Қазіргі уақытта кәсіпкер Ынтымақ ауылында қарамағындағы жұмысшыларға арнап он жаңа үй салып жатыр. Жоспар бойынша, баспана құрылысы жаңа жылға дейін толық бітуі тиіс.
Жалпы, аталған шаруа қожалығының ауылдағы басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді түрде ат салысып жүргенін айта кеткен жөн. Мысалы, кәсіпорын жергілікті мектептің шатырын жөндеуге демеушілік етіп, өз қаражатына ауыл жастарына арнап спорт алаңын салып берген.
Табысты кәсіпкер Төлен Шайхиннің шаруашылығы картоп пен дәнді-дақылдар өсірумен айналысады. Бұдан бөлек мал шаруашылығын да дамытып келеді.
Кәсіпкер елді мекеннің болашағын ойлап, уайым жейді.
– Ауылдың дамығанын, адамдардың осында көшіп келгенін қалаймыз. Ауылда проблема деген аз емес. Мектеп жабылмаса екен деп алаңдаймыз. Қазір Ынтымақ ауылында интернет жоқ, ауыл тұрғындары игіліктің осы түрін көптен бері күтіп жүр. Бұл мәселелерді шешуге мемлекет қол ұшын берсе деп тілейміз, – дейді ол.
Қазіргі уақытта Ынтымақ ауылының 300-ге жуық тұрғыны бар. Шаруашылық басшысы ауыл жастарының туған өлке төсінде қалып, еңбек етуі үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасауға бейіл. Алдағы уақытта ол жастар үшін қосымша жұмыс орындарын ашып, оларды баспанамен қамтамасыз етуді қолға алмақшы.
Негізінде, жергілікті атқарушы билік те Ынтымақ ауылын ұмыт қалдырмаған. Биыл мұнда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірқатар жоба іске асыпты. Елді мекенде су құбыры тартылып, ауыл клубының шатыры жөндеуден өткен.
Қарағанды облысы