Экономика • 19 Қазан, 2020

Отандық көлікке сұраныс артуда

434 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандықтар жаңа жеңіл автокөліктерді сатып алуға 555,2 млрд теңге жұмсаған. Бұл бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 20,8 пайызға жоғары. Демек, халық мінілген көлікке емес, жаңа техникаға қызығушылық таныта бастады және отандық өнімдерге сұраныс артуда.

Отандық көлікке сұраныс артуда

Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

 

«ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақ­стан автокөлік саласы кәсіп­орын­дары одағының мәліме­тін­ше, осы жылдың тоғыз айында ресми дилерлер арқылы 61 336 автокөлік сатылыпты. Көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,1 пайызға жақсарған.

– Қыркүйек айы нарық үшін қолайлы болды. Өйткені өт­кен айда 9 604 көлік сатылды. Был­тыр дәл осы кезеңде 5 954 кө­лік саудаланған еді. Яғни, көр­сет­кіш 61,3 пайызға жоғары. Қыр­кү­йекте нарықта сатылған көлік­тердің жалпы құны 86,9 млрд теңгеге тең болды. Тамыз айымен салыстырғанда сауда 2,5 пайызға өскен. Еске сала кетейік, тамызда 9 370 автокөлік сатылды, – деді одақтың стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарян.

Тоғыз айда көлік сатып алған­дар­дың 70,6 пайызы немесе 43 312-сі отандық зауыттардың өні­мін таңдаған. Ал импорттың үле­сі – 18 024 көлік. Бұл қаңтар-қыр­кү­йек аралығында сатылған өнім­­дер­дің 29,4 пайызына тең.

Есепті кезеңнің қорытын­ды­сына сүйенсек, ел тұрғындары көбірек таңдаған брендтердің бестігі төмендегідей қалыптасып отыр: Lada (13 496 көлік сатыл­ған), Hyundai (11 509), Toyota (7 841), Ravon (6 548) және KIA (4 689). Бұлардан бөлек, сұра­нысқа ие маркалардың қатарында Chevrolet, GAZ, Renault, Volks­wa­gen және Nissan бар.

Тарқата айтсақ, қазақстан­дықтар тоғыз айда 5 943 Lada Granta, 5 414 Ravon Nexia және 3 338 Toyota Camry сатып алған. Hyun­dai Tucson (3 308) мен Lada Vesta (3 149) модельдеріне қызы­ғу­шылық танытқандар да аз емес.

– Қазақстан нарығындағы ди­лерлік топтың көшін әдет­тегідей «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» холдингі бастап тұр. Тоғыз айда сатылған жаңа көліктердің 30,8 пайызы дәл осы компанияға тиесілі. Екінші орынға «Astana Motors» компаниясы жайғасқан. Оның нарықтағы үлесі қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша 19,5 пайызды құрады. Бестікке «Allur Auto» (үлесі 6 пайыз), «Вираж» (5,8 пайыз) және «Shym Auto» (2,3 пайыз) еніп отыр, – деді А.Мискарян.

Соңғы тоғыз айда сатып алын­ған көліктердің 15 308-і ал­матылықтарға тиесілі. Бұл ара­лықта астаналықтар 11 344 көлік, ал шымкенттіктер 6 059 техника сатып алған.

– Қыркүйек айы жаңа авто­көліктер нарығы үшін де қолай­лы болды. Дәл осы қарқын сақта­латын болса, автодилерлер жылды былтырғы көрсеткіш шамасында аяқтамақ. Сәл-пәл жоғары болуы да ықтимал. Бұл жерде елдегі эпидемиялық жағ­дай мен саладағы іскерлік бел­сен­ділік үлкен маңызға ие, – дейді одақтың стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры.

Еске сала кетейік, былтыр қазақ­стандықтар 71,4 мың жаңа авто­көлік сатып алған болатын. Оған 654,3 млрд теңге жұм­сал­ған. Сатып алушылардың 42,2 мы­ңы отандық көліктерді тізгін­де­ге­нін де атап өткен жөн.

Осы орайда, Қазақстан автобизнес қауымдастығының деректеріне де назар аударуды жөн көрдік. Қауымдастықтың мәліметінше, тамыз айында Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына 20 707 көлік жаңадан тіркелген. Ал қайта тіркелген көліктер­дің саны – 112 533. Бұл көрсет­кіш 2019 жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 16,6 па­йыз­ға жоғары. Нарықтағы белсен­ділікке дилерлердің жаңа авто­көлік­термен толығуы және Арме­ния­дан әкелінген көліктерге сары түс­ті нөмір беру тәртібінің айтар­лықтай жеңілдеуі себеп болған.

– Мамандандырылған халық­қа қызмет көрсету орта­лық­тары карантинге байланысты сәуір айында жабық тұрды. Соның өзінде сегіз айдың ішінде 689 451 көлік тіркеуден өткен. Көрсеткіш 2019 жылдың тамыз айымен салыстырғанда, 17 пайызға артты. Тіркелген көліктердің 268 724-інің қолданыстағы мерзімі 20 жыл­дан асып кеткен. Ал зауыттан шық­қанына үш жыл толмаған жаңа техникалардың үлесі өткен жыл­ға қарағанда 3,1 пайызға өсіп отыр. Қазақстандықтар көбінесе Toyota (107 099 көлік), Lada (94 548), Volkswagen (45 773), Mercedes-Benz (39 442) және Hyundai (32 897) секілді авто­көлік брендтерін тіркеген немесе қайта тіркеуден өткізген, – деді Қазақстан автобизнес қауым­дастығының вице-прези­денті Анар Мақашева.

Оның айтуынша, екінші ай қатарынан сатылым 9 мың көлік­тен асып түсіп отыр. Бірақ на­рық­тың әлеуеті бұдан да жо­ғары көрінеді. Сондықтан қауым­дастық қалған үш айды есепке алғанда, жыл қорытындысы бо­йынша сатылым көлемі 90 мың көліктен асып түседі деп болжам жасауда.

Жалпы, Қазақстандағы авто­көлік өндірісі соңғы он жылда айтарлықтай өсім көрсетті. Дағдарысты та бастан өткергені есімізде. Мәселен, 2010 жылдан бастап бұл салада 130 жаңа машина жасау өндірісі іске қосылып, 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

2015 жылы теңгенің еркін айналымға жіберілуіне байланыс­ты автокөлік өндірісі дағдарысқа ұшырады. 2010 жылы өндіріс көлемі 4 мың көлікті құраса, дағдарыстан бір жыл бұрын, яғни 2014 жылы 40,8 мың көлікке жеткен. Дағдарыстан кейін (2016 жылы) бұл көрсеткіш 7,7 мың көлікке дейін қысқарды.

Үкімет нарықты қолдау мақ­сатында жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын енгізді. Соның нәтижесінде нарық қал­пына келе бастады. 2019 жылдан бастап автокөлік өндірісі нарығы нақты өсім көрсетуге көшті. Яғни, 2010 және 2019 жылдар ара­­лығында өндіріс көлемі 12,5 есе өскен. Өнеркәсіптегі авто­көлік өндірісінің үлесі шамамен 2 пайызға дейін ұлғайды.

Айтпақшы, Қазақстанның автоөнеркәсіп нарығына тағы бір ірі ойыншы кірді. Ол – Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл автокөлік өндіретін зауыты. Жаңа зауыт «Astana Motors» компаниясының еншілес кәсіпорны болып саналады. Зауыт бірінші кезеңде жыл сайын 30 мың көлік шығаруға қауқарлы. Екінші кезеңі іске қосылған соң жылдық өндіріс қуаты 45 мың техникаға дейін жетпек. Кәсіпорын ішкі нарықты ғана қамтымай, өнімдерін ТМД елдеріне экспорттамақ. 

– Коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан дағдарысқа әрі теңге бағамының құбылмалылығына қарамастан, зауыт құрылысын жоспарланған мерзімде, бір жарым жылда аяқ­тадық. Осы жылдың сәуір айын­да зауытта ірі торапты құрас­тыру әдісімен автомобиль­дер өндірісі басталды. 15 қазанда ұсақ торапты құрастыру әдісімен автомобильдер өндіруге арналған цехты іске қосты. Біз барлық міндеттемені толық көлемде орындаймыз және келесі жылдың басында нарыққа ұсақ тораптық әдіспен жиналған алғашқы автомобильдерді ұсынамыз, – деді «Astana Motors» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Жаңа зауытта шамамен 700-дей жұмыс орны құрылады. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 28 млрд теңге. Оның 30 пайызы – «Astana Motors» ком­паниясының қара­жаты, қалған 70 пайызы несиеге алынған. Қарызды «Қазақ­стан­ның даму банкі» АҚ мен «БРК-Лизинг» АҚ ұсынды.