ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді:
– әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу;
– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау;
– инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу;
– елді мекендерді абаттандыру.
ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90%-ының тауарлары мен қызметтерін қолдануды қамтамасыз ету ерекше шарт болып табылады. Жұмысшылардың кемінде жартысын жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалдайды, басымдық жұмыссыз жастарға беріледі. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс.
Бағдарламаға қатысушылардың жартысы ауыл тұрғындары, 40%-ы – жастар және 7%-ы – табысы аз азаматтар.
ЖҚЖК шеңберінде жұмыспен қамтылғандардың ең жоғары үлесі Шығыс Қазақстан (20 мың адам немесе 106,2%), Қызылорда (9,3 мың адам немесе 99,9%) және Атырау (6,9 мың адам немесе 97,7%) облыстарында.
Бұған дейін хабарланғандай, ЖҚЖК аясында барлығы 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл ретте ЖҚЖК жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады.