Қазақстан • 16 Қазан, 2020

Жыл басынан бері 47 қазақстандық шетелге емделуге кеткен

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2020 жылдың басынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комиссиясының шешімі бойынша шетелге емделуге 47 пациентті жіберді: 31 адам қажетті көмекті толық көлемде алды, 16 қазақстандық емделуді жалғастыруда.

Жыл басынан бері 47 қазақстандық шетелге емделуге кеткен

Тағы бес пациент емделуге жолдама күтуде, себебі ауруханаға жатқызу күні кешірек белгіленген.

2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шетелдік клиникалармен 787 млн теңге сомаға шарт жасасты.

Қаражат туыс емес донордан сүйек кемігін транспланттауды жүргізуге, ағзаларды транспланттауға, стереотаксикалық радиотерапияға/радиохирургиялық емдеуге, протондық терапияға бағытталған. Осылайша, шетелде емделетін негізгі аурулар трансплантация, онкогематология және жеке органдардың онкологиясы профильдеріне жатады.

«Қазақстандықтар 2012 жылдан бастап бюджет есебінен шетелге емделуге барады. Бұл бағдарлама біздің елімізде әлі дамымаған немесе өткізілмеген жоғары технологиялық қызмет түрлерін алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін құрылған», - деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

Азаматтарды шетелге емделуге жіберу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Мемлекет сондай-ақ пациенттің және оның алып жүрушілерінің көлік шығындарын өтейді.

Бағдарлама пациенттер жеке қаражаты үшін шетелдік медициналық клиникаларға емделуге баратын жағдайларға қолданылмайды.

Шетелде емдеудің орындылығы туралы мәселені қарау үшін пациент республикалық денсаулық сақтау ұйымына (ҒЗИ, медициналық орталық) жүгінуі қажет, ол пациентті шетелге емделуге жіберу туралы қорытынды шығарады, құжаттар пакетін ӘМСҚ базасында жұмыс істейтін шетелде емдеуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияның жұмыс органының қарауына ұсынады. Жұмыс органы туралы ақпаратты мына сілтеме бойынша табуға болады: https://fms.kz/ru/content/napravlenie-grazhdan-na-lechenie-za-rubezh.

Соңғы шешімді алқалы орган болып табылатын денсаулық сақтау министрлігінің Сараптама комиссиясы қабылдайды. Шетелде ем қабылдауға үміткер пациенттер құжаттарын қарастыру кезеңдерін өз өтінім кодтары арқылы комиссия жұмыс органының бөлімінде қадағалай алады https://info.fms.kz/publicHome/(publicHomeOutlet:WorkBody) Пациенттерге өтінім коды олардың құжаттары жұмыс органына түскен уақытта жұмыс органы қызметкерлерімен беріледі.

Қазақстан Ресей, Беларусь, Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Германия, Испания және т. б. алдыңғы қатарлы бейінді клиникалармен ынтымақтастық орнатқан. Шетелдік медициналық ұйымды таңдаудағы негізгі критерийлер – қажетті емдеу бағдарламасының болуы, емдеудің инновациялық әдістерін пайдалану, баға саясаты.

Бұдан басқа, бұл бағдарлама республикалық медициналық ұйымдар базасында Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық қызметтердің дамуын ынталандырады. Тартылған шетелдік мамандар жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізеді.

Жыл сайын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге 100-ден астам пациент жіберіледі, шетелдік мамандарды тарта отырып, мастер-кластар шеңберінде отандық медициналық ұйымдарда емделуге 30-дан астам пациент жіберіледі.