– Қалалық әкімдіктің басты мақсатының бірі – апатты үйлердің тұрғындарын жайлы әрі жаңа мекенге көшіру. Ең бастысы, тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсартып, жайлы орта қалыптастыруды қолға алып отырмыз. Сол себептен жаңа баспанаға көп жыл бойы кезегін күткен азаматтар қол жеткізіп, жүздеген отбасының өмір сүру сапасы жақсаруда, – дейді қала әкімі Қ.Оразбаев.
Шаһар басшысының айтуынша, биыл жыл басынан бері қаладағы 5 көп қабатты үй мен 4 жатақхананың тұрғындары жайлы пәтерлерге қоныстанды. Осы мақсат үшін тұрғын қорынан 410 пәтер бөлінді. Енді жыл соңына дейін тағы 4 жатақхананың тұрғындарын жаңа баспанамен қамтуға тағы 403 пәтер бөлу жоспарланып отыр.
– Мұндай бағдарлама келесі жылы да жалғасын табады. Өйткені бұл – қалада күрмеулі мәселеге айналған апатты үйлер тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары, – дейді Қ.Оразбаев. – Ескі үйлерді бұзу бағдарламасымен бірге, сол аумақтарға инвесторлар тарту арқылы қолданыстағы инфрақұрылымды пайдалана отырып, шығындарды үнемдеу есебінен сапалы тұрғын үй қорын қалыптастырып, халыққа ұсыну жұмыстары жүргізілетін болады.
Жақында «Нұрсая» шағын ауданында пайдалануға берілген жаңа үйде 240 пәтер бар. Оған алдымен Гагарин көшесіндегі апатты жатақхана тұрғындары көшірілді. Апатты жатақханадан жайлы пәтерге көшкен Танзиля Ғилажева: «Бұған дейінгі көрген қиындықтың бәрін ұмытатын болдық» деп қуанса, көпбалалы ана Жұмагүл Айтуарова: «Баспанаға ие болып, бақыттан басым айналып тұр» деп қуанышын жасыра алмады.
Мұнайлы өңір орталығында жаңадан бой көтерген шағын ауданның қатарында «Береке» де бар. Мұнда «Нұрлы жер» бағдарламасымен бірнеше тұрғын үй бой көтерді. Жақында халықтың әлеуметтік тұрмысы төмен топтарына арналған 72 пәтері бар 9 қабатты үй пайдалануға берілді. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиевтің айтуынша, қазір тұрғын үй кезегінде 21 мың адам тұр. Ал мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен берілген жалдамалы пәтерлердің құны қымбат емес.
– Екі бөлмелі баспана алған тұрғындар айына 7-8 мың теңгеден төлейді. Жыл аяғына дейін тағы да осындай төрт үй пайдалануға беріледі. Сол үйлерден тағы да 300-ге жуық отбасының жаңа баспана алатыны жоспарланып отыр. Жалпы, жыл басынан бері 291 адамға пәтер берілді, – дейді Р.Жолдиев.
Жаңа баспана алу бақытына бөленгендердің қатарындағы Маржан Бурабаеваның қуанышында шек жоқ. Өйткені ол отбасымен бірге пәтер жалдағанына 13 жыл болыпты.
– Біреудің пәтерін жалдаудың машақаты көп. Бір күні «Суды көп пайдаланба, электр энергиясының ақшасы көбейіп кетті, пәтерімді босат» деуі мүмкін. Мұндай сөздерді естісек те, соған шыдап келдік. Өйткені өзіміздің басыбайлы баспанамыз болмады. Біз аз қамтылған отбасылардың санатындамыз. Сондықтан 2008 жылы тұрғын үй кезегіне тіркелдік. Енді міне, екі бөлмелі пәтерге ие болдық. Отбасымызбен бірге қуанып та, толқып та тұрмын. Пәтер бөлмелері кең әрі жарық. Жеделсаты жұмыс істеп тұр, – дейді баспана тауқыметін тартқан Маржан Бурабаева.
Атырау облысы