Түрлі локдаун сценарийлерін модельдеу, қысқа және ұзақмерзімді кезеңге сәйкес дағдарысқа қарсы тиісті шараларды жоспарлау бойынша Whiteshield Partners компаниясының инновациялық әдістемесі талқылау тақырыбына арқау болды.
Семинарды аша отырып, Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов: «Пандемия және одан кейінгі жаңа кезең мемлекеттік басқару сапасына жоғары талаптар қояды. Елдердің пандемия сынақтарына шұғыл жауап қайтару және қайта қалпына келтіру шаралары бойынша неғұрлым тиімді жолдар іздестіруде де мемлекеттік басқарудың бүгінгі шешуші рөлі айқын. Мұның басты факторы – азаматтардың сенімі. Бұл – һәм әлеуметтік құндылық, һәм тиімді әкімшілік капитал», деді.
Whiteshield Partners серіктесі және директоры Энтони О'Салливан өз сөзінде дағдарысқа қарсы әрекет ету қажеттілігіне және бұл түрлі инновацияларды инвестициялау арқылы ғана мүмкін екендігіне назар аударды.
Өз кезегінде Whiteshield Partners компаниясының жаһандық басқарушы серіктесі әрі тең құрылтайшысы Фади Фарра дағдарысқа қарсы бірыңғай кешенді көзқарас қалыптастыру үшін алдыңғы шептегі басты мамандар мен шешуші сарапшылар арасында бірлескен одақ құруға шақырды. «Дағдарысқа қарсы тұруда кідіруге болмайды, өйткені бюрократияға орын жоқ» деп атап өтті ол.
Сонымен қатар семинарға Польшаның қаржы экс-министрі, ЭЫДҰ және ЕО-дағы бұрынғы елшісі, қазіргі Whiteshield Partners директоры Павел Войцеховский, белгілі экономист, Еуропалық қайта құру және даму банкінің 2015-2019 жылдардағы бас экономисі, Париждегі Саяси зерттеу институтының экономика профессоры Сергей Гуриев, сонымен қатар Француз қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің эпидемиология және биостатистика профессоры Паскаль Крепи қатысты.
П.Войцеховский пандемиямен күрес ауқымында түрлі кезеңдерді, үш өлшемдік, әлеуметтік-экономикалық аспектілерді қарастырудың, біртұтас тәсілдеменің болуы маңыздылығына тоқталды. Ол қайта локдаунды болдырмау үшін модельдеудің дәстүрлі емес тәсілін және молекулалық деңгейде терең талдауды қолданатын осы бағдарламаны пайдаланудың пайдасы туралы айтты.
Профессор С.Гуриев пандемиямен күресте адал және тиімді қызмет ететін, сол арқылы азаматтардың мемлекетке сенімін арттыратын, жұмысы мығым мемлекеттік аппарат шешуші рөлге ие екенін жеткізді. Ол үкіметтердің қабылдаған нақты шараларына тоқтала отырып, көптеген еуразиялық елдер салық реформасы, жаңа салықтарды енгізу, салықтарды өсіру туралы ойлайтынын, бірақ қазір жаңа салық енгізетін уақыт еместігін атап өтті.
«Артық ақша тапшы кезде адамдарға қолдарынан келгенше ақша табуға мүмкіндік беру керек. Сондықтан бизнес үшін реттеуші тосқауылдарды алып тастау маңызды», деді С.Гуриев.
Вебинар аясында СOVID-19-ға қарсы шұғыл әрекет етуге бағытталған инновациялық «Navigator» бағдарламасы таныстырылды. Бұл қосымша экономикалық және эпидемиялық модельдерге, әлеуметтік-экономикалық салдарларды талдауға және дағдарыс сценарийлерін жоспарлауға негізделген. Сондай-ақ ғылым, икемді басқару және әлеуетті арттыру арқылы күнделікті әсер ететін «Жылдам әрекет ету тобы» тәсілі ұсынылды.