Әлем • 15 Қазан, 2020

Қарт құрлық карантин режімін күшейтеді

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Коронавирус індеті қайта өршіген елдер қатарын Еуропа құрлығындағы мемлекеттер де күн санап толықтырып келеді. Кеше бір күннің үшінде қарт құрлықтың 100 тұрғыны вирус жұқтырған. Бұл жағдай еуропалықтарды әжептәуір алаңдатып отыр.

Қарт құрлық карантин режімін күшейтеді

Қалыпты өмірге орала бастаған елдер қайтадан карантин режімін күшейтуге кірісті. Мәселен, Латвия үкіметі қазанның ортасына жоспарланған Рига марафонын өткізбеуді дұрыс деп ұйғарды. Премьер-министр Кришьянис Кариньш «Азаматтарымызды қауіпсіздікке шақырып отырып, осындай үлкен шара өткізу – бассыздық. Сондықтан алдағы уақытта үлкен жиындар мен жиналыстар өткізуді тоқтата тұруымыз керек», деді. Ал аталған марафон осы елде 1991 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан елеулі шара болатын.

Қарт құрлықтың оңтүстігінде де жағдай мәз емес. Пандемия басталғанда дүрлігіп, аса қауіпті аймақ саналған Италия науқастарының саны 5 мыңнан асқанын мәлімдеді. Кешегі көрсеткіш – 5 372. Италия үкіметі науқастар мен өлім санының қазан айы басталғалы бері күрт өскенін де жасырмады. Ал Испанияда бүгінге дейін 896 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Кеше науқастар саны 7 118 болды.

Карантин шараларын күшейтіп жатқан елдердің тағы бірі – Германия. Еуропа кеңесінің Ынтымақтастық қоры бірқатар мемлекетке пандемия және оның салдарымен күрес үшін қаржылай көмек көрсететін болды. Германиямен қатар Ирландия, Грекия, Испания, Хорватия, Мажарстан мен Португалия да 132,7 млн еуро көлемінде көмек алмақ. Германия денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде 337 мыңнан көп адам вирус жұқтырған, 10 мыңға жуық адам қайтыс болған. 2021 жылдың қазанында елде парламент сайлауы өтуі керек. Германия үкіметі пандемия жағдайында сайлау өткізудің механизмін ойластырып қойған. Сайлау дәстүрлі форматта өтпеген жағдайда үміткерлерді ұсыну реті өзгермек. Германия ішкі істер министрі Хорст Зеехофер арнайы құқықтық ереже дайындап, электронды немесе пошта қызметіне жүгіну жағын қарастыруда.

Вирус өршіп тұрған Еуропа елдерінің көш басында Чехия тұр. Богемия елінде үшінші күн қатарынан жағдай ауыр. 9 қазаннан бері вирус жұқтырғандар 5 мыңнан асып, жалпы саны 100 мыңнан асып түсті. Польша да дабыл қаққандардың бірі. Варшава мемлекетте 135 мыңнан астам адамнан вирус анықтағанын мәлімдеді.

Скандинавия елдері әзірге тыныш. Норвегияда кеше  жалпы 15 793 адамның вирус жұқтырғаны хабарланды. Данияда 33 мыңнан астам адамда вирус анықталған, ал Финляндияда науқастар саны 12,5 мыңға жуықтаған. Пандемия басталғалы карантин енгізбей, төтенше жағдай жарияламаған Швецияда 2 203 науқас тіркелді. Сарапшылар Швеция моделі керісінше қауіпті екенін алға тартады. Олардың бақылауынша, Швецияда вирустан көз жұмғандар саны көрші Дания, Норвегия, Финляндиядан көп. Пандемия басталғалы Швецияда шамамен 6 мың адам көз жұмған.

Еуропадағы ең кішкентай мемлекет Ватиканда бүгінге дейін 19 науқас тіркелген. Грекияда 23 мың адамның індет жұқтырғаны анықталған. Қазанға дейін еуропалықтар жұмыстарына оралып үлгерген-ді. Енді әр мемлекет карантин режімін күшейтуді қарастырып жатыр. Оффлайн режімде жұмыс істеп жатқан мектептер тағы да қашықтан оқуға көшуді ойластырып жатыр. Бұған дейін Эстониядағы мектептердің жаппай онлайн оқуға көшіп жатқаны хабарланған-ды. Бүгінде Еуропа елдеріндегі тамақтану орындары мен қоғамдық орындар кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді, топтасып жиналуға әлі де рұқсат етілмейді.