Б. Атамқұлов атап өткендей, 9 айдың қорытындысы бойынша фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 39,8% өсті.
"Өсім "СК-Фармация" бірыңғай дистрибьюторы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің ұлғаюымен қамтамасыз етілді», — деді министр. Еліміздің фармацевтика өнеркәсібінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруді 96 кәсіпорын жүзеге асырады. Бүгінде отандық тауар өндірушілер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 5 042 мың атауына 88 ұзақ мерзімді шарт жасады. Отандық кәсіпорындар тәулік сайын 900 мың маска шығаруда. Қоймаларда 18 млн маска бар. Бұл ретте, кәсіпорындардың өндіріс қуаттылығы тәулігіне 1,2 млн данаға дейін медицина маскасын шығаруға мүмкіндік береді. Күн сайын 330 мың жұп перчатка шығарылады. Қоймаларда 7 млн аса жұп перчатка бар. Ағымдағы жылдың қараша айында оның қуаттылығы тәулігіне 530 мың жұпқа дейін ұлғайтылатын болады. Бүгінде 6 отандық компания айына 504 мың қорғаныс костюмін шығарады. Жыл соңына дейін оның қуаттылығы 1 млн дейін арттырылатын болады. «Індеттің екінші толқыны жағдайында фармацевтика саласының кәсіпорындары дәрілік заттардың қажетті көлемін қамтамасыз етуге дайын", — деді Б. Атамқұлов.