Ауыл • 16 Қазан, 2020

Ауыл тұрғындарының табысы артады

542 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жергілікті жұртшылықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында өткен жылы өңірде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» қанатқақты жобасы іске асырылған болатын. Аталған жоба аясында аймақтағы бірқатар ауыл тұрғындары тірлігін тіктеп, шаруасын реттеуге мүмкіндік алды. Мәселен, бұл жобаның 5 бағыты бойынша жалпы 8 млрд 471 млн теңге несие қаражаты игерілген. Сонымен қатар республикалық бюджеттен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы арқылы 7 млн 200 мың теңгеге 2,5 пайызбен 2 489 өтінім қаржыландырылған.

Ауыл тұрғындарының табысы артады

 

Ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында ауыл шаруа­шы­лығы коопера­тив­те­рінің а­йна­лым қаржылары мен ауыл шар­уа­шылығы техникаларына 1 млрд 271 млн теңге несие 5 па­йызбен берілген.

Жалпы, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасына облыстың 10 ауданынан 11 қанатқақты ауылдық округ енген. Мұндағы 25 елді мекендегі 8 564 ауланың 2 478 тұрғыны мен 11 кооператив мү­ше­лері несие алған. Аталған жоба­­ның бірінші бағыты – үй ірге­сіндегі жерді тиімді пай­далану. Осы мақсатта 125,9 млн теңгеге 11 ауыл шаруа­шылығы кооперативі қар­жы­лан­дырылған. Сонымен қатар, 16 жылыжайға 138,1 млн теңге бөлінген. Сол сияқты, аулада мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамыту бо­йынша екінші бағытқа 6 млрд 905 млн теңге бөлініп, оған 44 850 бас мал сатып алынған. Ал, жобаның тұрғындардың ауыл сыртындағы жерлерін тиімді пайдалану сынды үшінші бағыты бойынша 10 325 мың гектар ауыл сыртындағы егістік жерлерді игеру үшін 230,1 млн теңге бөлінген. Төртінші бағыт – ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қажетті құ­рал-жабдықтар, қондыр­ғы­лар мен техникалар сатып алу үшін 191 дана техникаға 1 млрд 006,4 млн теңге қарас­ты­рылған. Сондай-ақ ауыл тұр­ғын­дарының жеке кәсібін ашу сияқты бесінші бағыт бойынша 12 жобаға 64,7 млн теңге бөлінген. Жалпы, бүгінгі таңда іске асырылып отырған 5 бағыт бойынша үй іргесінен 5 182 тонна көкөніс өндірілген. Оның ішінде 1 912,2 тонна қызанақ, 1 024,9 тонна қияр, 41,7 тонна сарымсақ, 1 858 тонна картоп, 180 тонна пияз, 129 тонна жүгері, 89,5 тонна қырыққабат, 105 тонна сәбіз, 224 тонна қауын, 134,4 тонна қарбыз және 493 тонна жоңышқа бар. Сонымен қатар шағын 16 жылыжайдан 16,3 тонна көлемінде өнім жиналған. Ал мал шаруашылығынан 2 808,9 тонна ет, сүт өнімдері алынса, ауыл сыртындағы жерлерді игеруден 17 988 тонна дәнді дақылдар жиналған. Оның ішінде 5 995 тонна арпа, 1 253 тонна бидай, 10 460 тонна көпжылдық шөп және 280 тонна жүгері бар. Жеке кәсіп бағытындағы ашылған цехтарда 16,3 тоннаның өнімдері өндірілген. Мәселен, шұжық цехы 0,4 тонна, ара балы өндірісі 2,2 тонна, кондитерлік цех 5,7 тонна және наубайхана 8 тонна өнім өндірген. Жалпы, орташа есеппен алғанда, атал­ған қанатқақты округтерде шамамен 11,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

Жобаның іске асырылуы барысында өткен жылмен са­лыс­­тырғанда экономикалық тиім­ділігі артқан. Мәселен, былтыр бірінші бағыт бойынша барлық пилоттық ауылдық округтердегі 5 353 аула 603 гектар жерге қамтылса, биыл 932 гектар үй іргесіндегі 7 856 аула қамтылды. Яғни аула 147 пайызға, жер 155 гектарға ұлғайды. Екінші бағыт бойынша өткен жылы пилоттық округ тұрғындарының мал басы 164 918 бас болса, биыл 204 486 басқа дейін көбейген. Ал үшінші бағыт бойынша жобаға қатысқан тұрғындар өткен жылы 7 814 гектар ауыл сыртындағы жерлерді игерген болса, биылғы жоспарға сәйкес 10 мың 325 гектар жер егілуде. Яғни бұл 2 544 гектарға көбейді. Сондай-ақ төртінші бағыт бойынша 191 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Сонымен қатар жобаның іске асырылу барысында өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздар саны 1 129 адамнан 589 адамға дейін немесе 48 пайызға азайған. Жаңадан 589 жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар 490 адамға немесе 32 пайызға кеміген. Яғни 1 539 адамнан 1 049 адамға дейін кеміген. Ал нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 640 адамға, яғни 35 пайызға төмендеген. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар санатындағы 2 238 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақыттарда аталған жобадан жоғары нәтижелер күтілуде. 2 478 отбасын, яғни 13,6 мың адамды тұрақты қосымша табыспен айына қамтамасыз ету келесі жылы 104 мың теңгеге, 2022 жылы айына 156 мың теңгеге, ал 2023 жылдан бастап 200 мың теңгеден жоғарылайды деп жоспарланған. Ал 2022 жылы ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін 4,3 млрд теңгеден 9,3 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарда бар. Сонымен қатар өндірілген өнімді өткеру бо­йынша зәкірлік 13 қайта өңдеу ет және сүт кәсіпорындарының жүктемесін 20-25 пайызға арттыру жұмыстары жүргізілуде.

 

Жамбыл облысы