Пікір • 19 Қазан, 2020

Адами капитал – экономикалық және әлеуметтік дамудың қозғаушы күші

5354 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту мәселесіне маңыз беріп, басты бағыт етіп ұсынды. Бұл ұлттық саясаттың табиғи ресурстарға сеніп қалмай адами капиталды орнықты дамытуға негізделгені.

Адами капитал – экономикалық және әлеуметтік дамудың қозғаушы күші

Адами капиталдың орнықты эконо­ми­калық дамуға өзіндік, көбінесе автономды әсері бар. Адам капиталы дегеніміз, бұл – алдымен өзі, екіншіден жұмыс беруші және үшіншіден бүкіл қоғам үшін адамға жасалған алғашқы инвестициялар мен ағымдағы шығындардан асып түсетін және басқа да пайдалы әсерлер жасауға мүмкіндік беретін білім, білік және дағдылардың танымдық жиынтығы. Ком­пьютерлік тәжірибе және шет тілдерін білу дағдылары, ізденімпаздық пен та­лап­шылық, үлкен әлеуметтік белсенділік, ыж­даhатты ізденістер еңбек өнімділігіне әсер ететін адами капиталдың негізгі ком­поненттері.

Өткен ғасырдың 70-жылдарында Батыс елдеріндегі жоғары білімнің қарқынды дамуы еңбек нарығының сұранысынан асып, экономикалық құлдырауға алып келеді деген сыншылардың қорқынышы расталмады. Білім консалтинг, заң қызметтері, қаржылық қызметтер және т.б. әлеуметтік қажеттіліктерге жауап беріп, дамыған елдердің ІЖӨ-нің біртіндеп толықтыру элементіне айналды.

Пандемия кезінде алда тұрған бұрын соңды қолға алынып көрмеген тарихи міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті адами капиталды қалыптастыратын білім беру саласының рөлі маңызды. Халыққа білім беру мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің бірі ғана емес, елдің экономикалық дамуының қозғалтқыш күшіне айналуы қажет. Болашақты болжамай, білімнің қоғамдық дамуда атқаратын орны анықталмай, ешқандай стратегия құрылмайды.

Әлеуметтік-экономикалық дамуды ішкі жалпы өнімнің өсуі деп қана емес, халықтың өмір сүру сапасының, әл-ауқатының нақты жоғарылауы деп түсіну керек. Біз үшін ең маңыздысы, эко­но­микалық өсуді жеделдету, технологиялық жаңғырту, әлеуметтік тұрақтылықты және елдің жаһандық позициясын нығайту мақсатында қазақстандық адами капиталды сапалы және сандық жағынан дамыту үшін білім беру саласының әлеуетін арттыру.

Әлемдік ауқымда өрістеп жатқан түбе­гейлі экономикалық процестер адам­дардың қоршаған ортаға әсер етуінен, цифрлы технологиялардың, биоинженерия мен жаңа материалдардың дамуынан туындаған революциялық өзгерістер қарсаңында тұр. Мамандардың айтуынша, 10 жылдан кейін қазіргі жұмыс орындарының кем дегенде 15%-ы жоғалып кетуі де мүмкін. Дәл осындай себептерден экономика салаларындағы пайдакүнемдік еңбек мазмұнының айтарлықтай өзге­руінің, жаңа мамандықтардың пай­да болуының ықтималдығы өте жо­ға­ры. Зерттеушілердің пайымдауын­ша, түбегейлі өзгерістер қоғамдық өмір­дің басқа салаларында, соның ішінде мәде­ниет саласында да болады. Қазіргі жағдайда әлеуметтік жүйелердің дамуы көбіне адамдардың белсенділігімен анықталады. Бұл әлеуметтік ұтқырлықты арттыруды, қоғамдағы ынтымақтастықты күшейтуді қажет етеді. Осы жағдайда ұлттық бәсекеге қабілеттілік көбіне білім беру саласындағы экономикалық саясатқа байланысты. Түптеп келгенде, әлемде білім беру жүйесі негізгі инвестициялық ресурстардың біріне айналуда.

Негізі кеңестік қоғамда қалыптасқан Қазақстанның білім беру әлеуеті өте қуатты. Әлемнің үздік университеттерінің QS халықаралық рейтингіндегі қазақ­стандық жоғары оқу орындар саны 10-ға дейін өсті. Times Higher Education рейтингіне алғаш рет екі қазақстандық жоғары оқу орны кірді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) орта мектептегі білім деңгейін анықтайтын PISA (Programme for International Student Assessment) рейтингін үш жылда бір рет түзеді. Орта мектептегі білім сапасына арналған PISA рейтингінде Қазақстанның орны жоғары. Әлемнің үздік университеттерінің 77 оқулығы қазақ тіліне аударылып, басылып шығарылды. Осы жылдан бастап колледж оқытушылары біліктілік санаттарын көтеріп, біліктілік санаты берілгеннен кейін лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатын болады. Биыл 9 айда Қазақстанда денсаулық сақтауға салынған инвестиция 85,7%-ға артты. Бұл фактілер қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық процестерге де кең қарқын бітіретін сауаттылық, білімділік деңгейінің жоғарылығының ұлттық дамуға нақты әсерінің тұрақтылығын көрсетеді.

Білім беру жүйесі құрған осындай орасан зор әлеует тұрғын халықтың әл-ауқатында көрініс табуы қажет. Көп нәрсені оқытып үйреткенімізбен нәтижеcі жоғары болу үшін оның кейбірі аса қажет емес болар, мүмкін. Өзіміз күнделікті өмірде байқап жүргендей, еңбек өнімділігі тек кәсіби дағдыларға ғана емес, сонымен қатар адамдардың бойындағы туа біткен және өмір бойы жинақтаған қабілеттеріне, жаңа нәрселерді қаншалықты тез игеруіне және жұмыс барысында туындайтын міндеттерді қаншалықты шебер шеше­тініне байланысты.

Әрине, әлдеқашан алынған фундаментальды білім жаңалықтарға тез бейімделуге ықпал етеді. Бірақ жас ұлғайған сайын кез келген қайта құру қиындай түседі. За­манауи және жоғары өнімді жұмыс орындарының жеткіліксіздігі жағдайында қазақстандық тұрғын халықтың формальды жоғары білім әлеуеті толық көлемде капиталдандырылмаған.

Білім беру жүйесі белгілі бір дағды­ларды, білімдер мен көзқарастарды қам­та­масыз етеді. Бірақ олар кейде «сапасыз» болып шығады. Сондықтан экономикалық өсуді жеделдетуге ықпал етпейді немесе уақыт талаптарына сәйкес келмейді, болашаққа емес өткенге бағдарланған болуы мүмкін. Экономика институттарының әлсіздігінің салдарынан туындайтын формальды білімнің жоғары деңгейі мен еңбек өнімділігінің төмендігінен ауқаттылар мен жоқ-жітіктер арасындағы алшақтық өрбиді. Сондай-ақ экономикалық өсуге тосқауыл болатын институционалдық кедергілер: бұрмаланған кәсіпкерлік ынталандыру, бәсекелестікті басу, қоғамның билікке сенімінің төмендеуі, капитал мен несие тартудағы қиындықтар және еңбек нарығының тиімсіздігі.

Еліміздің еңбек нарығындағы адамның жасы мен жалақысы арасындағы байланыс, фактілер және ерекшеліктер қан­дай? Дамыған елдерде жалақы еңбек өті­лінің барлық кезеңінде үдеуі біртін­деп төмендеген қарқынмен монотонды өскендігі туралы көптеген эмпирикалық дәлелдер бар. Бұл құбылыс бірқатар ық­палды экономикалық теориялар көмегімен түсіндіріледі, оның арасында адами капитал теориясы ерекше орын алады.

Алайда аз дамыған елдерде жүр­гі­зілген соңғы зерттеулер мұндай тұжы­рым­дардың әмбебаптығын дәлелдей алмады. Зерттеулер тұжырымы еңбек өтілінің барлық кезеңінде жалақының әрдайым монотонды түрде өсетініне күмән келтіреді. 20 және 30 жас арасындағы адамдардың жалақысының күрт өсуі байқалады. 30 жастан асқан соң жалақы тез төмендей бастайды. Бұл құбылысты адам капита­лының әртүрлі компоненттеріндегі жас ерек­шеліктерінің түбегейлі өзгерістерін талдау арқылы түсіндіруге болады. Фор­мальды білім деңгейі, жоғары білімнен кейінгі оқу мен қайта даярлаудың жоға­ры өсу қарқыны, когнитивті және когни­тивті емес дағдылардың орнықты дамуы, алынған білімдер мен дағдыларды күнделікті жұмыста қолдану дәрежесінің әртүрлілігіне байланысты.

Әдетте дамыған экономикаларда бай­қалған стандарт – жұмыс істейтін адам­дардың еңбекақысы барлық жұмыс өтілі уақытында үдеуі азаятын болса да, монотонды түрде өседі. Бұл ерекшелікті адам капиталы, «ізденіс» және «кейінге қалдырылған сыйақы» теориясы шең­берінде түсіндіруге болады. Елімізде еңбекақы жүйесінде табыстың ең жоғарғы шамасы ерте қалыптасады, оны сақтап тұратын мезгіл қысқа, ал адамның жасы ұлғайған сайын еңбекақы сомасының төменге құлдырауы басталады.

Біз бұл жағдайды Қазақстан эко­но­микасының өтпелі сипатымен және адами капиталды иемдену уақыты бойынша әртүрлі өндірістік қуат қалыптасқан кеңестік және посткеңестік кезеңге бөлі­нумен байланысты құбылыс деп болжаймыз. Еңбек өнімділігі төмен, табысы орташа елдерде адами капиталға инвес­тициялар жалпы білім беру аяқтал­ғаннан кейін көп ұзамай-ақ тоқтап қалуы мүмкін. Бір айта кетерлігі, еңбек нары­ғында қарапайым технологияны қолда­натын жұмыс орындары басым болса, жұмысшыларға өмір бойы жаппай білім алудың қажеті жоқ.

Мәселен, өз деңгейіне сәйкес жарыс­тарға үнемі қатыспайтын спортшы спорттық бәсекеге қабілеттілігін жоғал­тады. Адам капиталына қатысты жағдай да солай: егер адам капиталы толық көлемде және мақсатына сай пайдаланылмаса, онда біраз уақыттан кейін ол эрозияға ұшырайды. Өйткені, адами капитал да барша капитал сияқты. Оны ұқыпты пайдалану қажет.

Егер адамның күнделікті атқарып жүрген жұмысы алған білімін қажет етпесе (шамадан тыс көп білім алғандар), онда диплом жайына қалады, ал артық білім біртіндеп жоғалады. Әрқайсымыз инженердің күзетші немесе такси жүр­гі­зушісі, ал мектеп мұғалімінің сатушы, кү­туші болып жұмыс істей бастағаны, яғни қарапайым мамандықтарға ауысқаны туралы оқиғаларды естіген болармыз. Бұл сәйкессіздік жаппай жоғары білім беретін көптеген елдерге тән.

Пандемия жағдайында адами капиталды дамыту стратегиясы әлемдегі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық шарттарына негізделуі қажет. Пандемия, эпидемиялар, сондай-ақ табиғи апаттар мен террористік актілер мемлекеттің барлық тұрғындарына бір мезетте және бірдей әсер етпейді. Төтенше жағдайларға мемлекеттердің географиялық орны, ауқымы және тұрғын халықтың басқа­ларға ұқсай бермейтін құрылымдық ерек­шеліктері әсер етеді. Әр тарапта әртүрлі. Пандемия түрлі аймақтарда, мемлекеттерде адам көрмеген шапшаңдықпен етек жайып өршісе де оның таралуының түрлі фазасы болады. Өлім-жітім деңгейіндегі айырмашылықтар, елдің және аймақтың ерекшеліктеріне, соның ішінде пандемияға ден қоюдың тиімділігіне байланысты. Әдетте, ірі қалаларда өлім-жітім саны шектен тыс көп. Дәлірек айтсақ, әлемнің үш елінде: Ұлыбритания, Испания және Италияда апатты жағдайдың шегі орташа деңгейден жоғары болды. Сонымен бірге әлемдегі 8 елдің 12 қаласында өлім-жітім саны орташа межеден асып кетті. Пандемияның концентрациясын өлшеу үшін өлім-жітім мөлшерінің ұлттық деңгейдегі қалыпты мөлшерімен ара қатынасын салыстыруға болады. Нақтылар болсақ, COVID-19-дан өлім-жітімнің ең жоғары шамасы 2020 жылдың наурыз айының ортасынан бастап мамыр айының ортасына дейінгі кезеңде Париж қаласындағы өлім-жітімнің санының нормадан асуы жалпы Францияға қара­ғанда 1,4 есе, Мадридте Испаниямен салыс­тырғанда 2 есе, ал Нью-Йоркте АҚШ-қа қарағанда 3,4 есе көп болды. Осыдан эпидемияның күшін, ең алдымен, жекелеген ірі қалалар үшін жан-жақты, байыппен бағалау керек екендігі анық болды.

Егер біз шынымен пандемияның қалай таралып жатқанын түсінгіміз келсе, аймақтар, аудандар мен ірі қалалар бо­йынша деректерді талдауымыз керек. Сонымен бірге COVID-19 кезінде өлім-жітімнің өсу индикаторларының шашырап өзгеруі эпидемияның таралуын тежейтін әкімшілік, санитарлық-гигиеналық және медициналық шаралар жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып жасалуы керек екенін көрсетеді.

Дамыған елдердің 2020 жылдың бірінші жартысында пандемияны тежеудегі енді туындап жатқан ұйымдастырушылық тәжірибесін, техникалық және қаржылық көмектерін кеңінен пайдалану еліміздегі адами капиталды сақтап қалу ісіне оң ықпалын тигізер еді.

Пандемия кезінде нарық қағидалары бойынша ұйымдасқан тәуелсіз әлеуметтік топтардың көңіл күйін уақытша қиын­дық­тардың жетегінде жібермей, халықтың адами капиталын тиімді қолдану керек. Адами капиталды білім беру және денсаулық сақтау саласына тек қана инвестиция құю жолымен тыңайтуға тырысу ұлттық дамуымыздың стратегиялық мақсатына жауап бере алмайды. Енді мемлекеттер үйреншікті үрдістер ауқымында өмір сүре алмайды. Еңбектің цифрлануына байланыс­ты талай нәрсені үйренуге тура келеді.

Тұрғын халықты бизнеске баулымай, нарықтық, инновациялық қызметке икемдемей ұлттық даму жолына түсе алмаймыз және экономикалық дамуды қамтамасыз ете алмаймыз.

Қазақстан экономикасының жеделдете дамуына, азаматтардың әл-ауқатының өсуіне шешуші үлесті тек адам капиталы қоса алады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен дер кезінде қолға алынған демографиялық қиындықтарды да жеңілдету адами капиталды әлеуметтік-экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналдырумен орайлас шешілуі қажет. Адами капиталды – нарықтық құндылық ретінде дамыту ұлттық қауіпсіздіктің де бірден-бір кепілі.

 

Ләззат СПАНҚҰЛОВА,

экономика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономикалық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері

 

АЛМАТЫ