Тағайындау • 21 Қазан, 2020

Түркістан облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арман Сәбитов Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс активімен өткен жиында жаңа орынбасарының жауапты басшылық лауазымдарда үлкен жұмыс тәжірибесі бар екенін атап өтіп, қызметіне сәттілік тіледі.

Арман Сәбитов 1984 жылы Шымкент қаласында туған, білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің аспирантурасын бітірген. Мамандығы бойынша экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік аудитор. Еңбек жолын "Азаматаудит" ЖШС аудиторлық мекемесінде аудитордың ассистенті болып бастаған.

2004-2011 жылдары аудитордың аға ассистенті, менеджер-жоба басқарушысы, Алматы қаласындағы өкілдік басқарушысы лауазымдарын атқарған.

2011-2016 жылдары Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі болған.

2016 жылдың желтоқсан айынан бастап ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған.

2017-2019 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, одан әрі Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын басқарған.

2019 жылдан бері Президент әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің Мемлекеттік Инспекторы, Президент әкімшілігінің Мемлекеттік Инспекторы қызметтерін атқарып келген. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұған дейін бұл қызметті атқарып келген Жолдымұрат Ермұханұлы Аманбаевқа құрмет көрсетіп, зейнет демалысына шығарып салды. 40 жылдан астам уақыт әр салада абыройлы қызмет атқарғанын айтып, асқаралы 63 жасымен құттықтады.

"Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және азаматтық қасиетіңіз сізді қатардағы ферма жұмысшысынан Қазақ еліне танымал саяси қайраткер, қаржы саласының майталманы, облыс әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтерді. Еліміздің жаңа астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының жаңа кейіпке еніп, қалыптасуы жолында өзіңіздей іскер азаматпен әріптес болғаныма қуаныштымын. Дамудың жаңа биігіне қол жеткізген Түркістанның түрленуі жолында аянбай еңбек еттіңіз. Отанымыздың өркендеуі мен Түркістанның баянды болашағы жолында әлі де талай ел сүйсінер елеулі істер атқаратыныңызға кәміл сенемін", - деді облыс басшысы.