Елбасы • 17 Қазан, 2020

Елбасы Әбу-Дабидің тақ мұрагерімен телефон арқылы сөйлесті

145 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы Әбу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Egemen.kz elbasy.kz-ке сілтеме жасап.

Елбасы Әбу-Дабидің тақ мұрагерімен телефон арқылы сөйлесті

Әңгіме барысында Елбасы мен Әбу-Дабидің тақ мұрагері Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің Әбу-Даби қаласына жасаған жұмыс сапарының нәтижелеріне назар аударды.

Сапар аясында Қазақстанда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай химиясы және фармацевтика сияқты салаларда жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру туралы үкіметаралық құжатқа қол қойылған болатын.

Сондай-ақ тараптар қазіргі уақытта қалалық және туристік инфрақұрылымның ауқымды құрылысы жүріп жатқан Түркістанды қайта түлету тақырыбына тоқталды. Соңында Елбасы мен Әбу-Дабидің тақ мұрагері бауырлас екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі тереңдейтініне және кеңейе түсетініне сенім білдірді.