Қазақстан • 17 Қазан, 2020

Қазақстан мен Түркия ветеринария препараты мен вакцина өндіреді

201 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Түркия Түркістан облысында ветеринария препараты мен вакцина өндіруге келісті, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан мен Түркия ветеринария препараты мен вакцина өндіреді

Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркия Түркістан облысында ветеринария препараты мен вакцина шығаратын зауыт салу туралы құжатқа қол қойылды. Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров Түркияға жұмыс сапары аясында Адыяман қаласындағы "Vеtal Animal Health Products LTD" компаниясының өндіріс нысандарын аралады. Сапархан Омаров зауытта ветеринариялық вакцина, сарысужәне басқа да биопрепарат өндіру барысымен танысты.

"Сапардың қорытындысы бойынша Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшісі Абзал Сапарбекұлы және Адыяман провинциясының губернаторы Махмұт Чухадардың қатысуымен қазақстандық "Vetal Kazakhstan" ЖШС және "Vetal Animal Health Products LTD" компаниясы арасында Түркістан облысында 2021 жылы өндіріс құру туралы инвестициялық жобаны іске асыру бойынша меморандумға қол қойылды", делінген хабарламада.

"Vetal Animal Health Products LTD" компаниясы 1991 жылы құрылған. Ұлыбританияның Pilbright, World Reference Institute және Panvac Reference Institute сияқты зертханалары сертификаттаған 45 түрлі вакцина шығарады. Аталмыш компания ветеринариялық вакцина, сарысу және түрлі биопрепарат өндіретін жалпы ауданы 28 мың шаршы метр заманауи зауытқа ие.

Компания өнімдері Түркия, Иран, БАӘ, Ирак, Пәкістан, Әзербайжан, Украина, Грузия, Франция және т.б. елдерінде қолданылады