Сұхбат • 15 Қазан, 2020

Владислав Тен: «Кез келген биікті еңбекпен бағындырасың»

645 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

– Владислав, әңгімені өз жайы­ңыздан бастасаңыз. Бі­луімше, сіз Өзбек­станнан кел­ген азаматсыз. Нұр-Сұл­тан­ға қашан келдіңіз? Қай кезден бас­тап көп тіл меңгере баста­дыңыз?

Владислав Тен: «Кез келген биікті еңбекпен бағындырасың»

– Иә, менің туған жерім – Өзбекстан мемлекеті. Сонда өстім, білім алдым, кәсіп үйрендім. Мамандығым – дәрігер. Ташкент қаласындағы медициналық инс­титутты бітіргем. Дәрігер болу бала күнімнен арманым еді. Анам дәрігер болған соң мен де дәрігер болғым келді. Содан он шақты жыл бойы сол салада еңбек еттім. Терапевт, гастроэнтеролог, эндоскопист – міне, алғашқы еңбек жолым. Мен Нұр-Сұлтан қаласына әкемнің шақыруымен келдім. Алдымен осында әкем келді. Құрылыс саласында бизнеспен айналысты. Сосын қарындасым жетті. Олардың соңын ала анам екеуміз Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына айналдық. Осында келгеніме тура он жыл. Ал көп тілдің жайына келсек, тілім орысша шыққан, мектепте, жоғары оқу орнында орыс тілінде білім алдым. Жоғары оқу орнын бітіргенше басқа шет тілдерін жақсы білген емеспін. Біліктілігімді жоғарылату үшін маған бірден үш тілді меңгеру­ге тура келді. Олар – корей, өз­бек және ағылшын тілдері. Бірін­шіден, менің ұлтым – корей. Өз ана тілімді терең меңгеруім керек екенін саналы түрде сезіндім. Иә, бізге аталарымыз «үйде өз тілдеріңде сөйлесіңдер, әдет-ғұ­рыпты сақтаңдар» деп өсиет айтатын. Бірақ, біз сол өсиетті ұмыт­пасақ та, орындай алмаған ұрпақпыз. Сондықтан ең бірінші осы олқылықтың орнын толтыру үшін корей тілін үйренуім керек деп шештім. Екіншіден, дәрігер болған соң алдыма неше түрлі пациенттер келеді. Олардың ішінде орыс тілін білмейтін өзбектер де бар. Ал мен науқастарыма кеңес беруім керек. Егер олардың ті­лін түсінбесем қалай сөйлесемін? Сон­дықтан өзбек тілі де маған қажет еді. Үшіншіден, медициналық ғылыми материалдарды оқығым келгендіктен, ағылшын тіліне де зәру болдым. Осындай себептермен бірден үш тілді үйрене бастадым. Алдымен өзіме тілді тез үйре­тетін әдістеме жасадым. Сол бойынша алғашында жаттыға жүріп, кейіннен әр тілді терең меңгердім. Оның пайдасы – Оңтүстік Кореяда біліктілігімді арттыруға мүмкіндік алдым. Қай елге барсам да өзімді еркін сезінуге қол жет­кіздім. Қай тілде сөйлесем, сол ұлт­тың сөйлеу ерекшеліктерін, әдеттерін «жұқ­тырып» алатынымды байқадым. Бұл қызық нәрсе.

– Сіз қазір менімен қазақша сөй­лесіп отырсыз. Қазақ тіліне неге қы­зық­тыңыз немесе үйренуге қандай қа­жет­­тілік болды?

– Шынымды айтсам, осында келгенше қазіргі Қазақстан туралы ақпаратым өте аз болды. Әкем Нұр-Сұлтан қаласын мақтап отыратын. Онда да «жаңа қала салынып жатыр, бизнес дамытуға мүм­кіндіктер көп» – деген ыңғайдағы сөз­дерді айтатын. Ал қалаға келген соң көп нәрсені өз көзіммен көрдім. Ана тілін білмейтін қазақтар бар екен. Олар бір-бірімен орысша сөйлеседі. Бұл маған жаңалық болды. Рас, Ташкентте де орыс тіліне қажеттілік бар. Бірақ, онда көбіне өзге ұлт өкілдері бір-бірімен орысша сөй­леседі, ал өзбектер бір-бірімен өзбек тілінде сөйлеседі. Яғни онда өзбек тілі­нің мәселесі жоқ. Ал Қазақстанда қазақ тілінің мәселесі бар екен. Мен қазақша үйренгім келетінін әкеме айтқанымда, ол мұны құптамады. «Қазақ тілін білмесең де, мамандығың бо­йынша еңбек ете аласың. Мұнда көп орта негізінен орыс тілді» деді ол. Әкем қазақ тіліне қарсы адам емес, бірақ ол шындықты айтты. Бірақ менің тіл үйренуге деген құлшынысым тоқтап қалған жоқ. Осында келген соң да мен дәрігерлік қызметімді жалғастыра бердім. Арасында тіл үйреніп жүрдім. Үш жылдан соң аударма жағына ойыстым. Ағылшын тілінен синхронды аудармашы атандым. Бұл кезде мен ағылшын тілін орыс тілімен бірдей дә­ре­жеде үйреніп алған едім. Еш қи­нал­май, ойланбай ағылшынша сөй­лей алатын дәреже­де. Ал қазақ тілін үйренуге кіріскенде өзіме жасанды тілдік орта жасап алдым. Аудиоматериалдар арқылы. Өйткені менің маңайымда қазақ тілінде сөйлейтін ешкім болған жоқ. Аудиоматериалдарды бір жылдай тыңдаған соң барып қазақша тілім шықты. Құлағыммен тыңдаған нәрселерді ауызбен айтуға үйрендім. Әрине, тек тыңдау арқылы қазақша үйрендім десем жаңсақ болар, көптеген кітаптар да көмекке келді. Бірақ ең бірінші тыңдауға басымдық бердім. Тіл үйренушілер бір нәр­седен қателесіп жатады. Олар оқи береді, оқи береді, ереже жат­тайды. «Үйрене алмадық» –дейді сосын. Айтайын, тіл миға көзбен кірмейді, құлақпен кіреді. Сосын тіл үйренуге махаббат керек. Сол тілді жақсы көру керек. Мен қазақ тілін корей, ағылшын, өзбек тілдерін үйренгенім сияқты махаббатпен үйрендім. Қазір отыз тілдің грамматикасын білемін, бірақ төрт тілде жақсы сөйлей­мін деп есептеймін. Қазақ тіліне алғаш қызыққан кезде карьера жасауды ойлағанымды жасырмаймын. Кейін келе «қызмет ету» дейтін түсінік пайда болды. Біздің ата-бабаларымыз күштеп қоныс аудару кезінде ең алдымен Қазақстанға келген. Үштөбе қаласына. Кейіннен жер-жерге тарап кеткен. Ең көп корейлер Өзбекстанға кеткен. Өйткені, корейлер жер емген халық. Қазақстанға келгенде оларға жергілікті қазақтар көп жақсылық жасағанын білеміз. Сол кез­дегі қазақтар болмағанда біздің ата-бабаларымыз аман қалмас еді. Сол жақсылықтың өтеуі болуы керек деген ойдамын. Сондықтан осында келген кезде өз жеріме оралғандай сезімде болдым. Өзімді корей рулы қазақпын дей­мін. Екіншіден, ақын Мұхтар Шаханов қазақ тілінің мәселесін көп көтерді. Орыс тілінде ойланып, орысша жазатын, орысша түс көретін, орысша жылап, орысша күлетін қазақтар туралы көп жазды. Бірақ одан мәселе шешілмейді. Ол үшін еңбектену керек. Тілді үйретуге көмектесу керек. Меніңше, орыс тілі жаман тіл емес. Бірақ оның негізгі ота­ны – Ресей. Ал Қазақстан халқы, әсіресе қазақтар қазақ тілінде сөйлесе, сонда әділетті болмақ.

– Сонда біржола лин­гвис­тикаға бет бұрдыңыз ғой. Сіз ашқан «Лингва Тен» орта­лы­ғының мақсаты қандай? Қай тілдерді үйретесіздер?

– Менің негізгі кәсібім – дә­рігерлік. Онымен қош айтысамын деп ойламаймын. Мүмкін күндердің бір күнінде қайтадан дәрігер болып еңбек етуім де ғажап емес. Ал әзірге тіл үйрететін орталықтың жұмысымен айналысып жатырмыз. Орталығымыз 2017 жылы ашылды. Алғашында ағылшын тіліне басымдық беріп, ағылшынша үйрететін орталық ашуды жоспарлағанбыз. Байқап қарасақ, ондай орталық өте көп. Біздің олардан ерекшелігіміз болуы керек қой. Сосын қазақ тіліне басымдық жасадық. Қазір біздің орталықты негізінен көп адам орыс тілділерге қазақша үйрететін мекеме ретінде таниды. Бірақ біз бірнеше тіл үйретеміз. Үш бағытта жұмыс істеуді мақсат етіп қойдық. Бірінші, орыс тіл­ділерге қазақ тілін үйрету. Екінші, қа­зақ тілділерге ағылшын тілін үйрету. Үшін­ші, ағылшын тілділерге қазақ тілін үй­рету. Әзірге соның алғашқы екеуі іске асты. Одан бөлек, корей, түрік ті­лін үйренем деушілерге де қызмет көр­сетеміз. Қалыптасқан жағдайға сәйкес оқыту онлайн түрде өтеді. Орталықта менен басқа да тәжірибелі оқытушылар бар. Олар менің тіл үйрету әдістемемді қолданып, сабақ өткізеді.

– Сіздің әдістемеңіздің ерек­ше­лігі неде? Алғашқы нәти­же­лер қандай?

– Ерекшелігі дейсіз бе? Бұл туралы кітап әзірлеп жатырмыз. Осы жуырда дайын болады. Әдістемемнің ерекшелігі ретінде бір ғана нәрсе айтқым келеді. Мен тілдерді ешкімнің көмегінсіз, өз бетіммен үйрендім. Тіл үйрену барысында көмектескен әдістердің көпшілігін кітапқа қолдандым. Бұл кітап – тіл үйренушіге орысшалап айтқанда «старт» береді. Әрі қарай жылдамдығын арттыру, игеру өзіне байланысты.

Орталыққа келіп, тіл мең­герген адам­­дар көп. Олар көбіне орыстілді қа­зақ­тар. Осында қа­зақша бірауыз сөз біл­­мейтін қа­зақтар келіп, жақсы жетіс­тікке жетті. Білесіз бе, олар «мен қазақ­ша үйреніп жатырмын немесе мен қа­зақша жақсы сөйлейтін болдым» деп жарнамалап айтпайды. Өйткені, қи­сын бойынша, өз тілін білу – олардың міндеті. Олардың қазақ тілін жақсы мең­геріп кетуіне менің де біршама сеп­тігім тиеді. Өйткені ұлтым басқа ғой. «Мы­на жігіт корей болса да қазақша сөйлейді, мен неге сөйлей алмаймын?» деген сияқты намысы оянады емес пе? Осында бірінші­ден, бейнелеп айтқанда «шабадан­дық көңіл күймен» жүрген адамдар келеді. Олар Ресейге не шетелге кеткісі кеп жүрген қазақша білмейтін қазақтар. Мен олармен біраз сөйлесемін, қазақ тілін үйрену оңай екенін айтамын, көмектесетінімді жеткіземін. Екіншіден, қазақша білмейтін баласын жетектеген ата-аналар келеді. Бұл парадокс жағдай. Ата-анасы қазақшаға судай. Ал баласы қазақша білмейді, есесіне, орыс тілінде сайрап тұр. Сол ата-аналардың балаларымен қарым-қатынас жасауға уақыты жоқ. Ал балаларды «Ютуб» тәрбиелеп жатыр. Міне, үлкен қалаларда осындай буын қалыптасып келеді. Бұл үлкен мәселе меніңше. Олар қазақ тілін жек көргені үшін ­орысша сөйлеп жүрген жоқ. Мә­селе – ғаламтор олардың анасына ай­налды. Далаға шықса дос­тары орысша сөйлейді. Осылай орыс тілі саналарына сіңіп алды. Орыс тілі вирус сияқты, тез кі­ріп кетеді. Өйткені біздің алатын ақ­паратымыздың көп пайызы орыс тілінде. Сол ата-аналар ең құрығанда балалардың гаджетін қазақ тілінде теңшеп, «Ютубтан» қазақша ойындар мен мульт­фильмдер көруіне мүмкіндік жасап берсе дейсің.

– Сіздің әдістемеңіз бойынша қазақ тілін қанша уақытта үйренуге болады?

– Мәселе уақытта емес. Мы­салы мен көп нәрсеге дәрігерлік көз­қараспен қа­раймын. Қазақ­ша тіл білмейтін қазақты мен ең алдымен пациент ретінде қарас­тырам. Ол – науқас. Енді мен оның айы­ғуына көмектесуім ке­рек. Сол үшін барымды саламын. Мен оған ұрыспаймын, өзі білетін нәрсені айтпаймын, мақсатым – барынша тілге қызықтыру, тарту. Тіл адам сияқты. Ол жанды құбылыс. Оны өзіңе тарта беру керек. Тартыла келе бір күні ол сенің ішіңе кіріп алады. Мен осыны барынша шынайы ұқтырам. Мен өзімді ең күшті, ең ақылды, ең жақсы мұғаліммін демеймін. Бірақ тілді махаббатпен үйретемін. Өзгелер көрмей тұрған нәрсені байқай аламын. Осыдан екі ай бұрын Қанат Тасыбеков ағамен бірге Зерендіге бардық. Сонда орыс тілділерге қазақша үйретуге арналған әдістемеміз жөнінде әңгімеледік. «Влад, сен қазақ емессің, біз қазақ тілін сенен жақсы білеміз» – деген мұғалімдер болды. «Әрине, мен қазақ емеспін. Қазақшаны ойланып барып сөйлеймін. Сіз бен менің айырмашылығым осында ғой. Яғни өзге ұлт азаматы ретінде мен қазақ тіліне сырттай қарай аламын. Осы тілдің ерекшелігін жақсы меңгердім. Әрі әдістеме жасадым» дедім оларға. Расында орыс тілділерге «сөйлеп отырмын», «айтып жатырмын», «жаңбыр жауып тұр» дегенді ұқтыру оңай емес.

– Қазақ тілді аудиторияға ағыл­­шын­шаны қазақ тілі арқы­лы үйретем дегенді айттыңыз? Бұл аудитория кім­дер? Сосын ағылшын тілділерге қазақ тілі­нің керегі бар ма?

– Иә, екінші бағытымыз – ағыл­шын тілін қазақ тілін бас­палдақ етіп үйрету. Қазақ тілінде еліміздің оңтүстік өлкесі көбірек сөйлейтінін білесіз. Біздің мақ­сатымыз – оңтүстік. Оңтүстіктің қазақша судай сөйлейтін адамдарына орыс тілінің көмегінсіз ағылшынша үйрету. Мүмкін біз­ге көмектесетін адамдар табы­лып қа­лар? Мұғалімдер жібе­рер­міз. Бұл жо­ба жетілдірілу үс­тінде. Ағылшын тілін қазір де үй­ретіп жатырмыз. Ал оң­түстік бағыты іске асса, көбірек адам­ға үйретер едік. Ал ағылшын тіл­­ді адам­дарға қазақша үйрету дей­тін бағытқа келсек, бұл жерде ең алдымен Димашты айтар ем. Димаштың жанкүйерлері ол сөйлейтін тілді білгісі келеді. Көр­діңіз бе, қазақ тілінің аясы ке­ңеюіне Димаш ән айтып жүріп-ақ қызмет етуде. Маған достарым «қазақ тілін дамытуға көп еңбек етіп жатырсың» дейді. Жоқ, мен олай ойламаймын. Қа­­зіргі кезде қа­зақ тілі үшін Ди­­­маш­тың еңбегі зор. Ди­маш сөй­леген тілді үйренгісі келе­тін адам­дар біздің орталыққа хат жа­зады. «Қазақша үйретіңіздер» – деп. Го­лов­киннің арқасында шетелдіктер Қазақстанның қай жақта, қандай ел екенін білсе, Димаштың арқасында қан­дай тілде сөйлейтінін біліп жатыр. Міне, сол жанкүйерлерге біз қа­зақша үйретсек дейміз.

– Жуырда Парламент Се­на­тына сарапшы ретінде шақы­рылдыңыз ғой. Сонда не жайлы әңгімеледіңіз, қандай мәселе көтердіңіз?

– Менікі сол қазақ тілінің мә­селесі. Міне, тәуелсіздік ал­ға­нымызға отыз жыл болды, қа­зақ тілін білмейтін қазақтар көп дедім. Оларға қазақшаны үйре­те алмай жатырмыз дедім. Ең соңында «мен әдістеме жасап шық­тым. Сол бойынша оқытса, бір жыл ішінде қазақша сөйлей­тін қазақтар көбейеді» дегенді айттым. Енді олар мені шақырса, бірлесіп жұмыс істеуге дайынмын. Себебі, бұл өте ауқымды мәсе­­ле. Тіл мәселесін жақсы тү­сінемін. Ана тілін білмейтін корейлер де баршылық...

– Сіздің әлеуметтік желіде белсенді екеніңізді білеміз. Әлеу­меттік желі арқылы имиджі­ңіз қалыптасты. Көп­шілік таниды. Әйтсе де үнемі желіде пікір ал­масып отыру, үнемі бірдеңе жа­зу шаршататын кездер бола ма?

– Жоқ, шаршатпайды. Олар ма­ған жарнама жасап отыр ғой. Сосын мен өз уақытымды әр­қашан үнемді пайдалануға талпынамын. Былайша айтқанда менде бос уақыт жоқ. Көп адамдар сонша тіл білгеніме қарап лингвист деп ойлай­ды. Бірақ өзіме салсаңыз, лингвистикам әлі де аз. Оған қарағанда менің дәрігер­лік білімім жоғары. Ал көпшілік адамдардың уақытын қалай пайдаланатынын мен түсінбеймін. Олардың уақыттары қайда кетеді? Сөйлесіп оты­рып та, жазып жатып та арасында бірде­ңелерді жоспарлап, миымды көп жұмыс істетуге үйретіп қойдым. Менің ойымша көп нәрсе еңбекпен келеді. Мен неге Димашты жақсы көремін. Ол бүкіл дүниеде күшті дауыс иесі. Ол – қазақ. Ол – еңбекқор адам. Басқа әншілердің табиғи даусы Димаштан аз болмауы мүмкін. Бірақ олардың еңбегі аз. Еңбек етпейді. Сондықтан еңбек етіп те, өз еңбегіңді жарнамалап та үйрену керек.

– Өзіңізді үнемі қамшылап отырасыз ба? Жеткен жерде тұ­рып қалмай не өз жетістік­те­­ріңізді қанағат тұтып қалып кет­пей, алға ілгерілеп отыру үшін өзіңізді қалай баптайсыз? Өзіңізге қандай мотивация бе­ресіз?

– Біздің мотивациямыз – отбасымыз, ата-анамыз. Егер біз ата-әжелерімізді, әке-шешемізді, балаларымызды сыйламасақ, құр­меттемесек, бізде мотивация болмайды. Кері кетеміз. От­басы құндылығы мен үшін ең бірінші орында тұрады. Алды­мен отбасыдағы ауа райы, адам­дардың көңіл күйі жақсы болу керек. Отбасыдағы бе­реке шабыттанып жұмыс істеуіме мүм­кіндік береді. Мысалы, маған адамдар «жас көрінесіз» деп айтады. Мен неге жас көрінемін. Арақ ішпеймін, темекі тартпаймын, құнарлы тамақ жеймін, спортпен шұғылдана­мын. Бұл әдеттер бала кезден бой­ға сіңірілді, солай қалыптастық. Кейіннен дә­рігер боп еңбек етіп жүрген кезде де науқастарды емдеу үшін, сөзім өтімді болу үшін, өзім де со­ған сай болуым керек деген ұс­танымда болдым. Алдыма кел­ген науқасқа темекі тартпа, арақ ішпе деп айтуым үшін өзім де соны ұстанған болуым керек қой. Сондай-ақ науқасқа аз тамақ іш деп алып, өзім оның алдында жуан қарынмен тұрсам, кім маған сенеді? Міне, осындай нәрселер әрқашан формада жүруге септігін тигізді. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» дейтін сөз бар ғой қазақта. Ондай екіжүз­ділікке жаным қас. Әр таңның атысын мен ең соңғы атқан таң сияқты қабылдаймын. Сол үшін аянбай еңбек етемін. Кейде «мен тек ұйықтап жатқанда ғана жұмыс істемеймін» деп әзілдеймін. Өйт­кені, еңбекті ең бірінші орынға қоямын.

– Әңгімеңіз үшін рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»