Спорт • 18 Қазан, 2020

Футбол: "Қайрат" "Астанадан" 11 ұпайға ұзап кетті

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан чемпионатының 13-турында Алматының "Қайраты" Талдықорғанның "Жетісу" командасын ұтты, деп хабарлайды Egemen.kz

 

Футбол: "Қайрат" "Астанадан" 11 ұпайға ұзап кетті

"Жас қыран" стадионында өткен кездесу алматылықтар үшін оңайға соққан жоқ. Бірінші таймда Дмитрий Огайдың шәкірттері 2:0 есебімен алға шықты. Алдымен "Қайраттың" қорғаушысы Айбол Әбікеннің қателігінен кейін Педро Эуженио 7-минутта есеп ашты.

Он минуттан кейін Ғафуржан Сүйімбаевтың артқа берген добын дұрыс тоқтата алмаған Стас Покатилов өз қақпасына гол өткізіп алды. Көп ұзамай 30-минутта «Қайраттың» шабуылшысы Абат Айымбетов есепті қысқартты. Екінші таймда 50-минутта Вагнер Лав 11 метрлік айып добын қақпадан әлдеқайда жоғары тепті. Дегенмен 57-минутта А.Айымбетов таразы басын теңестірді.

Іле-шала өз айып алаңында Адеринсола Эсеоланы шалып құлатқан "Жетісу" қорғаушысы Мейрам Сапанов екінші ескертуін алып, алаңнан қуылды. Бірақ А.Эсеоланың 11 метрліктен добын талдықорғандық клубтың қақпашысы Андрей Шабанов қақшып ала білді.

Бірақ ол 76-минутта Денис Поляковтың тепкен добын қайтара алмады. Екінші таймда "Қайрат" сапында алғаш рет алаңға шыққан 19 жастағы Данияр Үсенов 94-минутта өзінің бірінші голын соғып, есепті 4:2-ге жеткізді.

Бұл матчта өрескел қателікке жол берген Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Стас Покатиловты екінші таймда Данил Устименко алмастырды.

Ойынның екінші кезеңінде алаңға шыққан "Жетісу" футболшысы Аслан Дарабаев екі мәрте ескерту алып, ол да қуылып тынды. Осылайша 32 ұпай жинаған Алексей Шпилевскийдің шәкірттері "Астанадан" 11 ұпайға ұзап кетті. Дегенмен бұл турға қатыспаған елордалықтардың бір ойыны кем. Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионаты қайта жалғасқанын жазған болатынбыз.