Қазақстан • 18 Қазан, 2020

Елімізде зағиптардың көруіне көмектесетін ерекше аппарат жасалды

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Болашақ» бағдарламасының түлектері Әбділда Шәменов пен Нұрбек Еңсебаев өнертапқыш Ғалымжан Ғабдрешовпен бірлесіп, көзі нашар көретін және зағип жандарды қолдау мақсатында "SEZUAL" стартапын іске қосты. Олар топ мүшелерімен бірлесе бүгінгі таңда әлемде баламасы жоқ бірегей құрылғыны өндіріске енгізумен айналысып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде зағиптардың көруіне көмектесетін ерекше аппарат жасалды

"Болашақ" бағдарламасының арқасында технологиялық инновациялар саласындағы ең батыл идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. "SEZUAL" атты жобамыз нашар көретін және зағип жандарға осы әлемді көруге мүмкіндік береді", дейді Нұрбек Еңсебаев.

Оның айтуынша, аталған девайсты жаппай қолданысқа енгізу зағип адамдарды жұмысқа қабілетті етіп, олардың қоғам дамуына қандай да бір үлес қосуына мүмкіндік береді. "SEZUAL" – бұл зағип адамдарға арналған көмекші құрылғы. Ол көзі нашар көретін және зағип жандарға басқа адамның көмегінсіз жүруге мүмкіндік береді.

Құрылғы белгілі бір шерту қимылдарының көмегімен қоршаған ортадағы нысандармен жоғары импульс арқылы байланыс орнатады. Нәтижесінде айналадағы заттардың пішіні, материалы, оларға дейінгі қашықтық және қозғалыс бағыты туралы ақпарат түседі. Медальон пішінді құрылғыны жасап шығаруға 3 жылға жуық уақыт жұмсалған.

"Тифлоаппаратты жасау – өнертапқыш және біздің команданың идеялық шабыттандырушысы Ғалымжан Ғабдрешовтың идеясы. Алғашында девайс өте ауыр болған еді. Кейін құрылғы одан әрі жетілдіріліп, функционалы кеңейтілді. Аппараттың сыртқы дизайны Әзербайжаннан келген көзі нашар көретін және зағип балалар делегациясының өтініші бойынша өзгертілді. Балалар аппаратқа "Марвел" комикстер сериясының кейіпкері Тони Старктың жүрек пішінін беруді сұрады", дейді "Болашақ" бағдарламасының түлегі.