14 Қараша, 2013

Дінтанушылардың үшінші форумы

491 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Астана қаласында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің ұйымдастыруымен Қазақстан дінтанушыларының «Зайырлы мемлекеттегі діннің рөлі» тақырыбында үшінші форумы болып өтті.

Кеше Астана қаласында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің ұйымдастыруымен Қазақстан дінтанушыларының «Зайырлы мемлекеттегі діннің рөлі» тақырыбында үшінші форумы болып өтті.

Іс-шараға мемлекеттік ор­ган­дар­дың өкілдері, Парламент депутаттары, белгілі қазақ­стандық дін­танушы ғалымдар, теологтар, орта мектептердің «Дінтану негіз­дері» пәнінің мұғалімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, діни бір­лестіктердің, қоғамдық ұйым­дар мен бұ­қаралық ақпарат құрал­да­ры­ның өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Қазақстан дінтанушыларының жыл сайынғы форумы биыл пле­нарлық отырыстан басталып, онда форумның негізгі тақырыбы талқыға салынды. Одан кейін төрт секциялық отырыс жалғасын тауып, онда зайырлы мемлекеттегі діни саясаттың маңызды мәсе­ле­лері қозғалды.

Форумда Қазақстан Респуб­ли­касы Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов құттықтау сөз сөйлеп, өз баяндамаларында зайырлы мемлекеттегі діннің рөліне баса назар аударды.

Сондай-ақ, пленарлық отырыс­та «Дін­танушылар конгресі» қо­ғам­дық бірлестігінің төрағасы, Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ филосо­фия кафедрасының меңгерушісі Ға­рифолла Есім «Қазіргі заман­дағы діни ахуал және зайырлы мем­лекеттегі дінтанушылардың рөлі» тақырыбында сөз сөйлеп, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Ка­мал Бұрханов Қазақстандағы діни то­леранттылық жайында әңгіме қозғады.

Форумның мақсаты дін сала­сындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша бірігіп қызмет етуге елдегі отандық ғылыми және сарапшылар қауымдастығының назарын аудару, жалған діни ағымдардың, сондай-ақ, экстремизм мен терроризмнің ықпалын төмендету факторы ретіндегі дінтану білімінің сапасын жоға­рылатудың инновациялық жолдарын анықтау, діни ағарту мен халықтың діни сауатын көтерудегі білім беру жүйесінің орны мен рөлін табу және анықтау болды.

«Зайырлы мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыру: аймақтық тәжірибе және проблемалар» атты бірінші секцияда елдегі конфессияаралық тұрақтылықты сақтау бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру кезінде туындайтын күрделі мәселелер талқыланды.

«Қазақстанның зайырлы оқу орындарын­да­ғы дінтану негіздерін оқыту сапасын арттыру: әдіснамалық және практикалық аспектілер» атты екінші секцияда дінтану негіздерін орта және жоғары оқу орындарына маңызды оқу пәндерінің бірі ретінде енгізу жолымен жастар ортасында діни сауаттылық деңгейін көтерудің рөлі мен маңызы талқыға салынды.

«Зайырлы мемлекеттегі діни радикализм­нің алдын алу әдіс­на­малары» атты үшінші секцияның қатысушылары діни радикалды ағымдардың қызметтеріне қатысты өзекті мәселелерді, сондай-ақ, қоғамда пайда бола­тын қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтау тетіктері мен оларды шешу жолдарын ортаға салды.

«Қазіргі Қазақстан аумағын­дағы исламның тарихы» атты төр­тінші секцияда Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын­ сүнниттік исламның ханафи мәз­һабын қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын есепке ала отырып насихаттау қажеттігі жайында айтылды.

Биыл тұңғыш рет Қазақстан дінтану­шы­ларының форумында Дінтанушылар конгресі құрмет грамоталарымен және жоғары оқу орындарының үздік оқытушылары мен мектептердің «Дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері естелік сыйлықтармен марапатталды.

Форумдағы басты оқиғалардың бірі – «Е-Islam» ақпараттық-ағартушылық ғаламтор-порталы­ның тұсаукесері болды. Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов бұл портал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің 38-ші отырысының қорытындылары бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында дайындалғанын айтты. «Е-Islam» ғаламтор-порталы көпшілік қазақстандық аудиторияға Қазақстандағы ислам туралы толыққанды ақпарат беруге арналған.

Одан кейін Дін істері агент­тігінің Ақпараттық-консуль­та­тивтік орталығы жанында қыз­мет ететін «Қауырт желі – 144» жобасының да таныстырылымы өтті. Бұл жоба Дін істері агент­тігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылды.

Жобаның мақсаты азаматтар мен ұйымдардан діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпараттарды қабылдау, сонымен бірге, деструктивті діни ағымдардың қызметінен зардап шеккендерге консультациялық және психологиялық көмек көрсету болып табылады. Азаматтар «Қауырт желінің» 114 нөміріне Қазақстанның барлық аймағынан тәулік бойы қоңырау шала алады. Орталықта кәсіби психологтар, заңгерлер, дінтанушылар жұмыс жасайды. Кеңес беру тегін әрі құпия түрде жүргізіледі.

Сәулебек БІРЖАН.

Соңғы жаңалықтар