Дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қорына қатысатын 100-ден астам дәріхана белгіленген. Олардың қоймасында 32 түрлі дәрі қоры сақталады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 317 миллион теңге бөлінген. Қаржы операторларға беріледі. Олар өз кезегінде осы қаржыға алынған дәріні дәріханалар жүйесіне жеткізетін болады. Өңірдегі мониторингтік топтар дәрі-дәрмектің белгіленген шектік бағадан аспай сатылуын қадағалайды.
Облыстағы медициналық ұйымдарда COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры қалыптасты. Жалпы облыс аумағында 557 бөлшек сауда дәріханалары қызмет атқарады. Оның 238-мен өзара әрекеттесу туралы Меморандумға қол қойылды.
Оттегі станциясының саны 2 есе артты. Жаңадан қосымша 4 станция орнатылып, жалпы саны 8-ге жетті. Сондай-ақ 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды.
Облыстық бюджет есебінен 1 жаңа компьютерлік томограф пен 3 сандық рентген аппараттары орнатылды. ПТР зертханаларының саны 3 бірліктен 9 бірлікке дейін өсті. Сонымен қатар, 12 бірлік жылжымалы медициналық кешен жиынтығы сатып алынды. Нәтижесінде жылжымалы медициналық кешенмен аудандарды қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ды құрайтын болады.
Жедел-жәрдем қызметіне 122 автокөлік сатып алу жоспарлануда. Бұл автокөліктер жедел-жәрдем қызметі паркін 96%-ға жаңартуға мүмкіндік береді.