Әдебиет • 16 Қазан, 2020

Сары ала күз. Сағыныш. Сарыала қаз

3248 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып, елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ та Ерілінің кең жазығында көп бұлаңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңада атқан. Салқын түннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып, шашасына шейін суландырған».

 Мұхтар Әуезов, «Абай жолы»

Сары ала күз. Сағыныш. Сарыала қаз

 Сағыныш маусымы

Құстар қайтып барады. Қоңыр күзде қоңыр әнге салып ұшып барады. Біз төбемізден құстар көшкенде қол бұлғаймыз. Қимаймыз. Құс-өмірдің еркіндігіне мұңая қызығамыз. Сонда бұл өмірде шарасыз адам ғана ма дейсің. Сұп-сұр тіршілікте сопайып өзіміз қаламыз. Және жалғыздық. Сонда ішіңде бір қуыс пайда болғандай сұмдық құлазисың. Өткен-кеткенді бір ойлап, жып-жылы сәттерді мезет еске түсіріп, біртүрлі сағынасың. Кеудеңді үнемі бір сағыныш кернейді де тұрады. Кімді, нені – өзің түсінбейсің. Бар білетінің – құстар қайтып барады.

Қарашада алыстан ұшып жететін самырқұс деген құс бар екен. Бірақ, бір қызығы, біз күрең күзде жұбаныш болып келген самырқұсқа қуанбаймыз. Қайтқан құстардың сызылтып салған мұңды әні әлі де алыстан талықсып естілетін сияқты. Естіліп қана қоймай, іштегі момын-шерді бір толқытып, өзіңді томаға-тұйық күйге түсіреді. Айналаңды сағыныш кезіп жүргендей әр бұрыштан сары мысық сығалайды да тұрады.

Кейде құстар барар жағына біздің іңкәр көңіліміз бен бойдағы бар жылы сезімдерді қоса алып ұшатын сияқты. Әйтпесе неге күзде жер-дүниені көңілсіздік билейді? Неге адамдар себепсіз мұңаяды? Ал кеудеңді ұстасаң, сап-сары сағыныштан басқа ештеңе жоқ. Енді тек сағынамыз. Кімді, нені – тағы білмейміз. Әйтеу, сағынамыз. Күз келді. Сағыныш маусымы басталды.

 

Күзгі романс

Жаз өмірін,

мәз өмірін қысқартып,

Бара жатыр,

бара жатыр құс қайтып...

Жылдың дәл осы мезгілінде қа­зақ даласын тербете әуелейтін һәм қайтқан құстарға қош айтысатын бір ән бар. Ол – қос таланттың дарынынан туған «Құстар қайтып барады» әні. Әр күз сайын біз осы әнмен көктеміне асыққан құстарды шығарып саламыз. Бұл – күздің әні. Бұл – біздің ән.

«Құстар қайтып барадыны» тың­дап отырып, бойыңда түсініксіз бір қимастық пайда болады. Кімді, нені? Бір қарағанда, ұшқан құстарды қимай тұрғандай көрінесің. Ал іштей кеудеңді өткенге, жып-жылы естеліктерге һәм «ұмытылған» жақсы адамдарға деген сағыныш кернеп тұрады. Өмірдің өткінші екенін енді бір ойлағанда әннің қайырмасына терең күрсіне қосы­ласың. Қайтқан құстарға қарап, адамның шарасыздығын амалсыз мойындайсың. «Қос қанат құсқа біткен маған бітсе» деген ән де осындай күзгі көңіл күйде туса керек.

«Құстар қайтып барады» – біздің қоштасу әніміз. Арман әніміз. Ұшқан құстарға «жақсы күндерімді қайтып ала кел» деген үмітке толы сәлем әніміз.

Мезгіл әуеніне айналған құстар әнінің тарихын туған мекенге тағы да күз келгенін ескеріп, айта кетуді жөн көрдік.

1965 жылы – ол кезде «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген өнер қай­раткері» деген атағы бар, сазгер Нұрғиса Тілендиев «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық бағ­дар­ламалардың бас редакторы қыз­метін атқарып жүрген еді. Бірде көңіл­сіз күймен 28 панфиловшылар саябағына барыпты. Сонда көзіне ұшып жүріп, ағашқа келіп қонған тырна түседі. Жаңа қонған тырнаға ағашта отырған басқа құстар, әсіресе қарғалар тыныштық бермепті. Қай­та-қайта шоқып, мазасын алады. Құс­тардың бұл әрекетінен көңілі бұзыл­ған ұлы сазгер: «Адам мен құс­тың өмірі қандай ұқсас» деген ойға келеді. «Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол беріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл жаман ғадет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзіме жас алып, үйге қарай беттедім», деп келген бойда жары Дариға Тілендікелініне айтып береді. Осылайша, саябақтағы оқиғадан қатты әсерленген Нұрғиса Тілендиев «Құстар қайтып барады» әнін жазған екен.

Кейін Тұманбай Молдағалиевке жаңа әннің шығуына ықпал еткен көңілсіз көріністі баяндап, жүрегінде сыз қалдырғанын айтыпты. Көп өтпей-ақ Тұмағаң бұл тебіреністі өлеңге айналдырып, «Құстар қай­тып барады» әні қазақ аспанында қа­лықтай жөнелді. Таланттар үндестігі деген осы шығар, сірә.

Қос жұлдыз – Нұрғиса Тілендиев пен Тұманбай Молдағалиев құс­тармен қоштасу әнінен соң араға бірнеше жыл салып, «қайтқан құс­тарды қайта ұшырып әкелейік» деп бір жақсы әннің музыкасы мен сөзін жазыпты дейді. Ел аузында айтылып жүрген бұл әңгіменің мән-жайын алыс-жақынға сұрау салып, біле алмадық. Бірақ, «Құстар қайтып барадының» жалғасы іспетті саналатын кезекті туынды құс қанатына қондырып көктемді де ала келіпті.

«Құс қайтып оралды Алматыма» – көктемді, жылылықты, жақсылықты күткен барша жұрттың жүдеген көңілін бір серпіп тастаған ән болды. Алматыға оралған құстар бақытты әнге салып, бар қаланы шаттыққа бөледі. Әнді естіген ел құстардың қанатымен сол бір жақсы күндер қайтып келгендей қуанды. Күзде кет­кен арман ән қайта оралды деп жұбанды.

Келеді аспанда құстар қайтып,

Сағыныш арманын

ән ғып айтып.

Алатау, қабылда,

орашы сағымға,

Бақыт деп маған келген, – деп ақбас тауларға жүрекжарды тілегін айтты.

Тағдыры байланған бұл әндермен қос автор күзден өтсең, көктем, құла­зудан соң қуану, сағынудан соң қа­уышу, сәтсіздіктен соң күтпеген жақ­сылықтар қарсы алатынын жет­кізгісі келгендей. Адамдар әу бас­тан жақсылыққа сеніп үйренген ғой. Әрқашан бір бақытқа үміттеніп жүреді. Әр жанның жүрегінде бір ұлы сағыныш бар. Бәлки, адамның кей-кейдегі мағынасыз ғұмырын ұзартатын да осы үміт пен сағыныш шығар. Кім біліпті?..

 

Күзгі идиллия

Күз – ақындардың мезгілі. Күз – жақсы өлеңдердің мезгілі. Лирикалық өлеңдер, тек күзде ғана туатын секілді. Ақын жанын тек күз ғана ұғатын секілді. Ал шығармашылық адамдары жаз бен қыс, көктемге жылы жымиып, күзге ғана сыр ашатын секілді. Біз бәріміз күзді жақсы көреміз. Мейлі, мұңайтса да, жылатса да жек көре алмаймыз. Ал күзгі көңіл күйді ақындарша жырлау қолдан келмейді – бұл да өнерсіздіктен. Тек іштей һәм үнсіз қоңыр күйге салынып, қоңыр әнді ыңылдағандай боламыз. Жапырақ көмген іздерді тамсана басып жүріп өтеміз: жапырағы тоналған тал-қайыңға көңіл айтпаймыз. Ал ақындар күзге адал. Ұғынысады. Шүйіркелеседі. Сырласады. Тіпті, кейде қосыла ән де айтады. Сол үшін де күздің ақын досы көп.

1

Бүгінгідей күздің бір мизамшуақ күнінде бірнеше ақын өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Өйткені күз – өлең оқитын маусым ғой. Құлазыған көңілге медеу болсын, жаураған жаныңызды жылытсын. Һәм бұл жырларды қоңыр күздің сәлемі деп біліңіз.

 

Келіп тұрмын өзім өскен шағылға,

Қоңыр күз бар жанымда.

Бұл ғаламда мені ұғатын – Күз ғана,

Шешем бар-тын, жатыр әне, ол қабырда.

 

Қоңыр күзім үндемейді қу маңдай,

Өңір дей ме бұл қандай.

Мынау жарық дүниеде ол дағы

Досы жоғын енді біліп тұрғандай.

 

«Ол дағы дәл мендей болған сорлы екен».

Неге суық кешегі жаз, кең мекен?

Өмір – өте көңілсіз той.

Жоқ, әлде

Осы тойдан кетіп қалған жөн бе екен?

 

Қимасам да қиянатқа, залалға еш,

Қоңыр күзім, айтсам ба екен саған қош.

Сосын қашан дос табасың, жазған-ау,

Сатпайтын дос, адал дос!

 

Дөңайбат бұлт, дөң асқан жол, дөкір дүз,

Үнсіз ойда отырмыз.

...Иығыма басын үнсіз сүйейді

Жетім күз.

Есенғали РАУШАНОВ

 * * *

Бетегелі бел жүдеп өктем күз кеп,

Құстар қайтып барады көктемді іздеп.

Жапырақтар-жүректер сыбырлайды:

«Сағыныштан сарғайып кеткенбіз» – деп.

Бөгет болмай құстарға тас матаулар,

Көкке қарап кісінеп, қасқа ат аунар.

Биіктіктің қызығын көрмегесін,

Аласарып қалғандай таспа таулар.

Табиғаттың теперіш, тепкісі көп,

Қасқа дала, қайтесің көп кісінеп!

...Ебелектер елбеңдеп жүгіреді

Құспен бірге ұшып-ақ кеткісі кеп.

Естілгенде мұңды әуен түзден – зарық,

Күзден күдер мен де бір үзген ғаріп.

Екі қолды шарасыз жайып көріп,

Құс соңында барамыз біздер қалып.

Сайлар қызғылт,

Қыр күрең – күз желі өпкен,

Туған жерде болған күй бізде де өткен.

...Құмыр-ғұмыр құстарда не арман бар,

Тірісінде көктемін іздеп өткен?!

 Светқали НҰРЖАНОВ

* * *

Тарылып Көктің көңілі бірден,

Тарқады Жердің мастығы.

Көрінбейтұғын өмірі гүлден

Қаланың қайтты жас күні.

 

«Осылай!» – деп жел осқылап берді,

«Айырылдың, – деді, – жазыңнан!»

Қалқиған қала тосты дәптерді

Мұңды өлең ылғи жазылған...

 

Сағыныш өтіп, сабағын қиды,

Жапырақтардың жаны ұшып.

Күлем деп...

Аспан қабағын түйді,

«Күз!» – деді сосын танысып.

 

Аңсай бір күткен асылым – қонақ,

Арманға қарай келіңіз.

Жауратсаң дағы жасылым тонап,

Жек көру қайда-а-а...

Сені, Күз...

Гүлнар САЛЫҚБАЙ

 * * *

...бояуы Аз мезгіл –

Көп нәрсе білетін секілді:

қай құстың – қай жаққа қонарын,

қай бақты – қандай жел тонарын,

қай бұлттың – Жаңбыр боп

жауарын,

қай сұрақ – аларын Жауабын,

қай жарық – ұзақтау жанарын,

қай арық – қай көлге тамарын,

қай теңіз – қай күні шегінен шығарын,

қай жұлдыз – қай түні көгінен

құларын,

қай мұңның – қаншаға жетерін,

қай шаттық – өтерін, кетерін,

қай арман – қай күні орындаларын,

қай сұмның – өлгенше жолын

бағарын,

қай сөздің – қаншалық бекемін,

қай өлең – Ғасырлық екенін...

 

Түнеріп біресе,

біресе күледі күн – несін?

Бұл – Күз ғой:

Білгесін...

 Жанна ЕЛЕУСІЗ

 

 

Топтаманы дайындаған Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan