«Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар?!» дейді дана халқымыз. Бетегеміз бен бегімізден бұрын отбасындағы береке кетіп барады. Одан айырылсақ неміз қалмақ, сонда? «Ауруын жасырған өледі» дегендей, мұндай жағымсыз жайттарды бұдан әрі жасыра берудің жайы жоқ. Одан опа таппайтынымыз анық. Алайда зәбір көргендердің көбісі әлімжеттікті айтып арыз түсіруден басын аулақ салады. Неге? Себебі біріншіден, ұят жібермейді. Екіншіден, шаңырағын шайқалтқысы келмейтіндер тағы бар. Көпке күлкі, көзге түрткі болмайық деп шағымданбайды. Мұндайда зорлық-зомбылыққа куә болғандардың да арыз айтып баруына болар еді. Қайткенмен, сырт көз сыншы ғой. Бірақ әрі-беріден соң, әр адамның өз жеке өмірі бар емес пе? Оған көп адамның қол сұққысы келмейді. Ерлі-зайыптылардың арасына түсіп абырой тапқан адамды қолмен көрсетіп көрсеңіз, кәне?
Отбасындағы осы зорлық-зомбылық мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Президент өткен жылы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайту қажеттігін айтқан еді. «Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын», деді Президент.
Мемлекет басшысының тапсырмасы назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Мәжілістегі депутаттар жуырда «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бір ауыздан қолдаған болатын. Бұл заң жобасы ең алдымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру мақсатында әзірленген еді. Бұл қадамға баруға мәжбүрлік итермелегенін айта кету қажет. Себебі еліміздегі «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңға 2009 жылдан бері түрлі өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне қарамастан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкін болмай тұр.
Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова бұл туралы былай дейді: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» деген атауына қарамастан, қолданыстағы заң нормалары көбіне болған оқиғалар мен солардың салдарын анықтауға бағытталған. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын тек полиция ғана, оның үстіне зорлық-зомбылық көрсеткен адамдарға қолданады. Екіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің статистикалық есебі мен мониторингі жүйеге қойылмаған. Ал бұл өз кезегінде қоғам болып күресіп жүрген әлеуметтік әлімжеттіктің нағыз зардабын түсінуге мүмкіндік бермейді. Сол себепті де біз қазір жағдайдың қандай деңгейде екенін бағалай алмай отырмыз. Ол мүмкін алдын алуға болатын бастапқы кезеңде болар, әлде жағдай қатаң шараны қажет ететіндей ушығып тұруы мүмкін».
Иә, алдағы уақытта еліміздегі «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңды «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң алмастыруы әбден мүмкін. Алайда бүгінде бұл тек заң жобасы ғана. Сондықтан үмітті құқық қорғау органдарының тиімді жұмысына, тың шешімдеріне артуға тура келіп отыр. Бұл ретте, тәртіп сақшылары да қарап жатқан жоқ. Ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің өзекті тақырыбы болып отыр. Коммуникация мен әлеуметтік желілердің дамуына байланысты жақын адамдарға қатысты жасалған ауыр қоғамдық резонанс тудырып келеді. Сондықтан бұл бұзушылық үнемі ішкі істер органының назарында. Бұрын мұндай зорлық-зомбылық әрекеттері жасырын болып келген еді. Шаңырағындағы ұрыс-керісті сыртқа шығарғысы келмейтіндер көп болды. Кейін, ақпараттық коммуникацияның дамуымен мұндай жағдайлар көпке белгілі бола бастады. Тез арада құқық қорғау органдарына шағымдануға мүмкіндік пайда болды. 2017 жылдың соңына қарай интернетте, әлеуметтік желілерде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің көбеюіне байланысты белгілі бір статистика жүргізу, оқиғаның анық-қанығына жету жұмыстары қолға алына бастады. Осылайша, 2018 жылдан бастап Бас прокуратурамен бірлесе келе тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықтаудың тәсілін өзгертіп, ведомстволық бақылауды күшейте түстік», деп отыр ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Мұрат Баймұқашев.
Оның айтуынша, сол 2018 жылы бұрынғы тәсіл бойынша 739 бұзушылық анықталса, тәсіл өзгергеннен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері 180-ге көбейіп, бұзушылық саны 919-ға жетіпті. Өткен жылдың өзінде дәл осы мәселе бойынша 1000-нан аса құқық бұзушылық анықталып, ол 2018 жылмен салыстырғанда 14%-ға артқаны белгілі болды. Ал осы жылдың өткен 9 айында құқық бұзушылықтар көрсеткіші небары 0,4%-ға артыпты. Егер, өткен жылдың дәл осы мерзімінде 758 дерек тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш 761-ге жетіпті.
«Бұл құқық бұзушылықтардың жартысынан көбісі мас күйде жасалғаны анықталды. Соған қарамастан, ішімдікке салынып заң бұзушылыққа баратындардың саны 3,4%-ға азайғаны байқалады. Құқық бұзушылықтың 82%-ын жұмыс істемейтіндер жасаса, жапа шеккендердің 53%-ы – әйелдер, 6%-ы – кәмелеттік жасқа толмаған балалар, 40%-ы – әкелерінен, ағаларынан, туыстарынан зәбір көрген ер азаматтар», дейді комитет төрағасы. Осылайша, өткен 9 айда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен елімізде 93 адам көз жұмса (былтыр дәл осы мерзімде – 92 адам), денсаулығына ауыр зақым келгендердің саны өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артып, 296-ға жетіпті (былтыр – 288). Ал денсаулығына орташа зақым келгендердің саны былтыр да, биыл да 258 адамды құрап отыр.
Комитет төрағасының айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің өсіміне биылғы пандемия кезіндегі халықтың оқшаулануы себеп болған секілді. БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, пандемия кезіндегі тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгінде көптеген мемлекеттердің өзекті мәселесіне айналып отырған көрінеді. Өкінішке қарай, мұндай мемлекеттердің қатарында Қазақстан да бар.
«Осы күні полицияның құзырында отбасылық агрессорларға қарсы қолдана алатын нақты тетіктері бар. Осылайша құқық қорғау органдары әлімжеттік танытуға бейім азаматтармен жеке-дара профилактикалық жұмыс жүргізе алады. Жыл басынан бері тұрмыстық құқық бұзушылық фактілері бойынша 19 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 62 мыңнан астам қорғау нұсқамалары шығарылды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар 8 мыңнан астам құқық бұзушының жүріс-тұрысына ерекше талап қойылды. Соның ішінде, 5 мыңнан астам адамға алкоголь өнімдері мен есірткі заттарын қолдануға тыйым салынды. Пандемия жағдайында есепте тұрған азаматтарды қашықтан бақылаудың жаңа тәсілі қолданылды (әлеуметтік мессенжерлер арқылы бейнеқоңырау шалу). Карантин кезеңінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендер үшін еліміздің барлық аймақтарында әкімдіктер қонақүй қорының есебінен уақытша бейімделу орындарын әзірледі. Олардың жалпы саны 200 төсектік орынға жетті», дейді М.Баймұқашев.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдары үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатыпты. Осылайша бүгінде ел аумағында 38 дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұрған көрінеді. Соның ішінде, 29 орталықта паналай тұруға болатын орын бар. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жыл басынан бері аталған орталықтарға 8,5 мыңнан астам адамды жіберіпті.
P.S. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халқымыз. Бала айтқаныңды емес, істегеніңді істемеуші ме еді? Әрине, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Бірақ әкесі баланың өзін, не болмаса оның анасын ұрып жатса оны көрген балдырған күн ертең-ақ әкесінің істегенін істемесіне кім кепіл? Елді елеңдететін де осы жайт. Әлімжеттік – әлекке, ұрыс-керіс – зорлық-зомбылыққа айналып барады. Өзекті өртейтіні де – осы...