Экология • 17 Қазан, 2020

Аймақтық экология департаменттері халықпен кері байланысты күшейтеді

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 Экология, геология және табиғи ресурстары министрі Мағзұм Мырзағалиев аймақтық экологиялық департамент басшыларымен қызметтік кездесу барысында осындай тапсырма  берді. Іс-шарада ведомство басшысы Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлпыхар Жолдасовтың соңғы 9 айдағы жұмыс бойынша есебін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Аймақтық экология департаменттері халықпен кері байланысты күшейтеді

Комитет төрағасының сөзінше  аталған кезеңде Қазақстанда жоғары деңгейдегі ластану және 8 экстремалды жоғары ластану жағдайы тіркелген. Олардың 58-і табиғи, 240-ы техногендік сипаттағы ластанулар. Ауаның негізгі ластаушылары – серовород, шаң және қара күйе. Ал су нысандарында 210 жоғары деңгейлі, 6 экстремалды жоғары деңгейлі ластану жағдайлары тіркеліп отыр. Оған климаттық жағдайлар, ағын суларға түскен тарихи және өндірістік шығарындылар себеп болған.

"Біз су ресурстары мен атмосфералық ауаның экологиялық жағдайын кешенді түрде бақылаймыз. Бұдан бөлек, "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясымен бірге мониторинг жасап, стихиялы свалкаларды жоямыз. Соңғы 9 айда 7632 свалка анықталып, оның 5752-ні көзін құрттық.  Қалдықтардың жиналу жағдайлары көбіне Ақмола облысында байқалды. Сонымен қатар ішкі істер органдарымен, еріктілермен бірге демалыс аумақтарында рейдтер жасап, құқықбұзушылық оқиғаларын тіркедік", деді Зұлпыхар Жолдасов.

Комитет төрағасы қазір қоғаммен кері байланыс жолға қойылғанын атап өтті. Енді азаматтар аумақтық департаменттерге ресми хат арқылы ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да жүгіне алады. Жедел желі қосылғалы бері стихиялы свалкаларға қатысты1000-ға жуық шағым түскен. Жемқорлық құқықбұзушылық бойынша профилактикалық жұмыс тұрақты түрде жүреді.

Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев экологиялық бақылау жұмысында халықпен кері байланыс үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

"Қазір халықпен ашық, сенімге құрылған өзара байланыс құру өте маңызды. Шын мәнінде біз бен қоғамның мүддесі бір: бәріміз таза ауа, экологиялық су үшін, табиғат және жануарларды қорғау үшін күресеміз. Сондықтан жұртшылыққа барынша ашық және әлеуметтік  желіде қолжетімді болып, әр шағым-өтінішке жылдам жауап беріп отыруымыз керек", деді министр.

Сонымен бірге ол тиімді жұмыс жүру үшін нақты KPI белгілеп, қызмет барысында соны басшылыққа алу керектігін тапсырды.

"Нақты индикаторлар мен оған жету мерзімі көрсетілген жоспар жасап, оны бақылауда ұстау керек. Өздеріңіз білетіндей,, қазір Мәжілісте жаңа Экологиялық кодекс жобасы қаралып жатыр. Ол ең маңызды экологиялық проблемаларды шешетін құжат. Жаңа кодекстің маңызды пункттерінің бірі – өндіріске ең озық технологияларды енгізу. Дегенмен ірі кәсіпорындармен табиғатты қорғау шаралары бойынша жұмысты қазірден бастау керек", деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Министр сала қызметкерлерінің жиі семинарларға қатысып, жетекші сарапшы мамандардан сабақ алу арқылы біліктіліктерін арттыру мәселесінің де маңызды екеніне тоқталды.