Аймақтар • 20 Қазан, 2020

Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы басталды

747 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін түркі әлемі ғылымы, әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал етуді көздейтін Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы басталды. Осымен жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан басқосудың ашылу рәсімі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің YouTube желісіндегі ресми арнасында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz аталған оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы басталды

Биылғы шара "Ортақ түркі тарихының жазылуы" тақырыбына арналып отыр. Үш күнге жалғасатын жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Башқұртстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу ұйымдарының ғалымдары қатысады.

Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кар "жаһандану үдерісіндегі түркі жұртының дамуы үшін не істелу керек жəне оған кедергі болатын қандай себептер бар?" деген маңызды сауал төңірегінде пайымды пікірін білдірді.

– Түркі əлемін зерттеу – рухани бренд. Жаһандық күрестің ортасында тұрған түркі халықтарының мүдделерін ортақтастыру арқылы бірлігі мен тыныштығын сақтап, ынтымақтастығын əртараптандыра отырып нығаюын, тарихтағы түркі халықтарына жасалған зұлымдықтың, қырғын мен мəдени геноцидтерді пайдаланбауын қамтамасыз етуіміз керек. Мың пікірден гөрі ортақтасып шешкен бір пікір артық. Ақпарат тудыратын, сол тудырған ақпаратты өнімге айналдыра білетін, жаһандық бір күшке ие бола алатын белсенді күшке айналу үшін ұмтылудамыз, – деді Мухсин Кар.

Ал Әзербайжанның Баку Еуразия университетінің ректоры Назым Хюсейнли  түркі əлеміне шамшырақ болу үшін жұмыла жұмыс істеп жүрген бауырлас халықтардың баршасы жетінші симпозиумда да тың ұсыныс, құнды пікір мен жаңа ғылыми тұжырымдамалар жасалатынына сенім білдірді.

– Симпозиум жұмысы "Әл-Фараби", "Абай", "Исмаил Гаспралы", "Ахмет Байтұрсынұлы", "Мұстафа Шоқай", "Физули", "Шыңғыс Айтматов", "Ахмед Джевад", "Әлішер Науаи", "Карабах", "Зия Гёкальп", "Шахрияр", "Эркин Вахидов", "Зәки Валидов (Тоған)", "Гянджеви", "Омер Сейфеддин" және "Молла Панах Вагиф" секциялары бойынша жүргізілмек, – дейді Қыздар университетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

Ашылу рәсімінде дәстүрлі жиынның өтуіне ұйытқы болған аталған мемлекеттердегі жоғары оқу орындарының ректорлары құттықтау жолдап, симпозиум жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова алқалы басқосудың түбі бір түрік халықтарының ынтымақтастығын дамытуға тың серпін беріп отырғанын айтты.

– Түркі дүниесіне ортақ құндылықтың бірі де бірегейі – ғылым. Бауырлас елдердің төл тарихына үңілер болсақ, түркі әлемінен шыққан ғалымдар әлемдік ғылымның шамшырағын жағып, жаһандық өркениеттің өрістеуіне елеулі үлес қосты. Бір бұл ғана емес. Түркі дүниесі әлемдік өнер мен мәдениеттің және сауданың қарышты дамып, гүлденуіне жол ашты. Бүгінде бабадан балаға жалғасып келе жатқан алтын арқауды үзбеу мақсатында және тегі бір, тамыры ортақ туыстас халықтардың ғылымдағы өзара ынтымақтастығын одан әрмен нығайту орайында Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өткізіліп келеді. Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінен бастау алған тағылым аларлық алқалы жиынның жыл өткен сайын ауқымы кеңеюде. Ағартушы Исмаил Гаспринскийдің "Тілде, пікірде, істе – бірлік" деген ұлағатқа айналған сөзінің өміршеңдігі айқын дәлелденуде, – деді Гаухар Алдамбергенова.

Симпозиумның ашылу рәсімінің соңы жоғары оқу орындары өнерпаздарының онлайн концертіне ұласты.