Экономика • 15 Қазан, 2020

Әуежайлардың әлеуеті қандай?

504 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өткен аптада халық қалаулысы Аманжан Жамалов Шымкент қаласының әуежайын жекешелендіруге қатысты депутаттық сауал жолдады. Әуежай сатып алу құқығымен 10 жылға бәсекелестік ортаға берілмек. Депутаттың пікірінше, мұндай стратегиялық нысанға қатысты асығыс шешім қабылдауға болмайды.

Әуежайлардың әлеуеті қандай?

Асығыстықтың артында кім тұр?

Сөйтсек, «Шымкент қаласының әуе­жайы» АҚ-қа қатысты тендерге өтінім қабылдауға үш апта ғана берілген. Де­путат мұндай қысқа уақытта әлеуетті инвесторлардың бәрі бірдей өтініш беріп үлгермеуі мүмкін екенін жеткізді. Ол осы жағдайға қатысты Air Astana компаниясының наразылық білдіргенін алға тартты.

– Конкурсты ың-шыңсыз әрі жылдам ұйымдастыру әлдекімдерге тиімді ме деген ой қалыптасады. Тағы бір таң­ға­ларлығы, конкурсқа жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер де қатыса алады екен. Жеке тұлға қалайша үлкен әуе­жайды басқармақ? Бұл жағдай қала әуежайының болашақтағы әлеуетіне деген сенімсіздікті қалыптастырады. Сарапшылардың бағалауынша, 5,2 млрд теңге көлеміндегі бастапқы баға мұндай нысан үшін төмендетіліп көрсетілуі де мүмкін. Біріншіден, нысанның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Шымкент әуежайын сатып алу құқы­ғымен сенімді басқаруға беру тендеріне өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзартуды сұраймын. Бұл конкурсқа біліктілігі жоғары ойыншылардың көптеп қатысуына жол ашады. Екін­ші­ден, әлеуетті қатысушыларға қойы­латын біліктілік талаптарын қайта қарау қажет. Олар әуежайды тиімді бас­қаруға қабілетті екенін растауы керек. Үшіншіден, нысанның бастапқы құнына тәуелсіз бағалау жүргізу қажет, – деді Аманжан Жамалов.

Осы мәселе бойынша Шымкент қа­лалық қаржы басқармасына хабар­лас­­т­ық. Басқарманың жеке­ше­лен­діру, сенімді басқару және жалға беру бө­лі­мінің басшысы Светлана Самох­ва­ло­ва­мен сөйлестік. Ол алғашқы тендер осыдан бірнеше күн бұрын, яғни 8 қа­зан­да өткенін айтты.

– Бір ғана өтінім түскендіктен, конкурс «өткізілген жоқ» деп танылды. Ереже бойынша кем дегенде екі қатысушы болуы тиіс. Енді қайтадан конкурс жария­лай­мыз. Мемлекеттік меншікті сенімді басқаруға беру ережесіне сәйкес, үш рет тендер жариялауға болады. Егер үш рет қатысушылардың болмауына байланыс­ты конкурс өткізілмеді деп танылса, оның күшін жоюға немесе мемлекеттік ком­муналдық кәсіпорынға айналдырып, кон­курстан алып тастауға болады. Көп ке­шікпей екінші тендерді де жариялаймыз. Конкурс электронды түрде өтеді. Сондықтан қатысушылардың отандық иә шетел­дік екенін алдын ала біле алмай­мыз. Шетелдік инвесторлардың қа­­ты­­суына мүмкіндік берілген, – деді С.Самохвалова.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шым­ке­нт әуежайын жекешелендіру тізі­­мінен алып тастау туралы әңгі­ме қозғалған еді. Әзірше нысан ком­му­нал­дық меншікке қарайды. Жаңа басқарушы әуежайдың жері мен ғимаратынан бөлек, 80-нен астам автокөлікке қол жеткізбек. Олар­дың қатарында Toyota Corolla (үшеу), Toyota Land Cruises 200 (екеу) және Land Rover Discovery (біреу) секіл­ді көлік түрлері бар. Талаптарға сәйкес, әуежайдың жаңа басқарушысы нысанның қызмет профилін сақтауы керек және оны дамытуға 6 млрд теңге инвестиция салуы шарт. Бұдан бөлек, әуежайдың маршрут желілерін да­мыту арқылы көрсетілетін қызмет кө­ле­мін ұлғайтуы қажет. Сондай-ақ жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, жаңадан қосымша жұмыс орнын құруы керек. 2021 жылдан бастап әуежайдың жылдық таза табысы 150 млн теңгеден төмен болмауға тиіс.

 

Ақтау мен Алматы әуежайлары – түрік инвесторларының қолында

Қазақстанда сенімді басқаруға беріл­ген нысандардың бірі – «Ақтау халық­аралық әуежайы» АҚ. 2007 жылы өткі­зіл­ген тендер қорытындысы бойынша әуежайдың 100 пайыздық акциясы Түр­кияның «ATM Grup Uluslararası Havalimanı Yapım Yatırım ve Işletme limited» компания­сына 28 жылға сенімді басқаруға берілді. Дәл сол жылы компания мен Маңғыстау облыстық әкімдігі арасында шарт жасалды. Шартқа сәйкес, шетелдік кәсіпорын жаңа халықаралық жолаушылар терминалын салу керек. Терминалдың құрылысы 2009 жылы аяқталды. Соның нәтижесінде оның бір сағат ішінде адамдарды өткізу мүмкіндігі 450 жолаушыға дейін артты. 2010 жылы нысан «ТМД елдеріндегі әлеуеті зор дамушы әуежай» деп танылды. Бүгінде бұл әуежай тасымалдау көлемі бойынша республикада үздік үштікке еніп отыр. Ақтаудан Мәскеу, Ыстанбұл, Баку, Киев арқылы әлемнің кез келген нүктесіне ұшып баруға болады.

Мұның бәрін тәптіштеп жазып отыр­ған себебіміз, ел ішінде жеке­ше­лен­дірілген нысандар құрдымға кетіп, құ­рып тынады деген түсінік қа­лып­тас­қан. Мұндай байбаламның астарында алаңдаушылықтың жатқанын аңғару қиын емес, әрине. Бірақ сенімді басқаруға берілген нысандардың ішінен кезінде жасалған қадамның дұрыс еке­ні­не нақты дәлел болатын мысалдар­ды да көптеп кездестіріп жүрміз. Соның бірі ре­тінде Ақтау халықаралық әуежайын атау­ға болады.

Айтпақшы, биыл ел нарығына тағы бір Түркия компаниясының келгенін жақсы білеміз. Түріктер бұл жолы Қазақ­стан­дағы ең ірі Алматы әуежайына «ауыз салды». Осы жылдың мамырында Түр­­кияның «TAV Airports Holding» хол­­дингі консорциумдағы серіктесі «VPE Capital» компаниясымен бірге Алматы халықаралық әуежайының 100 па­йыздық акциясын сатып алу туралы ке­лісімге қол қойды. Әуежай 415 млн дол­ларға сатылды. Осылайша Алматы әуе­жайы холдингтің қоржынындағы 15-ші әуежай атанды.

«TAV Airports Holding» ком­пания­сын­ың президенті Сани Шанердің айтуынша, Алматы әуежайының әлеуеті жоғары. Себебі ол Азия мен Еуропа ара­сын­дағы маңызды транзиттік торап сана­лады. Компания нысанның дамуына 150 млн доллар көлемінде инвестиция сала­ды деп күтілуде.

Ыстанбұлдағы Ататүрік әуежайы «TAV Airports Holding» компаниясына тиесілі. Сондай-ақ холдинг Латвия, Хор­ватия, Солтүстік Македония, Сауд Ара­биясы және Тунис секілді елдердің терминалдарын басқарады.

 

Үржар әуежайы жаңартылуда

Индустрия және инфрақұрылымдық да­му министрлігінің мәліметінше, елі­міз Тәуелсіздік алғалы бері 18 әуе­жайдың ұшу-қону жолағы қайта жаң­ғыр­тылды. Сондай-ақ 13 әуежайдың жолау­шылар терминалы жөндеуден өтті. Мәселен, соңғы бес жылда Орал, Пет­ро­павл, Алматы, Семей, Қостанай әуежайларының ұшу-қону жолағы заман талаптарына сай өзгерді. Петропавл әуежайының жолаушылар терминалы жаңғыртылды. Семей әуежайының аэровокзал кешені жаңаша кейіпке енді. 2017 жылы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық аясында Нұр-Сұлтан әуежайына жаңа халықаралық жо­лаушылар терминалы салынды. Түркістанда жаңа халықаралық әуежай іске қосылады. Сонымен қатар Өскемен және Үржар әуежайларының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту басталды. Дәл осындай жұмыстар Үшарал әуежайында да қолға алынады. Шымкент әуе­жа­йын­да­ғы жаңа терминалдың құры­лы­сы және Орал әуежайының аэро­вокзал кешенін қайта жаңғырту жалғасуда.

– Үржар әуежайын қалпына келтіру үш жылға, 2020-2022 жылдарға жос­пар­ланған. Бірақ жұмысты екі жыл­дың ішінде аяқтаймыз деген ойдамыз. Осы жылдың қыркүйек айында тиісті жұмыстар басталды. Бірінші кезекте ұшу-қону жолағы ұзартылады. Қазір жолақтың ұзындығы – 1 510 метр. Сол себепті әуежай АН-24, ЯК-40 секілді кіші­гірім ұшақтарды ғана қабылдай алады. Енді ұшу-қону жолағының ұзындығы 2100 метрге жетпек. Сондай-ақ жолақтың қалыңдығы ірі ұшақтарды қабылдауға сәйкес келмейді. Жұқалау. Ол да тиісті талаптарға сәйкестендіріледі. Жоба аясында түнгі навигация, қауіпсіздік қоршауларын орнату, жарықтандыру, жанармай құю бекетін салу секілді міндеттер тұр. Осы шаруалар ойдағыдай тындырылған соң, Үржар әуежайында ірі реактивті ұшақтарды күндіз де, түнде де қабылдауға мүмкіндік туады. Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлініп отыр, – деді Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов.

Әуежайды заман талабына сай жаң­ғыр­ту өңірдегі туризмнің дамуына жол­ ашпақ. Бүгінде туристерді Алакөл демалыс аймағына жеткізу үшін Нұр-Сұлтан – Үржар, Алматы – Үржар, Өскемен – Үржар, Семей – Үржар бағыттары субси­дия­ланады.

– Қазір төңіректегі жолдардың бәрі жөнделіп жатыр. Сондықтан туристер ұшақпен қатынағанды құптайды. Үржар әуе­жайы арқылы орташа есеппен жыл сайын 7 мыңдай адам қатынайды. Соны 15-20 мыңға дейін жеткізсек дейміз. Бұл рейстің санына да байланысты, әрине. Әуежай жақсарса, бұл жаққа Qazaq Air секілді басқа да әуе компаниялары келуі мүм­кін ғой. Әзірше «Южное Небо» әуе компаниясы ғана жұмыс істеуде. Әуежай алты айда аптасына үш рет жолау­шыларды қабылдап келді. Ірі жоба ойдағы­дай жүзеге асса, жолаушыларды күн сайын қабылдауға мүмкіндік бар. Әуежай халықаралық стандартқа ие болса, Ресейдің іргелес аймақтарына жаңа бағыттар ашылуы да ықтимал, – деді аудан әкімінің орынбасары.

1

 

Қатынас қолжетімді бола түсті

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, елімізде 20 әуежай жұмыс істейді. Оның 12-сі мемлекет меншігінде. Олар – Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Петропавл әуежайлары. Алдағы конкурстар ойдағыдай өткізілсе, бұл тізім­нен Шымкент әуежайы алынады. 7 әуежай (Алматы, Боралдай, Қарағанды, Тараз, Орал, Балқаш және Жезқазған) жекеменшікке өткен. Ақтау әуежайы сенімді басқаруға берілген. 17 әуежай халықаралық азаматтық авиация ұйы­мы­ның (ICAO) стандарттарына сай жұмыс істей­ді. Яғни халықаралық рейстерге қызмет көрсете алады.

Статистика комитетінің ақпаратына сенсек, осы жылдың қаңтар-тамыз аралы­ғын­да әуежайлар арқылы 3,2 млн жолаушы тасымалданған. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 43 пайызға аз. Былтыр қаңтар-тамыз айларында 5,6 млн жолаушы әуеге көтерілген болатын. Көрсеткіштердің теріс динамикасына коронавирус пандемиясының әсер еткені түсінікті. Өйткені індеттің таралуын тоқтату мақсатында ел аума­ғын­дағы әуе рейстеріне шектеу қойылды. Бұл ретте соңғы сегіз айда әуежайлар арқылы тасымалданған жүктің көлемі де 21 пайызға кемігені белгілі болды. 2019 жылы қаңтар-тамыз аралығында 16,6 мың тонна жүк жеткізілсе, қазіргі көр­сет­кіш 13 мың тоннаны құрады.

Статистикалық деректер жыл өткен сайын әуе жолы арқылы қатынайтын жолау­шылар үлесінің көбейіп келе жат­қанын байқатты. Бұл рейстердің халық үшін қолжетімді бола түскенін көр­сетсе керек. Мәселен, 2015 жылы 12,1 млн жолаушы ұшақтардың игілігін көрген. Былтыр 17,7 млн жолаушы әуеге көтерілді. Орташа есеппен соңғы бес жыл­дағы жағдайға қарап жолаушылар саны жыл сайын шамамен 1 млн адамға көбейіп келеді деп айтуға толық негіз бар.

Министрлік қазір жаңа халықаралық бағыттарды ашуды жоспарлап отырған жоқ. Әзірше тек халықаралық әуе тасымалын қайта жандандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, пан­демияға байланысты коронавирус ин­фекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведом­ство­аралық комиссияның шешімдері негізінде халықаралық бағыттардағы 98 маршрут бойынша аптасына 441 рейстің орындалуы тоқтатылған болатын. Яғни халық­аралық ұшулардың 99 пайызы қыс­қартылды.

Комиссияның 2020 жылғы 11 мау­сым­­дағы шешіміне сәйкес, 20 маусымнан бастап Түркияға, Қытайға, Оңтүстік Кореяға, Таиландқа, Грузияға және Жапонияға ұшуға рұқсат етілді. Сондай-ақ комиссияның 2020 жылғы 11 тамыздағы шешімімен 17 тамыздан бастап Біріккен Араб Әмірліктеріне, Беларусь Республикасына, Германияға, Нидерландық, Мысырға, Украинаға және Ресей Федерациясына әуе жолы ашылды. Басқа елдермен байланысты қайта жандандыру комиссияның шеші­мі­не сәйкес кезең-кезеңімен жал­ғас­пақ.

Түйіндей келе айтарымыз, соңғы уақытта әуе қатынасы қарапайым халық үшін қолжетімді бола түсті. Демек, жолаушылар санының артуы заңдылық. Ал қыруар адамға қызмет көрсету үшін әуе­жайларға әжептәуір салмақ түспек. Сондықтан олардың заман талабына сай болғаны жөн. Әуе­жай­лардың стратегиялық нысан екенін де естен шығаруға болмайды.