Тарих • 16 Қазан, 2020

Ұлт тарихының жете зерделенетін тұстары

435 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Пандемия әлегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 30 мамырдағы Үндеуінде тапсырылған Мемлекеттік комиссия құру, ол атқаруға тиіс міндеттерді айқындау ісін созып жіберді. 1920-50 жылдардағы кеңестік соттан тыс қудалау органдарының заңсыз әрекеттеріне қарсылық білдірудің ұлттық спецификасын, әлеуметтік себептерін зерделеп, тұжырымдама қалыптастыру жөнінен құрылған жұмысшы топтың да қызметі созылып бара жатқандай. Осындай жағдайда күн тәртібінен түсіруге жатпайтын мәселеге тағы бір шағын шолу жасауды жөн көріп отырмыз.

Ұлт тарихының жете зерделенетін тұстары

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деп аталып келген алып империя 1991 жылы ыдырады. Әлемнің сая­си картасы егемендік бөркін киген жаңа мемлекеттермен толықтырылды. Солардың бірі біздің еліміз – Қазақстан Республикасы. Сонда тәуелсіздік эйфориясы қанатында, еліміздің жоғарғы халық өкілдігі органы кеңестік дәуірде айтқызылмай келген тарихтағы қаралы кезеңге бірден назар аударған. Дербес ел болу тарихи оқиғасы туғызған қуаныш пен шаттықтың аса қуатты серпілісі нә­тижесінде 31 мамырды тоталитаризм жылдарындағы қасіретті, алапат ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде тұңғыш рет 1992 жылы белгілеген. Өстіп алғашында осы дата аштан опат болған миллиондардың аруа­ғы­на тағзым етіп тұратын күн ретінде заңдастырылған болатын. Сол жылы құрылған Жоғарғы Кеңестің арнайы комиссиясы қазақ халқын ашаршылыққа душар еткен ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы саяси-эконо­ми­калық өзгерістерді зерттеп, сол кезгі солақай реформа бұрмалаулары туғыз­ған қайғы-қасіреті айтып жеткізгісіз ахуалды қазақ халқына жасалған «гено­цид саясатының көрінісі» деп баға­лады (жекелеген тарихшылар оны негі­зі­нен «тек көшпенді қазақты апатқа ұшы­ратқан этноцид» деп түйген). Ко­мис­сия қорытындылары Жоғарғы Кеңес Төралқасының қаулысымен 1992 жыл­ғы 22 желтоқсанда еліміздің екі бас газеті «Егеменді Қазақстан» мен «Казах­станская правда» беттерінде жарияланды. Алайда сонау маңызды құжат бойынша атқарылуға тиіс ешқандай іс-шара жоспары қабылданған жоқ. Тиісінше төрт жыл бойы 31 мамыр бірде-бір рет көз­делген мазмұнына сай мемлекеттік дәрежеде атап өтілмеді. Тек 1997 жылы, м­әселені республикамызда тұратын барша ұлт өкілдерінің татулығы мен келісіміне сабақтастыра қарастырып барып, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деген атау берілгеннен кейін ғана, жыл сайынғы 31 мамырда жаппай саяси репрессия құрбандарын еске алумен бірге ашаршылық қасіреті де жалпылама айтылып жүрді.

Бұл әрине, бүкілхалықтық трагедияны өз дәрежесінде түйсінуге мүмкіндік бермейтін. Осы жайтқа алаңдаған «Әді­лет» тарихи-ағарту қоғамы 2009 жылы әр жылғы 31 мамыр қарсаңындағы жұ­мада ашаршылық құрбандарын ар­найы еске алу шараларын өткізіп тұру­ды ұсынған. Сол кездегі бас муфти Әб­саттар Дербісәлі ұсынысқа сер­гек қол­дау білдіріп, Орталық мешіт­тегі жұма намазында тікелей өзі Ашар­шы­лық тақырыбын арқау еткен өте маз­мұнды уағыз айтқан еді. Әттең, жақ­сы іс жалғасын таппай қалды. Ақыры, 2018 жылдан бері, 31 мамыр – «Сая­си қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бан­дарын еске алу күні» деп атала бас­тады... Жоғарғы Кеңестің 1992 жылғы ко­миссиясы «Отыз екінші жыл» деген қаралы таңбамен халық санасында те­рең із қалдырған, халқымызды шы­бын­ша қырып, жойылып кету қау­пін төн­дірген, қайғы-қасіреті көл-кө­сір ала­пат ашаршылықтың ең ауыр ке­зе­ңін зерттеген еді. Комиссия «қазақ хал­қы 1931-1933 жылдары 2 миллион 200 мың адамынан айрылды, яғни сол шақтағы құрамының 49 пайызын жо­ғалтты» деп көрсеткен болатын. Пре­зидент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәй­кес құрылмақ Мемлекеттік комиссия бұ­ған қоса Түркістан Республикасында 1917–1919 жылдарғы «большевиктердің аштық саясаты» (М. Шоқай) салдарынан дүниеден көшкен 1 миллион 114 мың, Қазақ Республикасында 1921–1923 жыл­дары опат болған тағы 1 мил­лионнан­ астам көшпелі тағдырын есепке алуға тиіс деген ой келеді. Сөйтіп үш мәрте айналып соғып, тікелей төрт жарым мил­лион­ға тарта, ықтимал табиғи өсімнің жо­­ғалтылғанын есепке алғанда он мил­лион­дай жанды жалмаған зұлмат – Ұлт­тық Апат (Ұлттық Катастрофа) тауарихын Мемкомиссия толық қарастырып, оған тарихи, заңдық тұрғыда саяси баға беру­ге се­німді жол салады деп үміт­тенеміз.

Ашаршылық қасіретінен кейін енді ес жия бастаған елді Үлкен террор есең­гіреткені мәлім. Нақты жаппай сая­си қуғын-сүргін Кеңес Одағы Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД-нің) 1937 жылғы 30 шілдеде шығарған
№00447 бұйрығынан бастау алған. Ала­пат зобалаң шақ 1937 жылғы 5 тамыз­дан 1938 жылғы 16 қарашаға дейін со­зылды. Оның сан мың адам өмірін жұт­қан нәтижесін зерттеушілер кеңес өкі­метінің өз халқына қарсы жасаған тер­рорының салдары деп бағалап жүр. Біздің елімізде саяси репрессиялар бай­лардың дүние-мүліктерін тәркілеу жайын­дағы әйгілі декреттің орындалып бо­луының артынша, алашордашылар деп аталған ұлт зиялыларын 1928–1930 жылдары тұтқындап, жазалаудан бас­талған. Ал отыз жетінші жылғы жаппай саяси қуғын-сүргін ұлтымыздың барша қаймағын сыпырып алған еді. Сол жылдың көктемінде ұлан-ғайыр кеңестік кеңістіктің барлық аймағында «халық жаулары мен екіжүзділерді түбірімен қопару және жою» науқаны өріс алған-ды. Күрестің жаңа бағытының мәні: «Троцкишілдерге қарсы күресте қазір ес­кі­ әдістер – дискуссия әдістері керек емес, жаңа әдістер, түп-тамырымен құр­ту, талқандау әдістері керек», – деп тұжы­рымдалған. Мұны жер-жердегі бас шұл­ғығыштар қанағаттана қарсы алған-тын. Сөйткен де, большевизмнің түкпір-түк­п­ірдегі құлдық ұрғыш һәм шаш ал десе басалғыш шолақ белсенділері мен қилы жарамсақ-жағымпаз жақтастары түге­лі­мен сонау «жаңа әдістермен» шұ­ғыл­ қаруланған болатын. Содан барып Үл­кен террор жылдарының ұмытылмас сү­реңсіз суреттері Қазақстанда да орын алған.

«Әділет» ұйымы жинақтаған деректерге қарағанда, 1937 жылы Алматы облы­сында атылғандар саны 440 болса, 1938 жылы мыңнан асып кеткен, Жам­был облысында 1937 жылы 330 адам атылса, 1938 жылы бұл көрсеткіш 510-ға жеткен. Құрбандардың осындай өсуі барлық облыстарда болған. КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы үкімімен тек Алма­ты­да ғана алты жүздей боздақ жендет оғына байланған. Мәселен, 1938 жылғы 15 ақпанда Түркістан (Қоқан) авто­но­миясының, Алашорданың қайраткері, ұстаз, зерттеуші, кеңестік мемлекет және мәдениет қызметкері Қоңырқожа Қожықов атылды. 25 ақпанда атылған 39 адам қатарында азаттық күрескерлері, кеңес өкіметінің мемлекет, ғылым, мәдениет, әдебиет қайраткерлері Санжар Асфендияров, Ғабдолхакім Бөкейханов, Шәкір Дивеев, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Ізмұхан Құрамысов, Сейіт­қали Меңдешев, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Қабылбек Сары­молдаев, Жанайдар Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Жағыпар Сұлтанбеков, Нығметолла Сырғабеков, Қайсар Тәш­ти­тов, Ғаббас Тоғжанов, Мирасбек Төлепов, Зейнолла Төреғожин құрбан болды. 26 ақпанда ішінде Ілияс Жан­сүгіров, Ілияс Қабылов, Асфендияр Кенжин, Сәлемхат Күленов, Сәлімгерей Қаратілеуов, Әзімбай Лекеров, Бейімбет Майлин, Асхат Сейдалин, Жұмат Шанин бар 37 адам атылған. 27 ақпанда 41 адаммен бірге Мағзұм Асанбаев, Борис Берлин, Мерғали Қаділбеков, Сабыр Қапин, Әлкей Өтекин, Владимир Случак, Зарап Темірбеков, Мұхамедияр Тұн­ғашин, Михаил Чудочкин, Телжан Шо­нанов оққа ұшты. 28 ақпанда атылған 40 адамның арасында Бірмұхамед Ай­басов, Әшір Бүркітбаев, Оразалы Жан­досов (ағасы Ораз Жандосов 2 наурызда атылған), Мұхамедияр Жанкин, Мұхтар Саматов, Мұхаметқали Тәтімов болды. 3 наурызда Ибадолла Құлжанов, Мағазы Масанчи, Абдолла Розыбақиев, Рахым Сүгіров… барлығы 38 адам, 7 нау­рызда Нұртаза Ералин, Жұмахан Күдерин, Нұғман Манаев… барлығы 43 адам, 8 наурызда Әбілқайыр Досов, Атлас Кәлменов, Жақсылық Құлтасов, Хакім­жан Нұрымов… барлығы 44 адам, 9 наурызда атылған 37 адам ішінде Әбді­рахман Айсарин, Ахмет Нұралин, Шахзада Шонанова (Қаратаева), Анас Ілиясова бар…

1937 жылдың күзінде Алаштың ар-ожданы атанған Ахмет Байтұрсынов Алматыда, ұлт көшбасшысы Әлихан Бө­кейханов пен араб елінде істеген тұң­ғыш кеңестік елші Нәзір Төреқұлов Мәс­кеуде атылды. Сондай-ақ Мәскеуде 1938 жылғы ерте көктемде ірі мемле­кет қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов, күзге салым Алаш­орда басшыларының бірі Жаһанша Дос­мұхамедов, Ташкентте Мұхамеджан Ты­нышбаев, Омбыда Қошке Кемеңгеров оққа ұшты. Қысқасы, Үлкен террор нау­қаны Қазақ Республикасының жоға­рыда аталған қайраткерлері мен 1939 жылы атылған Левон Мирзоян, Садық Нұрпейісов, Ораз Исаев сынды бас­шыларын да, жоғарғы тізімде аталмаған қоғамның бетке ұстарларын да түгелге жуық жойып жіберді. 1938 жылдың кү­зінде жаппай репрессияға тоқтау са­лынса да, қуғын-сүргін одан бер­гі жыл­дарда да жалғаса берді. Мәселен, Қа­зақстан Республикасы Ұлт­тық қауіп­сіз­дік комитетінің дерегі бойынша, «ха­лық жауларын әшкере­леп» ату Ал­ма­тыда 1946 жылға дейін жүр­гі­зіл­ген.­­ Соңғы мәліметтерге қарағанда, 1937–1946 жылдары атылып, Алматы тү­біндегі «Жаңалық» қорымына кө­міл­ген­ құрбандар саны 4219-ға жет­кен.­­ «Әділет» қоғамы осы қаралы тізім­ді ар­найы кітап етіп шығарды («Аза­лы кі­тап – Книга скорби», 9-басы­лым). Мем­комиссия республика бас­шы­лығын түгелдей жоюдың түпкі сы­рын, әлі де беймәлім тұстары мен ұмыт қалдырылған есімдерді ашып, ре­прессияға ұшырағандардың (осы уа­қыт­та – 120 мың, оның 25 мыңы атылған де­лінетін) жалпы санын дәл анықтап, әділ саяси баға тұжырымдауға тиіс.

2018 жылы Алматы облысы әкім­ді­гінің демеушілігімен «Жаңалықтағы» мемориал кешенінде арнайы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ашылды. Оның негізгі залында репрессия­ тарихын көрсететін тақырыптық экспо­зициялар, арнайы стендтер, репрес­сия­ға ұшырағандар тұтынған түрлі бұйымдарды, қасіретті кезеңнен жеткен қилы заттай естеліктерді назарға ұсы­натын экспонаттар қойылған. Мұра­жай­дың арнаулы бір залы қабырғаларына құрбандар есімі қашалған естелік тақ­та­лар ілінген. Келушілер олар жайындағы ақпараттарды заманауи техника жетіс­тік­тері арқылы сол залда бірден алады. «Әділет» қоғамының қызметін бей­не­лейтін стендтер орналастырылған залда түрлі кездесулер, репрессия құр­бан­дарына арналған еске алу кештері өт­кізіліп, деректі фильмдер көрсетіліп тұрады. Музей мен Қоғам бірлесіп түрлі акциялар өткізуде. Террор жылдары атыл­ғандардың сүйектерін белгісіз, елеусіз қалған қорымдардан әкеліп, кешен аумағына қаралы-салтанатты түр­де қайта жерлеу рәсімін жасап жүр. 30-жылдарғы «бандалар қозғалысы» дейтін теріс баға берілген халықтық көтері­лістерге қатысушыларға жасалған жап­пай репрессияның шындығына жетіп, әділ бағасын беру ісіне атсалысу, қазақ халқы жасанды алапат ашаршылық сал­дарынан бастан кешкен Ұлттық апат кезеңдерін, Екінші жаһандық соғыста ерік­сіз жау қолына түскендердің, «Түр­кістан легионы» қатарында болған­дар­дың қайғылы тағдырларын зерттеу, т.т. тарихи әділеттілікті талап ете­тін акциялар қолға алынуда. Мұндай иман­ды шаралар, сөз жоқ, демократия құн­ды­лықтарын бағалай білетін өскелең буын тәрбиесіне қызмет етеді. Аталған мәсе­лелерге Мемлекеттік комиссия жіті кө­ңіл бөліп, түбегейлі зерттеуді, оларға әділ тарихи, заңи, саяси баға беруді қолға алса деген тілегіміз бар. Бұл ретте, ең алдымен, зерттеу ауқымын Мемлекет басшысының Үндеуінде айтылған мер­зім­мен шектемей, 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси репрессиялар құрбандарын реабилитациялау туралы» заңының бірнеше рет түзетулер мен толықтырулар енгізілген 2018 жылғы 2 шілдедегі нұсқасында ескерілген соңғы кезеңге (1986 жылғы Желтоқсанға бай­ланысты жасалған жазалауларды әділ қарауға) дейін кеңейткен дұрыс бо­лар еді. Мемкомиссияның мынаны­ ескеруі ләзім. Соттан тыс қудалау орган­дарының да, соттардың да заңсыз ше­шім­дері мен іс-әрекеттері тек дөрекі түр­де озбырлықпен бұрмаланған салдармен күресу шарасы болатын. Сол сал­дарларға апарған себептердің ақ-қа­расын ешбір орган сараптаған емес. Қа­зіргі тәуелсіз ел мүддесі тұрғысынан, та­рихи әділеттілік тұрғысынан қарау мақ­сатымен, кешегі енді қайтып оралмайтын таптық мемлекеттің ұлттық ерек­шелікті елемей, жұртты жаппай жа­зықсыз репрессияларға ұшыратқан сола­қай реформалары мен біржақты ше­шімдерін талдап көрсеткен дұрыс болар еді.

Түркі халықтарына ортақ әйгілі азаттық қайраткері Мұстафа Шоқайдың эмиграцияда жүргізген тәуелсіздік үшін күресі, кеңес-герман соғысында тұт­қынға түскен жауынгерлер тағдырына ара түсуі жаңа көзқараспен сарапталып, ұлтымызға қымбат саяси тұлға әділ бағасын алғаны жөн. Германиядағы соғыс тұтқындары ұйымдастырған «Түркістан ұлттық бірлігі», «Түркістан комитеті» ұйымдарының қызметін, олардың соғыс кезіндегі «Милли (ұлттық) әдебиет» – редакторы Қобызшы Қорқыт (Мәжит Айтбаев), «Милли Түркістан» – редакторы Ғали Алтай (Хакім Тыныбеков), «Янги (Жас) Түркістан» – редакторы Абыл Заухи, қызметкері Сайран (Хамза Абдуллин) басылымдарын зерттеу, «Түркістан легионы» жайын жан-жақты қарастыру, онда болғандарды, сондай-ақ жалпы неміс тұтқынына түскендерді соғыстан кейін соттаған істерді қайта қарау, талдап, сараптау және тәуелсіз мемлекет тұрғысынан жаңаша бағалап, ақтау жөн. Советтік жауынгерлердің әскери даярлықтан өткізбей, қарусыз майдан даласына жіберілген және сан мыңдап тұтқынға түскен деректері тиісті бағаларын алған жоқ. «Еңбек армиясы» тарихы да зерттелген жоқ. Мемкомиссия бұларға да жіті назар аударса жақсы болар еді.

Тың көтеру – іс жүзінде қазақ же­рін жаңаша отарлау болды. Қазақ халқы өз елінде 29 пайыз ғана, яғни ұлт­тық азшылық болып қалды. Сол шақ­тағы жағдайға жаңаша көзқараспен қарау қажет. Соғыстан бергі кезеңдегі ке­ңестік режімге қарсылықтарды зерттеу керек. Өзгеше ойлаушылар, дисси­денттер (Махмет Құлмағамбетов, Қал­ша­беков, Хасен Қожахметов, т.б.) және Павлодардағы «Жас ұлан», Қара­ғандыдағы «Есеп», т.б. жасырын ұйым­дар мен оларға қатысқандардың арнайы органдар жүргізген істерін қараған дұ­рыс. Желтоқсан саяси көтерілісіне бай­ланысты сотталғандар мен өзге де (әкім­шілік, партиялық, комсомолдық) жаза тартқандардың істерін сараптап, ақтау қисынын дәйектеу ләзім. Қудалау күллі кеңес билігі бойы жүрді, компартия басқаратын мемлекет жүргізген соңғы жазалау – 1986 жылғы Желтоқсанға қатысушыларға жасалды. Сондықтан да Мемкомиссия жұмысын 1920–1950 жылдармен межеленген мерзімдік ауқыммен шектелмей, күллі советтік дәуірді, яғни Қазан төңкерісінен 1986 жылғы дүрбелеңге дейінгі кезеңді қамтыса оңды болады деген ойдамыз.

Комиссияның жұмысында мынандай тұстарға мән бергені жөн сияқты көрінеді. Большевиктер компартиясы тумысынан, табиғатынан империялық партия болатын. Ұлттық мәселеге ол так­тикалық тұрғыда ғана, негізгі жос­парлаған мақсатына қол жеткізу тә­сілдерінің бірі ретінде ғана көңіл бөлді. Түптің түбінде «кеңес өкіметі», «ұлт­тық республикалар» деген атаулар­ды жарнама ретінде ғана ұстап, іс жү­зінде партияның жарғысына сай, бір ор­талыққа қатаң бағындырылған жаңа империя құрды. Сол жолда ол қазақ ұлт-азаттық қозғалысының мақсат-мүд­десін жоққа шығарды. Халық ішіне таптық сына қағып, ағайындарды өзара жауықтырды. Халық таптық көзқарасты қабыл алғаннан кейін, жалпы мұраты дұрыс депутаттар кеңесінің билігін пар­тия іс жүзінде қуыршаққа айналдыр­ды. Тәуелсіз социалистік мемлекеттер деп есептелетін Республикалар Одағы империялық-партиялық шырмауық­пен шырмалып, унитарлық мемле­кет­ке айналдырылды. Тиісінше, қазақ­тың ұлттық мүддесіне кереғар қилы­ бұрмалаушылықтар жасады. Мем­ле­кет­тік комиссияның жұмысында осы мә­селелер ескеріліп, оларды түбегейлі зерттеу, ғылыми негізделген әділ баға беру жолға қойылса, әр кезеңде жазықсыз жапа шеккен ұлттық қаһармандар тізімі түзілсе, сөйтіп олар жайында заң жобасы жасалып, тәрбиелік мәні зор болатын арнайы Азаттық қаһарманы күні белгіленсе дұрыс болар еді. Президент Қ.Тоқаев Үндеуінің мән-мағынасын терең түсінген жағдайда, құрылмақ Мемлекеттік комиссия тәуелсіздігімізді баянды етуге тиіс осындай игілікті шаруа­лар кешенін батыл қолға алып, жүзеге асырады ғой деп үміттенеміз.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты