Тәртіп сақшылары қазір қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар адамдарды небір қауіп-қатерден құтқарушы да. Лаулаған оттың ішіне именбей кіретін де, суға кеткендерді құтқаратын да, өзін-өзі өлімге қиып биіктен секірмекші болғандарды аман алып қалатын да полиция қызметкерлері. Қоғам мен мемлекет алдында қабылдаған анттарына адалдық танытып, өзгенің өмірі үшін өз өмірлерін құрбан еткен сақшылар қаншама?! Тәуелсіздік алған 30 жылға жуық уақыттың ішінде 791 полиция қызметкері қызмет бабында қаза тапса, 2555 қызметкер жарақат алды.
Полиция қызметкерлерінің осындай жанкешті еңбегіне көлеңке түсіретіндер де аз емес. Халықпен бетпе-бет жұмыс істейтін болғандықтан тәртіп сақшыларының әрбір әрекеті мен сөзі адамдардың көз алдында. Осындайда елдің сенімінен шыға алмай, кері пікір қалыптастыратын әріптестеріміздің болуы әрине өкінішті. Полицияның беделі – қоғамның беделі екені айқын. Бүгінде еліміздің ішкі істер органдарын жетілдіру бағытында жасалып жатқан реформалардың нәтижесінде полицияның беделі көтеріліп келе жатқаны сөзсіз. Полиция мәртебесін арттыратын – халықпен жақын қарым-қатынас жасау мен ашықтық. Кеңестік кездегі милицияның биік беделін аласартып алған қазіргі полицияның негізгі қаруы – қызметке адалдық. Бұл орайда сақшылардың арасындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін арнайы бағдарламалар қабылданып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтермен және қоғамдық ұйымдармен меморандумдар жасалуда.
Сыбайластықтың алдын алатын тиімді шаралардың бірі – мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру. Бүгінде ішкі істер органдары көрсететін 36 қызметтің 30-ы, яғни 83 пайызы автоматтандырылған. Қызметкерлердің адамдармен тікелей байланыс жасай отырып атқарылатын көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін беру, жол жүру ережесінен емтихан қабылдау сияқты қызметтер Халыққа қызмет көрсету орталықтарына берілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ішкі істер органдарындағы жемқорлық қылмыстары айтарлықтай азайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады», деген еді. Бұл міндеттер полиция қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеп отыр.
Ішкі істер органында полиция беделін көтеруге бірден-бір әсер ететін қызметкер – учаскелік инспектор. Өйткені ол – жұртқа жақын полиция қызметкері. Кез келген оқиғаның басына бірінші болып жететіндіктен учаскелік инспектордың білімділігі мен біліктілігі өте маңызды.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін көтеруге бағытталған заңнамалық шаралар әзірленуде. Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев Жолдаудағы міндеттерді орындау мақсатымен жергілікті жерлердегі учаскелік пункттеріне жөндеу жұмыстарын жүргізілетінін, сондай-ақ қосымша учаскелік пункттері салынатынын, учаскелік инспекторлардың қызметтік көліктермен қамтамасыз етілетінін мәлімдеген болатын. Жүзеге асатын бұл істің де полиция беделін көтеруге ықпалы зор болмақ.
Жолдауда «Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», деген тапсырма берілді. Бұл орайда Ішкі істер министрлігі өз жұмысының ашықтығына да ерекше мән беруде. Тұрғындардың сенімін арттыру және халықпен ашық-жарқын кездесуді жүзеге асырудың бір жолы – тұрғындарды кедергісіз қабылдау. Әрбір арыз-шағымның артында бір адамның ғана емес, бір отбасының тағдыры тұратыны белгілі. Сондықтан да министрлік басшылары азаматтарды қабылдау тәртібін қайта қарап, бүгінде бұл іс жүйелі жүзеге асырылуда. Ал облыстық, аудандық және қалалық полиция басшылары мен орынбасарлары адамдарды қабылдауды жиілетті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылатын «Жолда қабылдау» акциясы да адамдармен тікелей байланыс жасаудың ұтымды жолы. Тұрғындарға полиция қызметі жайлы ақпараттарды әлеуметтік желілер арқылы да хабарлап отырудың пайдасы зор болуда. «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан тағы бір жұмыс – полиция қызметіне баға беруде қоғамдық пікірмен санасу десек, осы бағытта тәуелсіз институттар әлеуметтік зерттеулер жүргізуде.
Полицияның мәртебесін көтеретін білікті кадрлар екені даусыз. Ішкі істер органдарына білімді де білікті кадрлар даярлауда атқарылған нақты жұмыстардың бірі – ведомстволық білім беруді жаңғырту жұмыстары. Министрлікке қарасты оқу орындарының санын азайта отырып, бакалавриат бағдарламасы бойынша мамандар даярлаудан бас тартқанымыз белгілі. Бұл өзгерістегі негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мемлекеттің беріктігін сақтауға жауапты полицияның кадрлық сапасын жақсарту. Соңғы кезде ішкі істер органдарында атқарылып жатқан реформа талаптарын ескере отырып кадрды сапалы түрде іріктеуге баса назар аударылуда.
Халықтың полицияға деген сенімін арттыруда қылмыстың ашылуы маңызды рөл атқарады. Бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда қылмысты ашу және тергеудің қолданылып жүрген әдістері мен тәсілдерін IT-технология басып озғаны анық. Қазір ішкі істер органдары қызметінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және ақпараттық коммуникациялық технологияны қолдану арқылы жасалған құқықбұзушылықтарды ашатын қызметкерлерді даярлауға деген жауапкершілік зор.
Былтырдан бері ішкі істер органдарында оңтайландыру жұмыстары жүруде. Басқару буындарын қысқарту есебінен үнемделген қаржы қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға жұмсалып келеді. Орган қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуде пәтер жалдап тұратын қызметкерлерге өтемақы төлеу тиімді әдіс болып отыр.
Полиция беделін көтеруде қылмыстың алдын алу жұмыстарын ұтымды ұйымдастырудың алар орны ерекше. Бүгінде осындай алғы шепте жүретін қызметкерлерді планшеттермен, бейнетіркегіштермен қамтамасыз ету жылданжылға жақсарып келеді. Бейне бақылау камераларының да қылмыстың алдын алуға және ашуға ықпалы зор болып отыр. Сотқа дейінгі өндірісті автоматтандыруға тоқталсақ, биыл 60 мыңнан астам қылмыстық іс электронды форматта тіркелді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта беретіні сөзсіз.
Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының қызметіне айтылар сын да аз емес. Олардың ішінде расымен мойындауға болатынын айтпағанда, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген пікірлер қазақстандық полицияның беделін түсіретіні анық.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жалпы бұл құбылысқа бейжай қарауға болмайды. Полицияның беделін көтеруге бірден-бір ықпал ететін бірқатар жолдар бар. Соның бірі – қазақстандық полицияның ерліктері мен қызмет барысындағы қиындықтары туралы фильмдер дайындау. Мысалы, алысқа бармай-ақ Ресейдің телеарналарында полицияның жанкешті жұмысын насихаттайтын, олардың тапқырлығы мен кәсібилігін көрсететін фильмдер тәулік бойы беріледі. Біздің қатарымызда да дәл сондай қызметкерлер аз емес. Тіпті күні кеше ғана педофильді ұстау үшін 13-қабаттан секірген қазақ полицейі Бақытжан Бәкіров туралы неге кино түсірмеске?! Оқиға барысының өзі кино тіліне сұранып тұрған сюжет емес пе? Бізде керісінше, күні-түні теледидардың бетін бермейтін әзіл-сықақшылардың «тұздығы» полицияның беделін түсіретін көріністер. «Бояушы бояушы десе, сақалын бояпты» дегендей, тәртіп сақшыларын әжуалау қазір сәнге айналып кеткендей.
Сондықтан ішкі істер органдары қызметкерлеріне күйе жағушылар мен әжуаға айналдырушыларға тосқауыл қоятын заңнама керек. Биылғы Жолдауда «Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс», деді ел Президенті. Ендеше полицияның беделін қалай көтеруге болады деген түйіннің тарқатылуына тек ішкі істер органдары ғана емес, идеология саласының да атсалысқаны жөн.
Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ,
запастағы полковник