Руханият • 21 Қазан, 2020

Алла Елшін Қасымхан Шадияровтың қызы болуы мүмкін бе?

3825 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біз бұған дейін де әлемдік Сән индустриясының тарихынан ойып тұрып орын алған қазақ қызы туралы қалам тербеген едік. Бізге осы тақырыпқа тағы да оралудың сәті түсіп тұр. Биыл қазан айында Шанхайда «Christian Dior: Designer of Dreams» тақырыбындағы тамаша көрме табысты өтті. Көрменің басты кейіпкері – Харбинде туып, Шанхайдан Францияға 10 жасында шешесімен бірге аттанып, уақыт өте келе Еуропаның жарық жұлдызына айналған Алла Елшін еді.

Алла Елшін Қасымхан Шадияровтың қызы болуы мүмкін бе?

 

Және биыл жазда карантин талаптары босаңсыған кезде Париж­дегі «Диор» сән үйінде «Алла – Диор­дың шығыс маржаны» деректі филь­мі көрсетілді. Біз бұл туралы «Алла Диордың музасы» жобасын тыным­сыз жүргізіп, дерек жинап жүр­ген Франциядағы қазақтар қа­уым­дас­ты­ғының президенті (АКФ) Берлин Иришев арқылы біліп отырмыз.

Жиырма жыл бойы әйгілі Крис­­тиан Диордың табыс тұмары бол­ған Алла Елшін жайлы деректі фильм көр­сетіліміне Диор үйінің сарап­шы­лары қатысып, пікір айтып, көзқарасын білдірген. Айналып келгенде жанкеш­тілікпен еңбек еткен Берлин Иришевтің түсіру тобы Алла Елшіннің тағдырына қатысты толық тарихи әділеттілік орнатты десе де болады. Француздар Алла Қуантқанқызының қазақ екенін мойын­дады, қытай халқы таласқан жоқ, орыстар жиеніміз деп отыр.

«Біраз уақытқа дейін батыс бас­па­сөзінің біздің Аллаға қатысты көз­қарасы біржақты болмады. Әртүрлі әңгімелер айтылды. Алланың шын болмысын ашуға 70 жыл кетті. Бірақ уақыт өтіп, ұрпақ ауысқан сайын тарих та көмескіленіп, ұмытыла бастайды екен. Біздің Алланың да та­­рих қалтарыстарында ұмытылуы әбден мүм­кін еді», дейді Бер­лин Иришев.

Өмірде кездей­соқ­тық деген бол­майды. Алланың екінші өмі­рін­дегі шын­дық Фран­цияда тұратын қазақ азаматы Берлин Ири­шев­тің Алланың суре­тімен кездескен сә­тінде ашылуын күтіп тұр­ған шығар. Біздің Бер­­линнің Алланың су­ретін Париждің бір бұ­рышында кездестіруі де мистикалық құбы­лысқа көбірек ұқсайды.

«Бірақ біздің жобамыз Алланың көзін көргендерді іздестіріп, тапты. Олардың есте­лігімен Алла жайлы деректер қайта жаңғырды. Біз Алла жайлы жобаны пандемияға дейін қолға алып, аяқтап үлгір­генімізге қуаныштымыз. Алланы осы­ған дейін тарихи мекені Қазақстанға апарып, ата-бабасының ме­кенімен таныс­­тыр­ғанымызды білесіз­дер», дейді Бер­лин Иришев.

«Алла Диор үйінде алғашқы құ­рылған жылы пайда болған және көп­шілікті мойындатқан модель ретін­де бірден подиумға көтеріле алды. Ол Крис­тиан Диордың мар­ке­тинг­тік стра­тегия­сында бас­ты рөл атқарып, табыс әкелгені аз айтылмайды. Алла жай­лы ақиқат пікірді франциялық Дже­ром Готье айтып, оны басқалар да қол­да­ды. Жаңадан табылған деректер мен құ­жат­тар бойынша көптеген сұрақтарға жауап берілді», дейді Бер­лин Иришев.

Қазақ қызы текті сұлу­лығы емес, сонымен қатар үзіліп кетердей әсер қалдыратын қыпша белі­мен де танымал болды. Шығармашылық мансабының бүкіл кезеңінде Алланың белі 47-49 сантиметрден айнымай, оны өз­гелерден ерекшелендіріп тұрды. Сілеу­сін көз, қиғаш қасты қолдан жасаса да, «құмырсқа бел» Аллаға еліктеген та­лай аруға тек арман күйінде қала берді.

Сонымен Диордың жетекші мо­делін Парижге қай жазмыш жетектеп келген десеңіз, Алланың әкесі Қуантқан 1897 жылы Верный қала­сында (Алматы) ауқатты отбасында дүниеге келеді. Әкесі туралы Алланың өз аузынан жа­­зып алған шетелдік журналистер оны бір жерде «Хуанхал», енді бір жерде «Жуанхан» деп түртіп алса керек. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары инже­нер мамандығын алған Қуантқан солтүстік шығыс Қытайға, жоғарыда айтып отырғанымыздай, Харбинде 1891 жылы басталған әлем­дегі ең ұзын темір жолдың құрылысына аттана­ды. Сол жерде Алланың шешесі Тама­раны тағдыр жолықтырып, өзінен 13 жас кіші, 16 жастағы жап-жас қызға үйле­неді. Дүниеге келген нәрестеге Алла деген есім беріледі. Бұл ат еке­уіне де ор­тақ болатын.

Көп ұзамай Маньчжурияда жапон интервенциясының басталуы олардың өмірін мүлде басқа арнаға бұрып әкетеді. 1935 жылы Қуантқан отбасын темір жол арқылы Шанхайға алып ке­туге әрекет жасайды. Осы сапарда атыс болып, Тамараның әпкесі қайтыс болады. Ал Қуантқан әйелі мен қызын Францияға кетіп бара жатқан Норвегия кемесіне отырғызып үлгереді.

Өкінішке қарай, Қуантқанның кейінгі тағдыры беймағлұм. 1936-37 жыл­дары большевиктердің қолынан қаза табуы мүмкін немесе Қараған­дыдағы ГУЛАГ құрбаны болды-ау деген дәйексіз болжамдар ғана бар.

Алайда Алла Қуантқанқызының өмірі туралы фактілерді жинау оңай болған жоқ. Алланың жүзін бейнелеген картиналар ғана емес, Алла туралы деректер қымбатқа сатылды. Соған қарамастан,зерттеуді тоқтатпаған шы­ғар­машылық топтың әрекетін өнерге деген жанкешті адалдық деп бағалауға болады.

Осыған дейін Берлин Кенже­тай­ұлымен Алла Елшіннің әкесі туралы тың дерек табылғаны жайлы әң­гімелесудің сәті түскен-ді. Берлин Иришев әлеу­меттік желіде Қуант­­­қан Елшіннің Харбинде болған кезі өзі­міздің Қасымхан Шадияровтың да сол өңірде болған кезеңмен сәйкес келгенін жазғаны жұртқа көп ой салып отыр.

Демек, Қуантқан Елшін – Мұхамед­жан Тынышбаев тәрізді инженерияны игерген санаулы қазақтың бірі. Тарихты індете қазсақ, Ресей не­месе Қытай мұ­ражайларынан ол жайлы дерек­тердің шығуы әбден мүм­кін. Сол сәтте жур­на­лис­терге тән қызығу­шы­лықпен «Қуантқан Елшін мен Қасымхан Шадияровтың арасында бір байланыс болуы әбден мүмкін ғой» деп сұрағанымызда: «Әбден мүмкін. Бұл тарих. Алла Елшіннің тарихы қуғын-сүргінде шетел асып кеткен қазақ азамат­тарының ұрпақтарының тағдыры. Олар жайлы әлі талай дүние жазылады. Кино таспаланады. Алла Елшін туралы деректі фильм солардың алғашқысы», деп жауап берген.

Харбин Қытай мен КСРО арасында буфер аймақ міндетін атқарып тұрған 1930 жылдары Қазақстанда Түрксіб темір жолы басталған кезде оның әсері Харбинде де болған. Демек, дәл сол кезеңде Харбинге КСРО атынан инженер ретінде аттанған Қуантқан Елшін де қазақ тарихында іздеушісі болмаған айтулы тұлға. Демек, сәтін салса алдағы уақытта Қуантқан мен оның қызы Алла Елшін бейнелері «Атаманның ақыры», «Трансібір экспресі» сынды кино-жобаға сұранып тұрған тақырып.

«Біз өз тарапымыздан ДИОР үйінің тамаша ұжымына жобаны жүзеге асыру барысында тығыз байланыс орнатып, кеңес бергені үшін алғыс білдірдік. Жалпы әлемде Сән падишалары туралы аңыз көп. Бірақ халық тек деректі құжаттарға ғана сенеді. Біз тарихи деректерге басымдық бердік. Сол себепті бізді Алланың өмір тарихын зерттеген тұңғыш топ ретінде таниды. Қуантқан мен Алла Елшін жайлы тың деректерді іздеу алдағы уақытта да жалғаса береді.

Біз тек жарқын сұлулығымен ғана емес, сонымен қатар парасаттылығымен және тапқырлығымен ерекшеленетін дарынды жастарымыз үшін шымылдық көтердік. Өздеріңізді індеттен сақта­ңыздар. Біз бен сіздерді күтіп тұрған әсерлі жаңалықтар өте көп» дейді Берлин Иришев.

 

АЛМАТЫ