншылыққа тап болуы мүмкін.
«Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған 700 мыңнан астам салымшылардың арасында қарызын төлеуге міндеттелгендер бар. Мәселен, олардың арасында алимент төлейтіндер және банктік және микроқаржылық ұйымдарға борышкерлер де енген. «Сот орындаушысының мәртебесі мен атқару өндірісі туралы» заңның 98-бабына сәйкес, зейнетақы жинақтары өндіріп алуға жатпайды. Дегенмен, жолдау бойынша үй алуға, емдеуге және сенімгерлік басқаруға берілетін ақша зейнетақы төлемдері болып саналады және жаңағы заңда көрсетілмеген», деді Ю.Тимощенко.
Депутаттың айтуынша, өндіріп алуға жатпайтын ақшаға зейнетақы жинақтарын ғана емес, зейнетақы төлемдерін де кіргізбесе, көп адам жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мәселен, олардың төлемдерін алимент немесе кредиттік қарызын жабуға міндеттеуі ықтимал.
«Осылайша, зейнетақы төлемдері мақсатсыз жұмсалуы мүмкін деген қауіп бар. Сот орындаушылар ол ақшаны мәжбүрлі түрде өндіріп алуы мүмкін. Сондықтан тиісті заңдарда нақты үш мақсатты көрсетіп, зейнетақы төлемдерін де өндіріп алуға жатпайтын ақша ретінде бекіту керек», деді Ю.Тимощенко.