Қаржы • 15 Қазан, 2020

Бюджетті жоспарлауда барлық мәселе ескеріледі

255 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы індет ел экономикасына салқынын тигізіп, өмірімізді күрт өзгертті. Барлық сала да төтеннен келген вирустың зардабын тартудай-ақ тартты. Ең бастысы, пандемия алдағыны жоспарлауда қандай мәселелерге назар аудару керектігін көрсетіп кетті.

Бюджетті жоспарлауда барлық мәселе ескеріледі

 

Жуырда облыс әкімі Гүл­­ша­ра Әбдіқалықованың төраға­лығымен өткен өңір­дің 2021-2023 жылдарға арналған эконо­микалық және бюджеттік саясат мәсе­лелері жөніндегі кеңес­те де осы мәселе талқы­ланып, ал­дағы негізгі міндеттер айқындалды. 

– Таяудағы бірнеше жыл ішін­де індеттің қоғамның бар­лық салаларына, эконо­ми­ка мен бизнеске әсер ете­­тін сал­­­дарымен бетпе-бет кезде­семіз. Сондықтан бүгінгі таң­да мем­лекеттік бюджеттік жоспар­лау­дың барынша тиімді саясатын қамтамасыз ету бұрынғыдан да маңызды, – деді облыс әкімі.

Бір айта кетерлігі, келер жылға арналған бюджет жобасы ешқандай қа­рызсыз бекітілетін болады. Бұл үшін 27,6 млрд теңге қаралып отыр, оны барлық өтпелі инвестициялық жо­ба­ларды аяқтауға, рес­пуб­ликалық бюджеттен іске асырылатын жобаларды қоса қаржыландыруға, об­ли­гациялық бағалы қағаз­дарды шығаруға бағыттау көз­де­луде.

Облыста қызмет түрле­рі бойын­ша сараланатын агломе­рациялық тәсіл негізінде 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары әзірленді. Жос­пар аясында бизнеске 270 млрд теңгеден асатын 265 жобаны іске асыру ұсынылған. Бүгінде оның 59-ы іске асырылды, 50-ге жуығы жұмыс үстінде.

Облыс әкімі мемлекеттік бағ­дар­ламалардың мүмкін­дік­терін тиімді пайдалану ма­ңызд­ы екенін де атап өт­ті. Бұл ретте мем­ле­кеттік қолдауды шы­ғынсыз, бәсе­кеге қабілетті және тех­но­логиялық жобаларға, биз­нес­ті қайта өңдеуге ба­ғыт­тап, өнімді өткізудің на­­­рық­тарын жолға қою қа­жет. Әсіресе өңір басшысы аймақтың азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен өзін-өзі қамтамасыз етуі­не баса назар аудару қа­жет­­­­тігін айтты.

Аймақтың ресурстық әле­уе­тін, мемлекеттік бағ­дар­­­лама­лардың кешенді құ­рал­­дарын тиімді пайдалану ар­қылы бәсекеге қабілетті экс­портқа бағдарланған өндіріс­терді дамытуға ба­са назар аудара отырып, өңір­ді индустрияландыру жалғасады. Ірі өндірістердің айналасында ілес­пе бизнес құру мүмкіндігі де ұдайы назарда болады.

Экономикалық сая­сат­­т­ың басты басым­дықта­ры­ның бірі – өсімдік шаруа­шылығы мен жайы­­лым­дағы мал шаруашы­лығын дамыту.

Мамандар дерегінше, бү­гінде облыста пайдаланылмай жатқан жайылымдық алқап көп, оның басым бө­лігінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін талап етілетін 2500-ге жуық құдық, ұңғыма және басқа да сумен жабдықтау көз­дері бар. Кеңесте облыс басшысы жайы­лымдардағы ұңғымалар мен құдықтарды қалпына кел­тіру мәселесін толық шешуді тап­сыр­ды. Бұл мал мен мал шаруашы­лығы өнімдерінің са­нын едәуір арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және жұмыс орындарын құрудың мүмкіндігі.

Биыл дария деңгейі тө­мен­деп, күріш алқаптары судан қа­ла жаздады. Осыған дейін де бай­қалып келген бұл мәсе­ленің осыншалықты ушығуы осы бағытта ке­шен­ді шаралар қабылдау керектігін көр­сетіп отыр. Облыс басшысы қазір жоба деңгейінде тұрған бір­қатар су қоймаларын са­лу мә­селесін пысықтаумен қатар, ауыл шаруашылығы өн­дірі­сін, әсіресе егіншілікті әрта­раптандыру бойынша ғылыми негізделген ұсы­ныстар енгізу қажеттігін қадап айтты.

Қазір аймақта балық шаруа­шы­лығын дамы­ту жөнін­дегі өңірлік бағдар­ламаның жобасын әзірлеу аяқталып қалды. Оны жү­зеге асыру үшін Г.Әбді­қа­­лықова келер жылға арнал­ған облыстық бюджетте 1 млрд теңге қарастыруды тапсырды. 2030 жылға дейін жабық сумен жабдықтау жүйесінде 55 көл-тауарлы балық шаруашылығын, 9 тоған, 3 акваөсіру өндірісін құру жоспарлануда.

Бүгінде цифрлы даму кез келген өңірдің көр­сет­кішін бағалау кри­терий­лерінің біріне айналды. Осы жыл­дың алғашқы 6 айы­ның қоры­тындысымен Қызылорда об­лысы еліміз­дегі ақылды қала­лар­дың эта­лондық стандар­тының талаптарына сәйкес 5-орын­ға ие болды. Ке­ңесте облыс әкімі 2021 жыл­дың 1 тоқсанынан кешіктірмей цифр­ландыруды дамыту­дың өңірлік стратегиясын әзір­леуді тапсырды.

Барлық сала сараланаған кеңесте аймақ басшысы ал­дағы 3 жылда халықтың қауіпсіз және жайлы өмір сүруі бойынша іс-шара­лар­ды жүзеге асыру керектігін мін­деттеді.

– Өңірде ықтимал су тас­қы­нына қарсы, сондай-ақ төтен­ше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларға да­йындау жөнін­дегі іс-қимыл алгоритмі әзір­ленуі тиіс, – деді Гүлшара Нау­шақызы.

Жаңа заман жаңа маман­дық­тарды талап етуде. Ал­дағы уа­қыт­та оқу орындары қандай кә­­сіп иелеріне қажеттіліктер туын­дай­ты­нын және олардың белгілі бір уақыт аясында қа­лай өзге­ретінін болжап қана қой­­май, ұдайы талдап отыруы керек. Бұл да өңір басшысы қойған міндеттердің бірі.

Кеңесте пандемия кезін­­дегі қиындықтар қайталан­бауы үшін өңірдің дәрі-дәр­мектермен, төсек-орын­­дармен қамтамасыз етіл­уін, медициналық қыз­мет­­­кер­лердің толық, ғи­марат­тардың дайын болуын егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылды. Ден­сау­лық сақтау саласының ин­­­фрақұрылымын дамыту мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Осы күні облыс аудан­дары үшін ор­талық ауру­ханалар салу мәсе­лесі толы­ғымен шешілді. Жа­ла­ғаш ауданында салынып жатқан құрылыс жыл соңына дейін аяқталады.

Өңір басшысы сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Қызылорда қаласында тиімді жүзеге асырылып жатқан «Бақытты отбасы» жобасын облыстың бар­лық аудандары мен Бай­қоңыр қаласында енгізген жөн.

– Біз әлеуметтік қыз­мет көр­­сетуді берілген өті­­ніш­пен емес, зерттеу жұ­мыстары арқы­лы анық­тауы­мыз керек. Шын мұқ­­таж жандар назардан тыс қал­­мауы тиіс, – деді облыс әкімі.

Кеңес соңында Г.Әбді­қа­лықова бюджет қара­жатының тиімді әрі мақ­сатты пайдаланылуын қам­тамасыз етуді, сондай-ақ қар­жылық тәртіпті қатаң сақтауды тапсырды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА