Қоғам • 19 Қазан, 2020

Көргені – қорлық, тартқаны – зорлық

2197 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сын­са – жең ішінде» демекші, жал­пақ жұртқа жайыла бермейтін жайт­тар болады ғой. Әсіресе отбасы, ошақ қасындағы оқиғалар көбі­не-көп «жабулы қазан жабулы күйінде» қалатыны белгілі. Сондай оқиғалардың сорақысы – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Өкініштісі сол, әлі жеткен соң әйелін таяқтап, бассыздыққа салынып баласын сабайтындар елімізде күн санап көбейіп барады.

Көргені – қорлық, тартқаны – зорлық

 

«Бетеге кетсе – бел қалар, бек­тер кетсе – ел қалар, берекең кет­се – нең қалар?!» дейді дана халқымыз. Бетегеміз бен бегіміз­ден бұрын отбасындағы береке кетіп барады. Одан айырылсақ неміз қалмақ, сонда? «Ауруын жасырған өледі» дегендей, мұндай жағымсыз жайттарды бұдан әрі жасыра берудің жайы жоқ. Одан опа таппайтынымыз анық. Алайда зәбір көргендердің көбісі әлімжеттікті айтып арыз түсіруден басын аулақ салады. Неге? Себебі бірін­шіден, ұят жібермейді. Екіншіден, шаңырағын шайқалтқысы кел­мейтіндер тағы бар. Көп­ке күл­кі, көзге түрткі болмайық деп ша­­ғым­данбайды. Мұндайда зор­лық-зомбы­лық­қа куә болған­дар­дың да арыз айтып баруына болар еді. Қайткенмен, сырт көз сыншы ғой. Бірақ әрі-беріден соң, әр адамның өз жеке өмірі бар емес пе? Оған көп адамның қол сұққысы келмейді. Ерлі-зайыптылардың арасына түсіп абырой тапқан адамды қолмен көрсетіп көрсеңіз, кәне?

Отбасындағы осы зорлық-зомбылық мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Пре­зидент өткен жылы «Сындарлы қоғам­дық диалог – Қазақстанның тұрақ­ты­лығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жол­дауын­да тұрмыстық зорлық-зом­­былыққа қатысты жазаны­ қа­­тайту қажеттігін айтқан еді. «Біз шамадан тыс қудалау шара­лары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарт­тық. Алайда елімізде ауыр қылмыс­тардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азамат­тардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зор­­лық-зомбылық, педофилия, есірт­кі тарату, адам саудасы, әйел­­дерге қатысты тұрмыстық зор­лық-зомбылық және басқа да ауыр қыл­мыс­тарға, әсіресе, балаларға қатысты қыл­мыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түр­де қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкі­метке тапсырамын», деді Президент.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масы назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Мәжілістегі депу­тат­тар жуырда «Отбасылық-тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қар­сы іс-қимыл туралы»  заң жо­басын бір ауыздан қолдаған болатын. Бұл заң жобасы ең алдымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және ұйым­дастырушылық негіздерін же­тіл­діру мақсатында әзірленген еді. Бұл қадамға баруға мәжбүрлік итермелегенін айта кету қажет. Себебі еліміздегі «Тұр­мыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңға 2009 жылдан бері түрлі өзгерістер мен толық­тырулар енгізілуіне қара­мастан отбасылық-тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкін болмай тұр.

Мәжіліс депутаты Ирина Ун­жа­кова бұл туралы былай дей­ді: «Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық профилактикасы туралы» деген атауына қарамастан, қол­даныстағы заң нормалары көбіне болған оқиғалар мен солардың салдарын анықтауға бағытталған. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зом­былықтың алдын алу шараларын тек полиция ғана, оның үстіне зорлық-зомбылық көрсеткен адамдарға қолданады. Екіншіден, тұр­мыстық зорлық-зомбылық фак­тілерінің статистикалық есе­бі мен мониторингі жүйеге қойыл­маған. Ал бұл өз кезегінде қоғам болып күресіп жүрген әлеуметтік әлімжеттіктің нағыз зардабын тү­сінуге мүмкіндік бермейді. Сол себепті де біз қазір жағдайдың қан­дай деңгейде екенін бағалай алмай отырмыз. Ол мүмкін алдын алуға болатын бастапқы кезеңде болар, әлде жағдай қатаң шараны қажет ететіндей ушығып тұруы мүмкін».

Иә, алдағы уақытта еліміздегі «Тұрмыс­тық зорлық-зомбылық профи­лактикасы туралы» заң­ды «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы»  заң алмастыруы әбден мүмкін. Алайда бүгін­де бұл тек заң жобасы ғана. Сон­дық­тан үмітті құқық қорғау орган­дарының тиімді жұ­мысына, тың шешімдеріне артуға тура келіп отыр. Бұл ретте, тәртіп сақ­шы­­лары да қарап жатқан жоқ. Ауқым­­ды жұмыстар атқарылып жатыр.

«Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық мәсе­лесі Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем­нің өзекті тақыры­бы болып отыр. Ком­муни­кация мен әлеуметтік желілердің дамуына байланысты жақын адамдарға қатысты жасалған ауыр қоғамдық резонанс тудырып келеді. Сон­дық­тан бұл бұзушылық үнемі ішкі істер органының назарында. Бұ­рын мұндай зорлық-зомбылық әрекеттері жасырын болып келген еді. Шаңырағындағы ұрыс-керісті сыртқа шыға­рғысы келмейтіндер көп болды. Кейін, ақпарат­тық коммуникацияның дамуымен мұндай жағдайлар көпке белгілі бола бас­тады. Тез арада құқық қорғау органдарына шағымдануға мүмкіндік пайда болды. 2017 жыл­дың соңына қарай интернетте, әлеу­меттік желілерде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің көбеюін­е байланыс­ты белгілі бір ста­тистика жүргізу, оқиғаның анық-қанығына жету жұмыстары қолға алына бастады. Осылайша, 2018 жылдан бастап Бас прокуратурамен бірлесе келе тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықтаудың тәсілін өзгертіп, ведомстволық бақылауды күшейте түстік», деп отыр ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Мұрат Баймұқашев.

Оның айтуынша, сол 2018 жылы бұрын­ғы тәсіл бойынша 739 бұзушылық анық­талса, тәсіл өзгергеннен кейін тұр­мыстық зорлық-зомбылық фактілері 180-ге көбейіп, бұзушылық саны 919-ға жетіпті. Өткен жылдың өзінде дәл осы мәселе бойынша 1000-нан аса құқық бұзу­­­шылық анықталып, ол 2018 жылмен салыстырғанда 14%-ға арт­қаны белгілі болды. Ал осы жылдың өткен 9 айында құқық бұзушылықтар көр­сет­кіші небары 0,4%-ға артыпты. Егер, өт­кен жылдың дәл осы мерзімінде 758 дерек тіркел­ген болса, биыл бұл көр­сеткіш 761-ге жетіпті.

«Бұл құқық бұзушылықтардың жартысынан көбісі мас күйде жасал­ғаны анық­талды. Со­ған қара­мастан, ішімдікке салынып заң бұзу­шылыққа баратындардың са­ны 3,4%-ға азайғаны байқалады. Құ­қық бұзу­шылықтың 82%-ын жұмыс істемейтіндер жасаса, жапа шеккендердің 53%-ы – әйел­дер, 6%-ы – кәмелеттік жас­қа толмаған бала­лар, 40%-ы – әкелерінен, ағаларынан, туыс­тарынан зәбір көрген ер азаматтар», дейді комитет төрағасы. Осы­лай­ша, өткен 9 айда тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың кесірі­нен елі­мізде 93 адам көз жұмса (был­­тыр дәл осы мерзімде – 92 адам), ден­сау­лығына ауыр зақым кел­ген­дердің саны өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға ар­тып, 296-ға жетіпті (былтыр – 288). Ал ден­сау­лығына орташа зақым кел­ген­дердің саны былтыр да, биыл да 258 адамды құрап отыр.

Комитет төрағасының айтуынша, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық фактілерінің өсімі­не биылғы пан­демия кезіндегі халық­тың оқшау­лануы себеп болған секілді. БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, пандемия кезіндегі тұрмыстық зор­лық-зомбылық бүгінде көп­теген мемлекеттердің өзекті мәсе­лесіне айналып отырған көрі­неді. Өкі­нішке қарай, мұндай мем­лекет­тердің қатарында Қазақстан да бар.

«Осы күні полицияның құзы­рында отбасылық агрессорларға қар­сы қолдана алатын нақты тетік­тері бар. Осылайша құ­қық қор­ғау органдары әлімжеттік та­нытуға бейім азаматтармен жеке-дара профилактикалық жұ­мыс жүргізе ала­ды. Жыл басы­нан бері тұрмыстық құ­қық бұзу­шылық фактілері бойынша 19 мың­­нан астам құқық бұзушы әкім­шілік жауап­кершілікке тартылды. 62 мыңнан астам қорғау нұсқамалары шығарылды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Сонымен қа­тар 8 мыңнан астам құқық бұ­зу­шының жү­ріс-тұрысына ерекше талап қойылды. Соның ішінде, 5 мыңнан астам адамға алкоголь өнімдері мен есірткі заттарын қолдануға тыйым салынды. Пандемия жағдайында есепте тұрған азаматтарды қашық­тан бақылаудың жаңа тәсілі қолда­нылды (әлеуметтік мессенжерлер арқылы бейнеқоңырау шалу). Каран­тин кезеңінде тұр­мыстық зорлық-зомбылық көргендер үшін еліміздің барлық аймақтарында әкім­діктер қонақүй қорының есебінен уа­қытша бейімделу орындарын әзірледі. Олардың жалпы саны 200 төсектік орынға жетті», дейді М.Баймұқашев.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары үкіметтік емес ұйым­дармен тығыз қарым-қатынас орна­тыпты. Осылайша бү­гінде ел аумағында 38 дағдарыс орта­лығы жұмыс істеп тұрған көрінеді. Соның ішін­де, 29 орталықта паналай тұруға болатын орын бар. Құқық қорғау органдарының қыз­мет­керлері жыл басынан бері аталған орта­лықтарға 8,5 мыңнан ас­там адамды жіберіпті.

 

P.S. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халқымыз. Бала айтқаныңды емес, істегеніңді істемеуші ме еді? Әрине, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Бірақ әкесі баланың өзін, не болмаса оның анасын ұрып жатса оны көрген балдырған күн ертең-ақ әкесінің істегенін істемесіне кім кепіл? Елді елеңдететін де осы жайт. Әлімжеттік – әлекке, ұрыс-керіс – зорлық-зомбылыққа айналып барады. Өзекті өртейтіні де – осы...