Қоғам • 15 Қазан, 2020

Сенаторлар зейнетақы жинақтарының пайдалану тетіктерін қарады

530 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары уәкілетті мемлекеттік органдармен және қор өкілдерімен кездесу өткізіп, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін салымшылардың пайдалануы және оларды дербес басқару тетіктерін, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаржысының сақталуын қамтамасыз етуді қарады, деп хабарлайды Egemen.kz

Сенаторлар зейнетақы жинақтарының пайдалану тетіктерін қарады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе отырып, ағымдағы жылдың соңына дейін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін салымшылардың пайдалануы мен оларды дербес басқару тетігін енгізу жөніндегі барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның айтуынша, бұл мәселе әсіресе пандемиядан өтіп, ел экономикасы баяулаған кезде аса маңызды әрі өткір болып отыр.

Депутаттар бұл жаңалықтар отандық экономикаға, оның ішінде инфляцияға қалай әсер ететіні, зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалану немесе шетелге әкету қаупі қандай екендігіне де назар аударды. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге, жеке басқарушы компанияларға беруге арналған шарттарға қатысты көптеген сұрақтар қойылды. Депутаттарды азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі кепілдіктерді сақтау мәселесіне және осы саладағы халықаралық тәжірибе ерекше қызықтырғаны белгілі болды.

"Менің ойымша, біздің азаматтарымыздың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мәселелеріндегі сауаттылығын арттыру – маңызды мәселе. Азаматтарымыз алаяқтық схемаларға тартылып кетпесі үшін біз қазір зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беруді қарайтын боламыз. Сондықтан бұл мәселе мұқият пысықталуы керек. Біздің азаматтар өздерінің жинақтарын кімге беретінін және оның болашақтағы қаупі қандай екенін түсінуі тиіс", деді депутат Нұрлан Қылышбаев.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін салымшылардың өз бетінше пайдалануы немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беру тетігінің заңнамалық базасын әзірлеуге қатысқан мемлекеттік органдардың өкілдері салымшылардың өз зейнетақы жинақтарын пайдалана алатын шарттар мен мақсаттарын егжей-тегжейлі сипаттап берді.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін салымшылардың пайдалану тетіктерін әзірлеушілер әзірленген тәсілдер тұрғын үй мәселелерін шешуге және азаматтардың денсаулығын жақсартуға, формальды жұмыспен қамтуды ынталандыруға, медициналық қымбат қызметтердің жекелеген түрлеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге, халықтың сенімі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тартымдылығын арттыруға ықпал етеді деп санайды.

Талқылау нәтижесінде кездесуге қатысушылар азаматтарға қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен жеделдігін арттыру жөнінде уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірледі. Сондай-ақ, зейнетақы жүйесі субъектілері арасында барынша қағазсыз құжат айналымын, қызметтерді цифрландыруды, деректермен электрондық алмасуды қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру ұсынылды. Одан басқа, ұсынымдар уәкілетті институттарды айқындауға және зейнетақы жинақтарын жеке қаржы компанияларының басқаруына беру тетігінің кейбір шарттары мен талаптарын жұмсартуға қарай қайта қарауға қатысты болды.

Отырысқа уәкілетті мемлекеттік органдардың, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және БЖЗҚ өкілдері қатысты.