Пікір • 20 Қазан, 2020

Ұлттың жаңа болмысы

1179 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауы еліміздің дамуының жаңа міндеттерін айқындап берді. Жолдау жүктеген маңызды міндеттердің ішінде халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыруға, ұлт сапасын арттыруға баса мән беру керектігі ерекше аталып өтті.

Ұлттың жаңа болмысы

Жаһандану заманында әлемдегі озық, экономикасы тұрақты мемлекеттердің басты активі – халықтың ұлттық, мәдени құндылықтарынан бастау алған ортақ идеясы екендігіне Президенттің «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру» деген сөзі дәлел.

Мәселен, кейінгі 40 жылда қарапа­йым аграрлы мемлекеттен әлем бо­йынша экспорттаушы мемлекеттердің алдыңғы қатарынан көрініп, экономикасы тұрақты мемлекетке айналған Оңтүстік Корея – бизнес пен билік жасаған мемлекеттік саясатта мәдениет пен тілді қозғаушы күш ретінде ұтымды қолданғанына күллі әлем куә. Бүгінде Корея өзінің тұрақты экономикасының арқасында, ЭЫДҰ құрамына қарыз алушы емес, қарыз беруші ретінде тір­келген жалғыз мемлекет. Басқа мемлекеттер ғасырлап әрең жететін осындай таңғажайып жетістікке аздаған уақытта жетудің сыры короялық «нунчи» философиясында дейді ғалымдар.

«Нунчидің» не екенін білу үшін өзіңізден К-pop (Korean pop – Оңтүстік Кореяда пайда болған музыкалық жанр) әлемде неге әйгілі екенін сұраңыз. Корея экономикалық қарқынымен қатар, мәдени динамо-машинаға айналды. Бір қарағанда, ақылға қонымсыз дү­ние: әндер ағылшын тілінде де емес. Корей тілінде әлемнің екі мемлекеті ғана сөйлейді: Солтүстік және Оңтүстік Корея. Сондай-ақ корейлік косметика кейінгі жылдары Париж бен Лондонның сауда желілерін басып озған. 70 жыл бұрын су құбырлары да болмаған Кореяны алға жетелеген – өзі тұрмақ, басқа халықтардың қажеттілігін көзбен көріп, іштей сезу, сараптау қабілеті.

Қазақстан Президенті Жол­дауында айтып өткен, жоғарыда аталған міндеттерді орындау мақсатында проблеманы көзбен өлшеу, іштей сезу, сарап­тау әдісін – «нунчи» философия­сын қол­данып көрдік. Айта кету керек, көшпенді өмір салтын ұстанып өмір сүрген халқы­мыз­дың руханияты, ғылым-білімі, салт санасы – таста, ғимаратта емес жадында еді. Бұл күнде сол жәдігерлерден ажырап ба­ра жат­қанымыз қай салада болсын көз­ге ай­дан анық көрінеді. Әйтпесе, сол «нун­­чи» философиясын қазақ бір-ақ ауыз сөз­бен «Ымды білмеген – дымды біл­­­мейді» деп айтып кеткен ғой. Осы ф­и­­ло­софияны басшылыққа ала отырып, ең­­бек өнім­­ді­лігін жетілдірудің негізі – ұлт сапа­сын арт­­тыруға, ел экономикасының ішкі-сырт­­­­қы айналымына серпін беруге мүд­­д­е­лі мә­дениет саласы екенін айтқым келеді.

Президент Ким Ен Сам Стивен Спилбергтің «Юра кезеңіндегі парк» фильмінің кассалары бір жарым миллион Hyundai автомобильдерін шетелге сатудан түскен кірістерге тең екенін білгенде мәдениетті дамытудың маңызын түсінген. Содан кейін Корея ел бюджетінің шамамен 1%-ын суб­сидияларға және мәдениет саласындағы компа­ния­­лар мен стартап­тарға төмен пайыздық қарыздарға жұмсай бастаған.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында білімсіздіктің салдарын, проблема ескерілмеген жағдайда мемлекетке тигізетін зардабын болжап, айшықтап берді. «Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді».

Білімсіздіктің салдарын – алысқа бармай-ақ, статистикадағы мәліметтерге көз жүгіртіп шығу арқылы да түсіне аламыз. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерек­тері бойынша 2019 жылы 15-29 жас аралығындағы 887 қазақстандық суи­цид жасауға шешім қабылдаған. 2020 жы­лы жастар арасында өлім саны күрт өсті, бұл туралы Парламент депутаттары Үкіметке хабарлады. ДСҰ деректері бойынша Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша әлемде үшінші орын алады және Орталық Азия елдері арасында алдыңғы орында тұр.

Әлеуметтану магистрі Татьяна Рез­вуш­­­кина бұл трагедиялық көрсеткіш­тер – қоғамда шешімін таппаған проб­леманың бар екенін және ол тақырып елімізде зерттелмегенін айтады.

Жастардың суицидке баруына итермелейтін отбасылық, материал­дық, психологиялық факторлардан бөлек, тұлғалық қалыптасудағы пробле­ма­лар­дың қоғамдағы сценарийіне назар аудардым. Тал бесіктен санасында қалыптасқан ойлау үлгісі, мәдени, эмоциялық, психикалық, генетикалық ерекшеліктердің компоненті, дүние­танымы, тілі, ділі жаңа қоғамда жарам­сыз екенін сездіріп, сыртқы фактор­лардың (ақпараттық ағын, тренд, тен­денция) соққысы табиғи, рухани құнды­лықтарға қолайсыз вирустық фотосинтез құбылысына қамайды. Басқа елдер­дің экономикалық тиімділікке негіздеп жасаған жат мәдениетіне, өмір салтына ілесе алмау, қалыпты өмір салтының жетістікке жеткізбейтінін сезіну – өзіне деген сенімділікті жоғалтады. Азаматтар тұлғалық нигилизмге ұшырайды.

Конституциямыздағы 1-баптың 1-тармағында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі» деген тұжырым аталған проблеманы шешуге үлкен негіз деп ойлаймын. Мәселен, халлю (корейлік толқын) тек телешоуларды ғана емес, сонымен қатар ұлттық тағам, киім, тілді де таратады. Бұл құбылыс елдің саяси және экономикалық мүдделерін алға тартатын «жұмсақ күштің» (soft power) тамаша құралы болып саналады.

Бангкок университетінің профессоры Ворасуан Дуангчинда жастар туралы былай дейді: «Олар корей драмаларын көре бастайды, содан кейін корей ұлдарының әндерін айтады. Содан кейін олар бүкіл корей тілінің жанкүйерлері болады – тамақ, мәдениет. Менің көптеген сту­дент­­ім корей тілін үйретеді, өйткені олар корейлік сериал мен музыканы ұнатады».

Жастардың қалыптасып өсуіне сырт­қы, вирустық емес, табиғи, таза, ұлттық фотосинтез үрдісін ұйымдастыру тура­лы бастамама Мемлекет басшысы­ның «Кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады», деген сөзін темірқазық етіп алдым.

 

Салтанат Қайырбек,

филолог, ақын