Аймақтар • 17 Қазан, 2020

Қарағанды облысында сегіз санитарлық бекет қойылады

356 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазан айының 19-жұлдызынан бастап Қарағанды облысының периметрі  бойынша сегіз санитарлық бекет қойылмақшы, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды облысында сегіз санитарлық бекет қойылады

Бұл турасында  жергілікті Saryarqa телеарнасында өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті департаменті басшысының міндетін атқарушы Юрий Залыгин мәлімдеді.

Облыстың Жезқазған, Приозерск қалалары мен Ұлытау, Нұра, Осакаров, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарының кіре берісіне санитарлық бекет қою жөнінде шешім қабылданған. Бұл жерлерде полиция мен медициналық қызметкерлер жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайын тексеріп, кезекшілік ететін болады.

Бұған қоса қалаларда көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістері, лифтілер мен паркингтер тәулігіне кем дегенде екі мәрте профилактикалық дезинфекциялаудан және ылғалды тазалаудан өткізілетін болады. Балалар мен аула алаңдары да күн сайын дезинфекцияланады. Жасы 65-тен асқан егде  адамдарға қозғалысты шектеу ұсынылады.

Штатында 30-дан астам адамы бар мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарда қызметшілердің 50%-ы қашықтан жұмыс форматына көшірілуі тиіс. Шетелге шығатын туристермен ақпараттық жұмысты күшейту талап етіледі.

Елу адамнан аса отыратын орны бар сауда-ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, желілік дүкендерде, қоғамдық тамақтану пункттерінде бейнекамералар орнату ұсынылған. Мұндай қадам ереже бұзушылықтарды нақты уақыт режімінде тіркеу үшін керек екен. Сондай-ақ, өнеркәсіптік кәсіпорындарда, автовокзалдар мен автобекеттерде стационарлық тепловизорлар мен ақылды бейнебақылау жүйелерін орнату талап етіледі.

Жолаушылар көлігіне жүктемені төмендету мақсатында кәсіпорындар мен ұйымдардың сараланған жұмыс кестесі бойынша мәселе шешілетін болады. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары өз қызметкерлерін жұмысқа және үйге жеткізуді ұйымдастыруы керек.

Карантин тәртібі осылайша қатаңдаған кезде еріктілер зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жұмыстарын жандандыратын болады. Маскалық режімнің, санитариялық-дезинфекциялық талаптардың сақталуын бақылау күшейеді.

Брифинг барысында облыстағы бас санитарлық дәрігердің міндетін атқарушы ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын тағы бір мәрте ескертті. Ал караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары сияқты ойын-сауық мекемелерінің, сонымен қатар жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондарының, батуттардың, жабық ғимараттағы кинотеатрлардың, букмекерлік кеңселердің жұмыс істеуіне  әлі де рұқсат етілмеген.

– Вирус әлі де қауіпті. Үйден қажет болмаған жағдайда шықпаңыздар, көпшілік жиналатын жерден аулақ болыңыздар, әлеуметтік қашықтық пен маска режімін сақтаңыздар, деді Юрий Залыгин.

Ал Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев коронавирустың болуы мүмкін екінші толқынына деген өңірдегі даярлықтың қалай өрбіп жатқанынан мәлімет берді.

– Облыста коронавирус инфекциясының жаңа толқынына қарсы күрес даярлығы кең ауқымда жүргізілуде. Мысалы Жезқазған қаласында 200 төсектік жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы науқастарды қабылдауға дайындалуда. Ол модульдік тәсілмен салынған және заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қараша айына қарай Абай, Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында жұқпалы аурулар ауруханаларын қайта құру және жөндеу аяқталады, деп мәлімдеді облыстың бас дәрігері.

Бүгінгі күнде өңірдегі ауруханаларды заманауи медициналық техникамен жабдықтау жалғасуда. Атап айтқанда, 223 ӨЖЖ аппараты, 2400 оттегі концентраторы, 2600 пульсоксиметр, 40 цифрлық рентген аппараты сатып алынған.

Сондай-ақ, медициналық газдарды берудің орталықтандырылған жүйелері орнатылады. Мобильді бригадалар қосымша көліктермен жабдықталған. Компьютерлік томографтар паркі күшейтілуде. ПТР-зертханалар желісі кеңеюде, олардың қуаты тәулігіне 10 000 тестке дейін өсетін көрінеді.

Ержан Нұрлыбаев егде адамдар тобы үшін вирустық инфекцияның маусымдық көтерілуі кезеңінде емханаға барудың қажеті болмайтындай жағдай жасаудың амалдары қарастырылатынын айтты.

 – Қарт адамдарға медициналық қызметтердің көпшілігі үйде көрсетілетін болады. Диспансерлік есепте тұрған барлық пациенттер қаңтарды қосқандағы алдағы үш айға қажетті дәрі-дәрмек қорын алады, деп сендірді Ержан Нұрлыбаев.

Сонымен бірге, облыстың бас дәрігері тұмау мен пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация науқаны аясында 200 мыңға жуық адамның тегін екпе алатынын жеткізді.

Брифингтің соңында Ержан Нұрлыбаев пен  Юрий Залыгин өңір тұрғындарын санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.