14 Қараша, 2013

Инвестициялық жобалар басымдыққа ие

274 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңдық құжат талқыға салынды. Сондай-ақ, бұл күні депутаттар назарына ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты заң жобасы да ұсынылды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңдық құжат талқыға салынды. Сондай-ақ, бұл күні депутаттар назарына ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты заң жобасы да ұсынылды.

«2013 – 2015 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев жасады. Министрдің мәліметіне қарағанда, 790,6 млрд. теңгені құрайтын республикалық бюджеттің тапшылығы 80 млрд. теңгеге немесе ІЖӨ-ге қатысты 0,2%-ға төмендетілген. Биылғы жылдағы ішкі жалпы өнімнің номиналды көлемі 34 444,3 млрд. теңгені құрап, нақты өсімі жоспарланған 6 пайыздық деңгейде сақтала отырып 153,3 млрд. теңгеге жоғары болатыны анықталыпты. Экспорт көлемі 87 536,7 млн. АҚШ доллары болса, импорт 2 661,4 млн. АҚШ долларына ұлғайып, 53 834,0 млн. АҚШ долларын құрамақ.

Сонымен, 2013 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 5 242,5 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген бюджетпен (5 228,4 млрд. теңге) салыстырғанда 14,4 млрд. теңгеге ұлғайып отыр. Ал кірістердің болжамы (трансферттердің түсімін есепке алмағанда) 3 608,3 млрд. теңге немесе бекітілген көлемнен 20 млрд. теңгеге жоғары, оның ішінде салықтық түсімдер бойынша 6,9 млрд. теңгеге және салықтық емес түсімдер бойынша 13,1 млрд. теңгеге ұлғайған.

Салықтық түсімдер 3 511,7 млрд. теңгені құрайды. Министр осы ретте корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар 42 млрд. теңгеге азаю жағына нақтыланғандығын да ескерте кетті. Оның басты себебі – металдар мен қатты пайдалы қазбаларға деген әлемдік бағаның төмендеуі. Және мұнайлық емес сектордың жалпы қосылған құнының өсу қарқыны 115,3-тен 114,6%-ға төмендеуіне байланысты көрінеді. Республикалық бюджет шығыстары бекітілген бюджетпен салыстырғанда 65,6 млрд. теңгеге төмендей отырып, 6 033,4 млрд. теңге сомасында көзделген. Бұдан басқа қысқартылған шығыстардың жалпы сомасынан жергілікті атқарушы органдарға нысаналы трансферттер 23,8 млрд. теңге (17,7 млрд. теңге ағымдағы және 6,1 млрд. теңге дамуға) құрайтыны атап өтілді.

Е.Досаев қосымша бюджет түсімдері мен бюджет тапшылығын 80 млрд. теңгеге (870,6 млрд. теңгеден 790,6 млрд. теңгеге дейін) азайту арқылы жалпы сомасы 100,0 млрд. теңге инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталатынын ерекше атады. Атап айтқанда, Жезқазған – Бейнеу теміржол желісін салуға 30,0 млрд.теңге; «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың жарғылық капиталын ұлғайтуға 30,0 млрд. теңге; ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындыққа 20,0 млрд. теңге және «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде Астана қаласының апатты жағдайдағы тұрғын үйін бұзу жөніндегі қанатқақты жобаны іске асыруға берілген «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ алдындағы кредитті қайтару жөніндегі міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау үшін 20,0 млрд. теңге бағытталатын болады.

Е.Досаевтың мәлімдеуінше, үстіміздегі жылға арналған Ұлттық қорға мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдердің нақтыланған болжамы 3 трлн. 447 млрд. 145 млн. теңгені құрайтын болады. Бұл – ішкі жалпы өнімнің 10 пайызы. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов ақша-кредит саясаты мен қаржы секторындағы жағдайларға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың қазан айында жылдық инфляция 4,9 пайыз болыпты. Еліміздің алтын-валюта қоры 92,4 миллиард АҚШ долларына жетіпті. Үстіміздегі жылдың 9 айында 10,1 триллион теңгені құраған.

Ұлттық банк басшысы келесі кезекте 2014 жылдың бірінші тоқсанында Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорына зейнетақы активтерін тапсыру аяқталатынын және осы уақыттан бастап зей­нетақы активтерінің барлық көлемдерін инвестициялық бас­қару жүзеге асырылатынын ортаға салды. Үстіміздегі жыл­дың 1 қазанындағы жағ­дай бойынша зейнетақы жи­нақ­тары барлық жүйеде 3,6 трлн. теңгені немесе ІЖӨ-нің 11%-дан астамын құраған. Зей­нетақы активтерін тапсыру үдерістері 2 кезеңге бөлінген. Біріншісінде инвестициялық портфель салымшыларының жеке зейнетақы шоттарын БЗЖҚ-ға тапсыру көзделсе, екіншісінде құжаттама мен ақпаратты тапсыру жүзеге асатыны белгілі болып отыр.

Баяндамалар аяқталғаннан кейін депутаттар Үкімет мүше­леріне бірқатар сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салды. Депутаттар көптеген бағдарламаларға қаржы бөлініп жатқанымен, олардың тиімділігіне қатысты мәселелер бар екенін Премьер-Министрдің алдына тартты. Серік Ахметов Елбасының қойған тапсырмаларына орай тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын, оның ішінде мемлекеттік жоспарлауды жетілдіру, қолданыстағы барлық бағдарламаларға ревизия жүргізу жұмыстары жүзеге асырылуда екенімен бөлісті. Премьердің мәлімдеуінше, қазіргі кезде барлығы 46 бағдарламаға ревизия жүргізілуде көрінеді. Оның 5-уі мемлекеттік, ал 41-і салалық бағдарлама. Сондықтан да саланы дамытуға бағытталғаны бір құжатқа біріктіріліп, жыл сайын игерілмей немесе толығымен қаржы бөлінбей қалатын бағ­дарламалар қысқартылады.

Тағы бір белгілі болғаны, Үкімет басшысы 10 жоғары лауазым иесін жауапкершілікке тартыпты. Премьер жауапқа тарту мен сөгіс беру – бюджеттік тәртіпті сақтаудың тиімді құралы дегенді де ерекше атап өтті. Сондықтан да бұл мәселе үнемі Үкімет назарында болмақ екен. Бюджет қаржысының игерілмеуі мемлекеттік сатып алу рәсімдерімен де байланысты, дей келіп, С.Ахметов жақын уақытта Үкімет осы мәселе бойынша заң жобасын енгізетінін жеткізді.

Үкімет Тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына 2014 жылы 8 млрд. теңге ғана бөлгендігін алға тартқан депутат Нұрлан Жазылбеков ол тоқтатыла ма, деген сауалын төтесінен қойды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың түсіндіруінше, биыл жергілікті атқарушы органдардан осы бағдарламаға қатысты қаражат көптеп сұрала бастаған. Олай болса, бағдарлама тоқтаған жоқ, қолға алынған барлық жұмыстарды қаржыландыру шаралары қамтылуда. Депутат Майра Айсина «100 мектеп. 100 аурухана» бағдарламасы 2011 жылы аяқталуы тиістігін, алайда, мұндай олқылық үшін ешқандай басшы жауапкершілікке тартылмағанын айтып қалды. Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев «100 мектеп» бағдарламасы орындалғанымен, үш ауысыммен оқытатын, апатты мектептер мәселесі шешілмей отырғанын жеткізді. Ал «100 аурухана» бағдарламасы бойынша 64 нысан берілгенімен, қалғаны алдағы үш жылдық бюджет мүмкіндігіне орай мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша қаралатынын айтты.

Депутат Қожахан Жабағиев Ауыл шаруашылығы министр­лігінің игермеген қаржысы 22 млрд. теңгеге жеткендігін көл­денең тартты. Ауыл шаруа­шылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, жалпы кассалық қаражатты игеру 95 пайызды құрап отыр. Иге­рілмеген 22 млрд. теңгенің басым бөлігі (9 млрд. теңгесі) астықты мемлекеттік сатып алулар бойынша қаражатты қысқартудан үнемделген. Бензин бағасына алаңдаушылық туындап отырғанын депутат Шавхат Өтемісов сайлаушылардың атынан Мұнай және газ министрінің алдына қойды. Ұзақбай Қарабалин елімізде бензинді (АИ-92-93) тұтынудың орташа жылдық көрсеткіші 2,6 млн. тонна, оның 30 пайызы ресейлік импортпен жабылатынын алға тартты. Бұл ретте солтүстік көршіміздің аумағында бөлшек саудадағы аталған маркалы бензин бағасы Қазақстанға қарағанда 20 пайызға артық немесе литріне 30 рубльді құрайды. «Егер мұнайға баға құбылатын болса, онда ішкі баға да бекітілген ережелерге сәйкес түзетіледі. Сонымен қатар, жыл соңына дейін мұнай өнімдеріне бағаның көтерілуі болжанбайды. Мұндай болжам алдағы жылдың бірінші тоқсанына дейін сақталады деп ойлаймыз», деді министр.

Сондай-ақ, кешегі отырыста Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралып, қолдау тапты. Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірауыздан қолдап, мақұлдады. Заң жобасының негізгі мақсаты елді мекендердің, инженерлік құрылыстардың және желілердің, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйі туралы ақпараттың жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар